"Бесінші жатақхана" – балғын дәурен баяны
"Бесінші жатақхана" – балғын дәурен баяны
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде осы білім ордасының түлегі, «Айқын» газетінің Алматыдағы меншікті тілшісі, жас жазушы Абай Аймағамбеттің «Бесінші жатақхана» атты кітабының тұсаукесері өтті. Студенттік шақтың шуақты естеліктерін қаузаған туындының таныстырылымына автордың ұстаздары, достары, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Шәкіртінің жетістігіне марқайған факультет ұстаздары Абай Аймағамбеттің еңбегін жоғары бағалап, шығармалығына табыс тіледі. Кітап кейіпкерлері – Абайдың курстас достары да жылы лебіздерін білдіріп, көптің алдында толқып отырған құрдастарына қолдау көрсетті. Жиын соңында біз де авторға құттықтауымызды жеткізіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Абай, тырнақалды туындың – «Бесінші жатақхананың» тұсаукесері құтты болсын! ҚазҰУ-дың журфагында қатар оқыған, әйгілі бесінші жатақхананы бірге паналаған достарыңа арнаған бұл кітапты шығару туралы ой қашан келді?
– Рақмет! Бұл кітапты қолға алу туралы ой екі-үш жыл бұрын келген. Бірақ ол уақытта бірден шығаруға қаржы қолбайлау болды. Әрі естелік айтып отыруға әлі ерте сияқты көрініп, тартынып та жүрдім. Биыл осы істі аяқтауға тырысып бақтым. Әлеуметтік желіде жарияланған, жарияланбаған барлық естелік-әңгімелердің басын қосып, топтастырып, «Мұқаба» баспасынан шығардым. Таралымы – 500 дана болды.
– Бұрын жатақханадағы курстастардың қызықты сәттері туралы Бауыржан Омарұлы ағамыздың естеліктерін тамсана оқыған едік. Бұл тақырыпты бүгін өзің жалғап отырсың. Ұстазың Кәкен Қамзин жыл сайын факультетті бітірген түлектер осындай кітап шығарса деген ойын жеткізді. Ізіңді басқан іні-қарындастарыңның арасында осы тақырыпта қалам тербеп жүргендер бар ма?
– Әлеуметтік желіден бірді-екілі жазбаны көзім шалғаны бар. Бірақ тұрақты түрде жазып жүргендерді байқамадым. Көбі жазбаларыма пікір қалдырғанда «шіркін, біздің де буыннан осылай жазатын адам шыққанда» деп жатады. Мүмкін уақыт тапшы, мүмкін өз қатарларында дәл біздікіндей қызық сәттер аз болған шығар. Менің курстастарым шетінен қызық адамдар болды. Әрбірінің басынан өткен жағдай бір-бір көркем әңгіменің жүгін арқалайды. Сол себепті де маған олар туралы жазу қызық әрі оңай болды.
– Тұсаукесерде «Бесінші жатақхана» кейіпкерлерінің бәрін болмаса да, біразын кездестірдік. Қолдау көрсетуге келген достарыңның өзіңе деген риясыз көңілін аңғардық. Шын достықтың сен түйген формуласы қандай?
– Достықтың формуласы – адалдық. Шын ниет, ақ көңіл. Тұсаукесерге келген ұл-қыздар оқуға түскелі бері қанаттасып, мені қолдап, демеп келе жатқандар. Осы жылдар ішінде олар осы ниеттерінен айныған емес. Сондықтан шығармашылық кешке ең адал, ең талғампаз, ең мықты достарым келді деп айта аламын.