"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының нәтижелері сараланды
"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының нәтижелері сараланды
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасының нәтижелерін баяндады.
"Бағдарлама екінші бесжылдығында нақты нәтижелерге жетті. Осы жылы қабылданған шаралардың негізінде Қазақстан Дүниежүзілік Банктің "Doing Business" рейтингісінде 25-орынға ие болды. Бұл рейтинг бойынша еліміз 2015 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке көтерілді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4%-ке дейін артты. 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға ұлғайып, 1,3 млн құрады. Жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға өсіп, 3,3 млн адамды құрады", - деді министр.
Дәленов бағдарлама аясында кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, мемлекеттік гранттар ұсыну, кәсіпкерлерді оқыту, инфрақұрылымды жеткізу секілді қолдау көрсетілетінін айтты.
Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылып, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылған. 15,5 трлн теңгеге өнім өндіріліп, 1 трлн теңге шамасында салық төленген.
"Бағдарлама шеңберінде бизнесті дамытуға мүмкіндік беріледі. Кәсіпкерлер 7,1 пайызбен несие ала алады. Несие 2,5 млрд теңгеге дейін беріледі. Мемлекет тарапынан 60 млн теңгеге дейін несиелерге кепілдік беріледі. Сонымен қатар 3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады", - деді министр.
Ведомство басшысы азаматтарды бизнес негіздеріне оқыту бойынша қарастырылған шаралар бойынша нәтижелерді атап өтті.
"Бағдарлама шеңберінде консультациялар көзделген. Бұдан басқа, оқыту мен тағылымдамадан өту қарастырылған. Олар екі күн немесе екі және үш апта өткізіледі. Бағдарламаның осы екінші бесжылдығында 120 мыңға жуық кәсіпкер мемлекеттік қолдау алды. 9 мыңнан астам кәсіпкерлердің несиелері субсидияланды. 5 мыңнан астам кәсіпкерге кепілдік ұсынылды. 100 мыңнан астам азамат бизнесті жүргізу бойынша оқытылды. 2 мыңға жуық грант берілді. 165 жобаға инфрақұрылым жеткізілді", - деді Ұлттық экономика министрі.