Тұрғындар қарсы: Елордада лифт қызметі үшін төлем жасау жүйесі өзгерді

Тұрғындар қарсы: Елордада лифт қызметі үшін төлем жасау жүйесі өзгерді

Тұрғындар қарсы: Елордада лифт қызметі үшін төлем жасау жүйесі өзгерді
ашық дереккөзі
Елордадағы көпқабатты 15 үйде лифт қызметі үшін төлем жасау жүйесі өзгеріп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұрын картамен төлеп келген тұрғындарды абонеттік төлемге ауыстырып жіберген. Яғни, лифтіні қолдансаң да, қолданбасаң да айына 1 мың 430 теңге төлеуге міндеттісің. Бұл жүйе адам санына да байланысты емес. Төлем жасаудың жаңа әдісі кейбір тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Тұрғындардың көбі жаңа жүйеге қарсы. Мәселен, пәтерде жалғыз тұратындар бұрын айына 500 теңге төлейтін. Абонеттік төлемге өткеннен кейін, оның құны үш  есе көбейіп кеткен. Лифтіні мүлде қолданбайтындардың шағымы өз алдына. Пәтерлері төменгі қабатта орналасқандар да басқарушы компанияға 1430 теңге төлеуге міндетті. "Біз жұбайымыз екеуміз 500 теңгеден төлейтінбіз. Ол 500, мен 500 теңге. Осы ақша бір айға жететін еді. Ескі әдіспен салыстырсақ, қазіргі жүйе қымбатқа шығып тұр. Зейнеткерлерге төлеу оңай емес. Бұл тарифті қайта қарау керек деп ойлаймын. Әр отбасына 1000 теңге болса да жарайды ғой. 1, 2, 3 қабат тұрғындары тіпті лифтіге мінбейді де", - дейді наразы тұрғындардың бірі. Әзірге, бас қалада жаңа жүйеге 15 көшті. Кондоминимум нысандарын басқару кәсіпорны өкілінің мәлімдеуінше,  тұрғындардың өздері карточкамен төлеудің қолайсыз екенін айтып, шағымданған. Яғни, мәселенің екі ұшы бар. Қарсы жақ та, жаңа тарифті қолдайтындар да бар. Бұл «пилоттық жоба» болғандықтан, әлі де талқыланады. "Біз тұрғындардың талап-тілегі бойынша жұмыс істейміз. Ортақ мүлікті басқару кезінде олардың ойы ескеріледі. Бұған дейін карточкамен төлеу жүйесін абоненттік төлем жүйесіне ауыстыру туралы өтінштер болды. Қазір әрбір үйдің тұрғындарымен жан-жақты талқылауға дайынбыз. Қараша айының бірінен бастап, пилоттық жоба іске қосылды. Пәтер иелері лифтіні еш кедергісіз қолдана алады. Ал бекітілген баға туралы айтсақ, ол туралы талқылап, бір шешімге келуге болады", - дейді басқарушы компания директоры Ержан Исмағұлов. Ал үлкен отбасылар болса, бұрынғыдай ақша салып әуре болмаймыз, үйге келген қонақтарды да  жекелеп лифтімен көтеріп жүрмейміз, деп жаңа жүйені қолдап отыр. Көп қабатты үйлердің тұрғындары сол үйдің меншік иесі саналады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 301 бабына сәйкес, лифтілер ортақ мүлікке жатады. Яғни тұрғындардың пікірімен санаспай, ештеңе істеуге болмайды. Сондықтан, тұрғындардың пікірін білмей тұрып, абоненттік төлем жүйесін енгізу заңға қайшы. Қызмет көрсетуші компания әлі де болса пәтер иелерінің ұсыныстарын тыңдауға ниетті екендіктерін айтады. Егер де тұрғындар ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда, сапаны бақылау басқармасына шағымдана алады.