7 Қараша, 09:55 306 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Мінезсіз ұл, қылықсыз қыз: Қазақ қоғамында трансгендерлер қайдан пайда болды?

Қазір медицинаның қарыштап дамығаны соншалық, шипасыз дерт кемде-кем. Ағза ауыстыру, өзгенің өкпе, жүрек, бауырымен өмір сүру қалыпты құбылысқа айналды. Тіпті, еркектен – әйелге, әйелден – еркекке айналу да сөз болудан қалған.  Алматы қалалық Әділет департаментінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылдан бері қалада 10 адам жыныс ауыстыруына байланысты жаңа куәлік алған. Соның ішінде төртеуі жынысын еркектен әйелге ауыстырса, алтауы керісінше, әйелден еркекке «айналған». Бұл бір ғана Алматының көрсеткіші. «Ғасыр дерті» басқа қалаларды шарпымағанына кім кепіл?

Транзишен таиларға таңсық емес

Жыныс ауыстыру медицина тілінде «транзишен» деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» деген мағынаны білдіреді. Ал тумысы­нан әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндерді немесе керісінше, еркек болып дүниеге келгенімен, әйелше өмір сүретіндерге әлем «трансгендер»  деген ат бер­ген.

Жыныс ауыстыру операциясының тарихына жүгінсек, әлемде мұндай  операцияға алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретші жүгініпті. Бастапқыда жұбайының өтінішімен әйел болып киініп, жаңа туындының кейіпкеріне айналған ол бірте-бірте әйел киімін үстінен тастамайтын болған. Себебін сұраған жақындарына ол өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінін айтқан. Ақыры Эйнар жынысын ауыстыруға операция жасатып, есімін Лили Эльба деп өзгерткен.

ХХ ғасырдың басында жынысын ауыстырғысы келетіндерге бірден  «шизофрения» деген диагноз қойып, оларды өмір бақи психиатриялық ауруханада қамап ұстаған көрінеді. Қоғамның мұндай қарсылығы трансгендердің қатарын азайтқан жоқ. Керісінше, жыныс ауыстыру операциясын жасырын жасайтын клиникалар көбейіп, олардың қызметіне сұраныс артты. Әсіресе, 1972 жылы трансгендерлер саны күрт көбейді.  Өйткені дәл осы жылы. Дәл осы жылы бөтен ағзаны қондырған кезде иммунитеттің қарсылығын басатын «Циклоспорин» дәрісі пайда болған. Осы препараттың арқасында талай операциялар сәтті өтіп, бұрын ағзаның жаңа органды қабылдамауынан жапа шеккен трансгендерлер еркінше операция жасата беруге мүмкіндік алған. Кейбір мемлекеттердің жыныс ауыстыруға заңды түрде рұқсат бере бастағаны да осы тұс. Сол елдердің алғашқысы – Швеция еді.

Бүгінде әлем елдері арасында жыныс ауыстыру көрсеткіші жөнінен  Таиланд көш бастап тұр. Мұнда операция жасатуға көптеген елдің трансгендері ағылады екен. Себебі бұл елде операцияның құны өзге мемлекеттерге қарағанда бірнеше есе арзан. Еркекті әйелге, әйелді еркекке айналдыру жағынан Иран да Таиландтан қалыспайды. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық жыныс ауыстыру операциясы жасалады.

Қазақы дүниетаным бойынша  жыныс ауыстыру азғындықтың көрінісі саналады. Еркектің әйелге, әйелдің еркекке айналуын дініміз де құптамайды. Ежелден ата-бабамыз жүрген салт-дәстүрден алшақ кетіп көрмеген қазақ үшін трансгендерге ортадан орын беру оңай көндігетін шаруа емес, алайда заңымыз рұқсат етіп тұрса, көнбеске шара бар ма?

2009 жылдан бастап Қазақстанда жыныс ауыстыру заңдастырылған. «Қазақстан Республикасы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекстің 88-бабында «Психикасының бұзылуы (ауруы) бар адамдардан басқа жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамның жынысын ауыстыруға құқығы бар» делінген. Сондай-ақ құжатта «жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидаларын уәкілетті орган белгілейтіндігі» көрсетілген. Демек, психологиялық ауытқуы жоқ, бірақ жынысына сәйкес келу жағынан ауытқуы бар адам жынысын ауыстыра алады.  Елімізде транзишеннің  танымалдығы артуына себеп болған да осы бап сияқты. Жынысын ауыстырған талай трансгендер қоғам қарсылығына 88-бапты қалқан етері сөзсіз.

Солардың бірі – Татьяна есімді «ару». Жынысын өзгерткен қарағандылық жігіт жайлы ақпарат өткен жылы желіде желдей ескен еді. Түбегейлі әйелге айналуға бел буған трансгендердің таңдауын жат түгілі жақындарының өзі әлі күнге түсіне алмай келеді. Айтуынша, ол 6 жасынан бастап өзін қыз секілді сезінген. Ауруханада ем қабылдап жатқан кезінде дәрігерлер оны жаңажылдық шараға ақшақар етіп киіндірген. Сол сәттен бастап оған қыздың кейпі ұнап,  анасының көйлектері мен туфлиін киіп, әйел ретінде өсіп келе жатқанын байқаған.

Әкесінің «Нағыз еркек бол!» деп түбегейлі қарсылық танытқанына қарамастан, 2000 жылы жынысын ауыстырмақ болып дәрігермен сөйлескенде, Татьянаның жартылай еркек, жартылай әйел екені белгілі болған. Содан жігіт күйінде қала бермек болады. Алайда өзін қинап жүргенін түсініп, 2013 жылы жынысын ауыстыруға нық бекінеді. Ол үшін әуелі психологиялық ауытқушылығы жоқтығын, жынысына сәйкессіздігін дәлелдеуге әрекеттенген. «Транссексуализм» диагнозын нақтылау үшін ұзақ уақыт тексерістен өтіп, психиатрдың қорытындысын алған. Мамандардың рұқсатын алғаннан кейін бір жылға жуық гормондық дәріні үзбей ішеді.  Әйел болғысы келетін еркек адамға эстроген гормонын, ал әйелден еркекке айналғысы келетіндер еркектік гормон – тестостеронды ішуі керек екен. Эстроген гормонын тиісті мөлшерде қабылдаған жігіттің бітім-болмысы өзгеріп, нәзіктеніп, әйелге тән белгілер пайда бола бастаған.  Содан кейін барып, хирургиялық жолмен жынысы өзгертіледі.

Табиғаттың қателігін түзеткеннен басқа шара жоқ

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыныс ауыстыру операциясын жүргізу бойынша лицензиялаудың жеке түрі жоқ. Бұл операция жалпы пластикалық хирургия және урология шеңберінде жүргізіледі. Дәрігерлердің айтуынша, операция 5-6 сағатқа созылады. Жыныс ауыстыру бір ғана операциямен шектелмейді, әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше операция жасалады. Адамға қондырылатын ағза ешқайдан алынбайды, оған донор мүшенің де қажеті жоқ. Мамандар өзінің ағзасынан, не терісінен-ақ қалаған жынысын жасап береді. Бұдан кейін жынысын өзгерткендер өмір бойы гормондық дәрілер ішуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде адамның өмір сүру жасын да қысқартуы мүмкін. Өйткені гормондық дәрілердің бауырға, басқаға тигізер кері әсерін айтпасақ та түсінікті.

Шыңғыс Нұғманов – Алматыда жыныс ауыстыру операциясын жасайтын санаулы оташылардың бірі. Оның айтуынша, қолға скальпель алмас бұрын опе­рация бөлмесіне келіп тұрған адамның шын мә­нінде трансгендер екеніне көз жеткізіп алу керек.

– Жыныс ауыстыру бойынша жүгінген адам кезең-кезеңімен тексерістен өтеді. Мамандар оны жіті бақылайды. Арнайы комиссия құрылып, «транссексуализм» диагнозы нақтыланғаннан кейін ғана хирургтар жыныс ауыстыру операциясына кірісе алады. Өкінішке қарай, бұл саланы да жемқорлық жайлап келеді. Жалған құжатпен келетіндер де бар. Сондықтан біз жынысын ауыстырғысы келетін адаммен тілдесіп, жеке бақылау жүргіземіз, психиатр шақырамыз, – дейді Шыңғыс Нұғманов.

Маманның айтуынша, трансгендерлер арасында еркектен әйелге айналғысы келетіндер көбірек. «Елімізде мұндай операциялар өте сирек жасалады, өйткені біздің қоғам трансгендерді қабылдай алмайды. Кереғар көзқарас көбейіп кетер деген үреймен біз өз клиникамызда жыныс ауыстыру операциясын жасайтынымызды да жарнамалаған емеспіз. Қазақстанда жылына мұндай бір-екі  операция жасалады. Жынысын ауыстырғысы келетіндердің дені – әйел болуды қалайтын ерлер», – дейді оташы.

Операция жасайтын дәрігерлер трансгендерге операцияның қауіпті екенін, оның салдарынан денсаулығына залал келетінін, өмірі қысқаруы мүмкін екенін қатаң ескертеді. Егер ескертуге қарамастан, алған бетінен қайтпаса, оташылар көк қағаздарды шытырлатып санап алады да, ісіне кіріседі. Шыңғыс Нұғмановтың айтуынша, Қазақстанда жыныс ауыстыру операциясының құны 1 млн теңгеден басталып, 3 млн теңгеге дейін барады. Еркектен әйелге айналу – 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін барса, еркек болуды қалайтын әйелдер одан да көбірек төлейді: фаллопластиканың көлеміне қарай 3 млн теңгеге дейін шығындалуы мүмкін.

«Біз бұл диагнозға табиғаттың қателігі ретінде қараймыз. Егер алдыңа келіп тұрған азамат құжат бойынша еркек, ал шын мәнінде әйел болса, қателікті түзеткеннен басқа шара жоқ», – деп Шыңғыс Нұғманов өз кәсібін ақтағандай болды.

             Транссексуализм – ауру емес

  Транссексуализмді қоғам әдетте адамның психикалық ауытқуы ретінде қабылдайды. Алайда адам психикасын зерттеумен айналысып жүрген мамандар мұны жан ауруы деуге асықпайды. 40 жылдан астам тәжірибесі бар белгілі психиатр дәрігер Ирина Ленскаяның айтуынша, қоғамның трансгендерлерге алакөздене қарауы дұрыс емес.

«Трансгендерлер үнемі депрессияда жүреді және көбіне өмірлерін өз-өзіне қол салумен аяқтап жатады. Қоғамның қабылдамауы, үнемі қорқынышта жүру, өз-өзінен шошу – мұның бәрі оңай сынақ емес. Оның үстіне, біздің қоғамда қарапайым этика қағидаларын білмейтін адамдар көп. Алдында тұрған адамның трансгендер екенін білсе, келеке етіп, дөрекілік көрсетіп жататындар бар. Мұндай қарым-қатынасты тоқтату керек. Транссексуализм – ауру емес, алуантүрліліктің көрінісі. Мұндай адамдарды кемсіту артық салмақтағы адамдарға немесе альбиностарға қырын қараумен бірдей», – дейді Ирина Ленская.

Психолог Лимана Қойшиева да транссексуализм­ді психикалық дерт деп есептемейді. Алайда жы­ныс ауыстыруға ниеттілерге қолдау көрсетуге қарсы.

– Еркектің өзін әйелше сезінуі, әйелдің өзін еркек­ше ұстауы – денсаулықтағы кінәрат, иә гормондық бұзылыстың туа біткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасып жатады. Бұл – жүре қалыптасатын мінез. Оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады. Адамдардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ортаға бейімделгіш, еліктегіші болады. Трансгендердің көбі осындай адамдардан шығады. Сондықтан ондай жандарға дұрыс тәрбие қажет.

Қазір қыз бен ұлдың талғамына, киім киісіне, ортасы мен ойынына мән бермейтін болдық. Ер баланы өзінің табиғатына қарай бейімдеп, «сен жігітсің, ертеңгі күні Отаныңның тірегісің, отбасыңның қорғанысың» деп тәрбиелеп, санасына еркектік мінезді кішкентайынан сіңіре беру керек. Жастайынан күрес, бокс секілді үйірмелерге беріп, тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу қажет. Құлап қалса немесе төбелесіп таяқ жесе, асты-үстіне түсіп өбектемей, «сен жігіт емессің бе?» деген сөзді құлағына сіңіре білуіміз керек. Ал қыз баланы еркекшора қылмай, 8-9 жасынан нәзіктікке, биязылық пен ибалыққа баулығанымыз жөн. Шашын өсіріп, сырға салып, үйдің шаруасына бейімдеудің өзі оның ертеңгі күні жақсы жар, ардақты ана болып қалыптасуына жол ашатыны анық. Әр отбасында әкенің рөлі мен беделі, балаларды тәрбиелеудегі орны жоғары болуы тиіс. Еркектік намысы бар ұл, табиғатына сай тәрбиеленген нәзік қыз бөтен ойға жол бермесі анық», – дейді психолог.

Расында да, қазақы қалпымызға сын болған тұрпайы қылықтардың түп-тамыры тәрбиеден бастау алары анық.  Ұлттық тәрбиенің ұпайын түгендеп,   ұлттық иммунитетті күшейтпесек, мінезсіз ұл мен қылықсыз қыз көбейе бермек.

Соңғы жаңалықтар