22 Желтоқсан 2015, 12:23 5488 0 Сұхбат Анар ЛЕПЕСОВА

Шынар Асқарова, актриса: Мінін айтқанға кектенетіндер көп

– Қазақтың әдебиеті мен мәде­ние­тіне талай талантты тарту еткен қасиетті Семей топырағында дүние­ге келген ару болашақта кім болам, қайда барам деп көп бас қа­тыра қоймаған болар. Әйтсе де, қар­шадай қыз таңдаған жолының ауыр­лығынан жүрексінбеді ме?

– Өнер жолына түсу, халықтың адамы болу – ес біліп, етек-жеңімізді жинаған сәттен бергі асыл арман болатын. Әкеме жүрек қалауымды айтып, болашаққа жоспарларым туралы ақылдасқанда, ол кісі өнердің кез келген адам төтеп бере алмайтын қиын жол екенін, әсіресе, қыз бала үшін ауыртпашылығы ерек болатынын үнемі ескертетін. Жаспыз ғой, бірін ұқсақ, бір сөзінің астарына үңіле бермейтінбіз. «Әке, сахнаға шығып, жаттап алған екі ауыз сөзді айтып бере алмайды дейсіз бе? Әлде камераның алдында абдырап қалады деп қорқасыз ба?», – деп өз уәжімді айтып, қарсыласып шыға келетінмін. Ұмытпасам, сегізінші сыныпта болуы керек, сауалнама толтыру кезінде «болашақ мамандығыңыз» деген тұсқа «актриса» деп жаздым. Содан бастап арманыма қарай адымдай бердім. Мәнерлеп оқудан, ән айтудан, би билеуден қай жерде байқау өтіп жатса, сол жерде мен жүретінмін және үнемі жүлделі орыннан көрінетінмін. Ал Алматыға, өнер институтына барамын деген нық шешім қабылдауыма ауылдағы мәдениет үйінде істейтін Серік Жұматов деген ағамыздың кеңесі ықпал етті. Мәдениет үйінің басшы­лығы менің сол шаңырақта қалып, қызмет еткенімді қалаған болатын. «Әлі жассың ғой, оқуға келесі жылы барсаң да болады. Осында қалып, бір жыл тәжірибе жина, сонда институтқа барғанда қиналмайсың» деп үгіттеді. Ал Серік ағай: «Шынар, сен өнер үшін жаралған адамсың. Бойыңдағы Құдай берген дарынды бүгіннен бастап шыңдамасаң, қарайып қаласың. Ауылда мен сияқты қалып қоймауың керек. Қалмайсың да!», – деп мені қайрап, қанаттандырып жіберді. Ағаның сол бір ауыз сөзі себепші болып, арман мен аманат арқалап, Алматыға тартып кеттім.

«Ұстаз деген ұлағатты атауды есті­генде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірт­тей сезінемін», – деген екен Мәлік Ғабдуллин. Менің де аттары аталса, ойыма шәкірттік қарызым, аузыма алғысым қатар түсетін аяулы ұстаздарым көп. Бағым шығар, институтқа келе сап, Хадиша Бөкееваның сыныбына, Тұңғышбай Жаманқұловтың курсына қабылдандым. Сол кезден бастап бізге біртуар сахна саңлақтары, атағы мен даңқы бүкіл одақтас республикаға жайылған өнер майталмандары сабақ берді. Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұловың берген тәлім-тәрбиесі өз алдына, сонымен қатар, Оралхан Бөкей, Асқар Тоқпанов, Әшірбек Сығай ағаларымыздың дәрісін тыңдадық. Олардың әр сөзін қалт жібермей, қағазға түртіп, көкейімізге тоқып алуға тырысатынбыз. Өйткені өнер дейтін даңғыл жолда ұлағатты ұстаздардың өнегесі мақсатымызға қарай бастайтын тұсбағдар болатынын білдік.

– Әріптестеріңіз өнер институты бере алмаған білімді сахналас аға-әпкелердің академиясынан ал­ған­дарын айтып жатады. Театр қабыр­ға­сына келген соң сіз де талай сахна шеберінің мектебін тауысқан болар­сыз?

– Білім ошағында алған білімің бір төбе болса, театрдағы сахналастарыңнан жинайтын тәжірибең бір төбе. Актердің қалыптасуында әр мектептің өз орны бар. Бірінің беретінін екіншісі бере алмайды. Үстелде отырып, дәптерге түрту арқылы көкейге тоқу бөлек болса, бір сахнада тұрып тілдесу, үндесу арқылы үйрену мүлдем басқа.

Институтты бітіре салып, 1993 жылы Әзірбайжан Мәмбетов басшылық еткен тұста театрға келдік. Қазақ театр өнерінің қара шаңырағында қызмет ету бір мәртебе болса, қазақ өнерінің заңғары Әзірбайжан Мәдиұлының мектебінен өту одан да биік белес болатын. Жауапкершіліктің жеңіл болмайтынын сездік.

Мен келгенде театр араға бірнеше жыл салып, Мұхтар Әуезовтің «Қара­гөзін» қайта сахналағалы жатыр екен. Режи­ссерге қойылымды он шақты күн­нің ішінде дайындау міндеттелген. Спектакльдің бұрынғы актерлік құрамын жастармен алмастыру міндеті тағы бар. Оған дейін Қарагөзді Фарида Шәріпова мен Меруерт Өтекешова апаларымыз ойнаса, енді басты рөлдерге жаңадан келген актер мен актрисалардың бірін бекітпек екен. Таңдау Ерлан Біләлов екеумізге түсті. Әлі қанаты қатайып үлгермеген актрисаға Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова апайларымыздың көп септігі тиді. Ақылдарын айтып, образды қалай ашу керегін, көрерменнің жүрегіне жол табудың жолдарын түсіндірді. Хабиба апам да үнемі қолдап-қолпаштап жүрді. Сүрініп кетпесін, жығылып қалмасын деп демеді. Сол кісілердің қолдауының арқасында аз уақыт ішінде образымның қыр-сырына қанығып, өзіме жүктелген міндетті абыроймен алып шықтым.

– Сізді көбіне трагедиялық жанр­дағы қойылымдардан көреміз. Коме­диялық образдар оң жам­ба­сы­ңызға келмей ме дейін десек, У.Гаджибековтың «Аршын мал ала­нындағы» Теллиді көргеннен кейін олай деуге қақымыз жоқ. Режис­серлер неге сізге күлкілі кейіп­керлерді ұсынбай жүр?

– Театрымыздың репертуарында комедия көп емес. Сондықтан бәрімізге бірдей күлкілі кейіпкер бұйыра бермейді. Өзіңіз айтып отырған Теллиден бөлек, жуырда Гогольдың «Үйленуіндегі» Фекла Ивановнаның рөліне бекітілдім. «Үйлену» театрдың репертуарында біраз уақыттан бері болғанымен, мен үшін бұл спектакль премьера болды. Әріпестерімнің қолдауы мен көмегінің арқасында Фекла Ивановна да қоржыныма сәтті рөлдердердің бірі боп енді. Спектакльді тамашалаған әріптестерім оң бағасын берді, көрермен де жылы қабылдады.

– Спектакльдердің әдетте екі, кейде үш актерлік құраммен қойы­латынын білеміз. Бұл актерлердің үз­дік болуға деген ұмтылысын арт­тырып, қарым-қабылетін шыңдай түсуіне оң ықпал етері талассыз. Алайда кейбір жөнсіз шендестірулер, біріңдікі бүтін, біріңдікі жарым деген салыстырмалы баға бір актердің сағын сындырып, екіншісін «жұл­дыз» ауруына ұшыратпай ма?

– Әр құрамның ойынын көргеннен кейін мамандар бағасын беріп, бірінің артық кеткен, бірінің қалыс қалған тұстарын салыстырмалы түрде айтып, өз бағаларын береді. Бірақ актерлердің сағын сындырып, намысына тиетін жағдайларға жол берілген емес. Меніңше, бір қойылымға бірнеше актерлік құрамды дайындаудан ұтаты­нымыз көп. Бәсекелестік арқылы әртіс­тердің актерлік шеберлігі шыңдалады, бір-біріне қарап бой түзейді. Пьеса біреу, сомдайтын кейіпкер ортақ болғанымен, әр актер оны әрқалай жеткізеді. Өйткені әркімнің құбылыстарды қабылдауы, өзгерістерді сезінуі әр түрлі. Бірақ бәрі де ортақ меже – режиссер белгілеген міндетті орындауға тиіс. Ал қандай жолмен, қандай амал-тәсілдермен орындалатыны әр актердің өз еншісіне беріледі. Демек, бірнеше құрамды қатар дайындау барысында актерлердің қызығушылығы мен ізденісі артады, өз қолтаңбасын қалыптастыруға ынтасы күшейеді. Әр актер өз реңкін қосқан соң, образдың бояуы қаныға түспек.

Спектакль көрерменге жол тартқан соң әр көрермен өзі үшін үздігін таңдап алады да, үнемі сол құрамның ойынына тап келуге тырысады. Қойылымға мән-мағынасы үшін емес, сүйікті актерін көру үшін ғана келетін адамдардың көп екенін ұмытпаған жөн.

– Бексұлтан Жәкиевтің «Жү­рейік жүрек ауыртпай» шығар­­ма­сындағы келіннің рөлін Данагүл Темірсұлтанова, Шынар Жаныс­бековамен бірге үш құрамда ойнап жүрсіздер. Сөзі майда, үні жұмсақ, әдетте жағымды рөлдерді сомдайтын Шынар Асқарованы осы рөл арқылы жаңа қырынан таныдық. Режиссер образды аша алатыныңызға сенімсіздік танытқан жоқ па бастапқыда?

– Жоқ, Есмұхан Обаев титтей де күмәнданған жоқ. Ол актерлердің қарым-қабілетін жазбай танитын кісі ғой. Бекітті де, мәтінді қолыма ұстатты. Режиссер сенгенімен, әріптестерім мұндай образды сомдай алатыныма күмән білдірді. «Шынар, сенің мінезің тым жұмсақ. Тілі уытты, мінезі шайпау келінді ойнай алар ма екенсің?» деп сенімсіздік танытқандар көп болды. Бірақ актриса болған соң, мына образ маған жарасар ма екен, табиғатыма келер ме екен деп ойланып тұрмайсың. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға міндеттісің. Мамандардың берген бағасына, көрерменнің жазған пікірлеріне қарап, өзіме жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындадым деп ауыз толтырып айтуға болатын шығар. Әсіресе, марқұм Әшірбек Сығай ағамыз үш құрамның да ойынын көріп, мен сомдаған келінге ерекше ықыласын білдірген болатын.

– Қоржыныңызға көз тастасақ, театрда, кинода сомдалған аналар образының тұтас галереясын көреміз. Солардың ішіндегі жарқын бейнелердің бірі – «Әпкедегі» жетімектердің анасы. Сіздіңше, қазақ қоғамында жәутеңкөздер мен өз қағынан жеріген көкек аналардың көбеюіне не себеп?

– Өз құрсағынан шыққан баладан құтылудың сан түрлі амалын жасап жүрген сіңлілерім, замандастарым жайлы, олардың ойланбай басқан қадамының кесірінен болашағы баянсыз болатын бейкүнә сәбилер туралы естігенде, жүрегім қарс айрыла жаздайды. Өз қағынан жеритін аналарды ештеңемен ақтап ала алмайсың. Әйтсе де, оларды соған итермелеп отырған құбылыстарға да көз жұма қарауға болмайды. Меніңше, жас аналар мұндай жағдайға шарасыздықтан, әлеуметтік жағдайдың қиындығынан немесе отбасылық қарым-қатынастардың ушығып кетуінен барады. Ер азаматының құлдырап бара жатқанын, отбасының керегесі қақырап, шаңырағы шайқалайын деп тұрғанын сезгенде бала үшін жауапкершілікті жалғыз арқалаудан жүрексіне ме екен, кім білсін? Әлде «әке-шешесінің аялап отырған қызы оң жақта отырып туып алыпты» деген сөзге қалам, ата-ананың қарғысына ұшыраймын деген үрейге жеңдіріп қоя ма? Мен қандай жағдайда да, өзге туралы пікір білдіру үшін өзімді оның орнына қойып көремін. Сан рет көкек аналардың жағдайына еніп көруге тырысқаныммен, қателіктерін, жо-жоқ, қылмыстарын ақтап ала алмадым. Мейлі, жігітің арыңды кірлетіп, тастап кетсін, мейлі ішерге асың, киерге киімің болмай, отбасыңның берекесі кетсін – мұның ешқайсысы да баланы тірі жетім етуіңе сылтау бола алмайды.

Біз қыз бала тәрбиесін ақсатып алған сияқтымыз. «Қызға қырық үйден тыйым» деген тәмсілді жаңа заманға сай дұрыс әдіптеп жүрміз бе деген сұрақ туады. Ата-ана перзентімен кез келген тақырыпта ашық сөйлесіп, қандай жағдай болса да өздеріне арқа сүйей алатынын білдіруі керек. Басына түскен жағдайды қыз бала өз әке-шешесінен жасырса, демек, олардан қолдау таба алмаймын деп қорқады. Әсіресе, өтпелі кезеңде жасөспірімдер ата-ананың салиқалы ақыл-кеңесіне, демеуіне мұқтаж. Мектепте де арнайы тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, отбасылық қарым-қатынастар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

Мен өте балажанмын. Кішкентай бала көрсем, маңдайынан иіскегім кеп тұрады. Бұрын тұрмыс құрмаған кезімде, жатақханамыздағы бүкіл бала менің төбем көрінсе, алдымнан жүгіріп шығатын. Соларға ұстатамын деп сөмкеме үнемі тәтті-пәтті салып жүретінмін. Өзге түгілі, өз баласына емірене алмайтын аналарды көремін де, қайран қаламын.

– Өз үйіңізде де бір шаңырақтың ұйытқысы болар ару өсіп келеді. Бала тәрбиесіндегі ұстанымдарыңызбен бөліссеңіз...

– Динара отбасымыздағы жалғыз перзент болғандықтан ба, әкесі екеуміз бар мейір-махаббатымызды сол қызымызға арнаймыз. Бірақ оның бойында еркеліктің зәредей нышаны жоқ. Ақылды, зерек болып өсті. Кішкентай күнінде де артық қыңқыл-сыңқылы болмады, тамақ ішісі тиянақты, ұйқысы тыныш болды. Көршілеріміз: «Осы елдің балаларының дауысы қабырғаның ар жағынан естіліп тұрады. Ал сендердің қыздарыңның қыңқ еткенін естімейміз, жылай ма өзі?» деп таңырқасатын.

Өнер адамы болғандықтан, көбіне сыртта жүреміз, гастрольмен ел-жер аралап кетеміз. Қызыма жөнді көңіл бөле алмадым, кейін соның кесірі тимей ме екен деп алаңдайтынмын. Құдайға шүкір, қазір уайымдауға еш себеп жоқ екеніне көзім жетеді. Қай нәрсені болса да асықпай таразылайтынын, үлкен адамдарша салмақтайтынын байқаймын. Оның сыры біреу ғана: былдырлап бесікте жатқан кезінен бастап онымен ересек адамша сөйлестім. Білетін ертегілерімді айттым, ән де салып бердім. Тәрбиенің негізгі құралы – тіл екені бесенеден белгілі. Тілі шықпаған сәби ештеңені түсінбейді деген қате ұғымның кесірінен біз балаға саналы тәрбие беруді тым кеш бастаймыз. Қазір Динара біздің театрдың сахнасында бірнеше рөлді сомдайды, кинодан да көрініп үлгерді. Анасының жолын жалғастырғалы жүр ме, білмеймін. Өнер жолын таңдап жатса, қалауына қарсы шықпаймыз. Бірақ әкемнің кезінде өзіме айтқан ақыл-кеңесінің, ескертпелерінің бәрін қазірден бастап қызымның құлағына құйып жүрмін. Өнердің сыйынан гөрі сынағы көп екенін, үнемі ізденісті талап ететінін түсіндіріп бағамын. Егер қиындығына төтеп бере аламын деп шешсе, біз демеу болуға дайынбыз.

– «Артық қыламын деп, тыртық қылатын» сыншылар талай әртістің беделіне кір келтірді» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Бүгінгі театр сынына көңіліңіз толмайтын сияқты...

– Сынға үрке қарайтындардың, мінін айтқанға кектенетіндердің қатарынан емеспін. Сын өнер адамының шыңдалуына оң ықпал етеді. Бірақ сын шын болмайынша, өсе алмайтынымызды ұмытпаған жөн. Кейбір сыншы қойылым я кинодан гөрі, оның авторларының немесе актерлердің жеке басын таразыға салып кетеді. Қаламының қуатымен көпшіліктің алдында өнер адамының беделін түсіру, абыройына нұқсан келтіруді мақсат тұтатындардың жазғанын да оқып жүрміз. Бүгінгі күнге дейін көргеніміз бен түйгеніміз көп болғандықтан сыншының көздеген мақсат-міндетін, астарлап айтқан ойын аңғара аламыз. Ал дұрыс пен бұрысты айырып үлгермеген жастар ше? Өнеріне жөнсіз шүйліккендердің кесірінен олардың сағын сындырып аламыз ба деп қорқамын. Тек біздің салада ғана емес, кез келген ортада ілгерілеу болуы үшін жібі түзу сын керек.

– Ілгерілеу демекші, әбедиет пен өнер өкілдерін жетістікке жетелейтін тағы бір күш бар. Ол – жүлде. «Оскар» немесе «Эммиді» қанжығаға байлағаннан кейін өмірі өзгеріп сала берген Голливудтың талай актерін жіпке тізуге болады. Ал қазақ актерлерінің ұмтылар биігі қайсы?

– «Оскардың» өзге тілдегі шетел туындыларын марапаттайтын арнайы аталымы болғанымен, одан отандық киномыз да, ондағы актерлер де әзірге дәмелене алмай тұрғаны белгілі. Халықаралық деңгейге ұмтылмас бұрын өнер адамдарына әуелі өз жерімізде лайықты марапат көрсетіп жүрміз бе деген сұраққа жауап беріп көрейікші. Биыл 11-ші рет өткізілген «Еуразия жұлдыздары» немесе «Шәкен жұлдыздары» кинофестивальдерінің қалай өткізіліп жатқанын, кімнің қатысып, кімнің жеңімпаз атанғанын да жұрт білмейді. Өйткені насихат аз. Актерлер мен режиссерлердің қызыл кілеммен жүріп өткенінен басқа ештеңені көрмейміз. Үміткерлер халыққа алдын-ала кеңінен таныстырылса, байқау барысы барлық БАҚ арқылы жарияланып отырса, өнеріміздің тынысы ашылар еді. Прокатының 90 пайызын голливудтық туындылармен толтырып қоятын отандық кинотеатрларға не деп кінә артасың? Отандық өнімнің жарнамасы шетелдікінің тасасында тығылмай, керісінше, көш ілгері тұрса, кинотеатрлар таласып көрсетер еді.

Рөлдеріміздің көпшілігі театр­да болған соң, киноға қарағанда теа­тр фестивальдері мен жүлделе­рі­нен күтеріміз мол. Театр қайрат­керлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың ұйымдас­тыру­шы­лығымен бірнеше жылдан бері дәс­түрлі түрде тапсырылып келе жат­қан «Еңлікгүл» сыйлығы қаншама қойы­лымның лайықты бағаланып, театр саласында табысты қызмет етіп жүрген талай маманның еңбегі ескерілуіне себепкер болды. Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі мен «Сахнадан сәлем» фестивалі де қазақ театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүргендерді одан әрі табысты еңбек етуге ынталандырып жүр. Өз театрымызда жыл сайын өтетін «Театр көктемі» фестивалі де біз үшін үлкен мереке. Әсіресе, театр жастары үшін танылуға, есімін қалыптастыруға жақсы мүмкіндік. Қазір рөлдердің басым көпшілігі жас актерлердің еншісінде. Біз секілді 40-тан асқандар бұрыннан ойнап жүрген рөлдерін місе тұтуға мәжбүр. Мынадай образды сомдағым келеді, мен үшін осындай спектакль қойыңдар немесе мынадай кино түсіріңдер деп режиссерлерге айта алмайсың ғой. Жақсы ұсыныс түскенін, оң жамбасыңа келетін рөл тигенін күтіп жүресің. Театрымыздағы үлкен кісілер тіпті бірлі-жарым рөлді талғажау етіп жүр. Театрдағы 70 актердің бәріне күнде жаңа рөл қайдан бұйырсын? Сондықтан жастық шақтың мүмкіндіктерін қалт жібермей пайдаланған жөн. Бүгін талмай еңбектенсе, ертең соның жемісін жейді.

– Отандық кинопрокат туралы әңгімеңізді ілгерілете түскім келіп отыр. Көрсетілім кестесіне қойылған күннің өзінде уақыт жағынан қысымға ұшырайтын төл туындыларымыздың тіршілігі жарнамадан бөлек талай түйткілге тіреліп тұр. Олардың түйіні қашан тарқатылады, қазақ киносы қашан еңсесін тіктейді?

– Отандық киноиндустрияның кемшілігін жіпке тізіп, қатесін санай беретін болсақ, төл киномыздың көші ешқашан түзелмейтіні анық. Оның жылт еткен жетістіктерін көріп, жарқыратып көрсету арқылы ғана одан әрі дамуына серпін бере аламыз деп ойлаймын. Мәселен, соңғы уақытта теледидардан ұсынылып жүрген отандық телехикаялардың саны да, сапасы да көңіл қуантады. Тірлігінің бәрін жиыстырып қойып, үнді, түрік сериалдарын күтетін көрермен осы күні қазақ телехикаяларына телміретін болды. Анандиді аузынан тастамайтын жұрт қазір өз қарагөздеріміз – Жібектің, Айжанның тағдырын талқылап жүр. «Астана» телеарнасынан көрсетілген «Жібек» сериалын ерекше атап өткім келеді. Бұл фильм қазақ кино өнеріне жаңа есімдер алып келді. Қит етсе, шетелден әртіс шақыра бермей, өзіміздің талантты жастарды шығарғаннан ұтарымыз көп екеніне көзімізді жеткізді. Ресей театрлары болашағынан үміт күттіретін жас актер пайда болса, оны қатарынан бірнеше жобаға түсіріп, халыққа әбден танымал етеді де, оның атақ-абыройын театрдың имиджі үшін пайдаланады. Өйткені әлгі актерді жақынырақ көру, сахнадағы ойынын тамашалау үшін келетіндердің қатары аз болмайды. Бүгін Мәскеуге барсаңыз, театрға кіре алуыңыз екіталай. Өйткені билеттер бір апта, тіпті бір ай бұрын сатылып кетеді. Маркетингтің, менеджменттің тілін терең меңгермеуіміз өнеріміздің өркендеуіне кедергі болады деп ойлаған жоқ едік. Жайбасарлықтан арылатын уақыт жетті. Өзіміз жасаған өнім шетелдік туындылардың көлеңкесінде қалып қоймас үшін заманның жаңа талаптарына жедел икемделе білуіміз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

Соңғы жаңалықтар