Талдықорғанда ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі өтті
Талдықорғанда ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі өтті
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты бағыттардың бірі – «ЖаҺандық әлемдегі заманауи Қазақстан» бағыты бойынша 30-31 қазан күндері Талдықорған қаласында «Мәңгілік елдің – Мәңгілік сарыны» атты ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Оған еліміздің әр аймағынан және түбі бір түркі халқының Түркия, Якутия, Хакасия, Башқұрстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия сынды 9 мемлекетінен 50 жуық өрелі өнер иелері келіп қатысты.
Қатысушылар құрамында Хакасия Республикасы, Руслан Габышев – Якутия, Азат Бекчурин – Башқұртстан, Талғат Хасенов – Татарстан, Ровшанжан Юнусов – Өзбекстан, Қазақстандық өнер майталмандары: Ерболат Шалдыбеков, Ұлжан Байбосынова, Қазбек Әдікеев, сонымен қатар «Ұлы көш» ансамблі – Қырғызстан, «Күлтегін» ансамблі – Моңғолия, «Адырна», «ХасСақ», «Қобыз сарыны» этно-фольклорлық ансамбльдері де бар.
Жетісу жұртына рухани азық сыйлаған мәдени шараны Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған.
Екі күндік фестивальдің алғашқы күні әр елден келген өнер дүлдүлдері Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгерлеріне түркі тілдес халықтардың ұлттық аспаптары мен жыршылық өнері жайлы шеберлік сағат өткізді.
Сонымен қатар мәртебелі меймандар «Журналистер үйінде» арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ізгі лебіздерін білдірді. Басқосуда сөз алған басқарма басшысы Марлен Қапашұлы жалпы өнерпаздарды келген қадамымен құттықтап, оларға толағай табыс тіледі.
Осымен бірнеше мәрте ұйымдастырылған бұл фестивальдің мәні зор. Фестивальдің басты мақсаты: барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, ұлт мәдениетін ұлы деңгейге көтеруге күш салу, дәстүрлі өнерді көпшілікке кеңінен насихаттау. Жастарға қолдау көрсетіп, қазақтың сазды әуені арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін паш ету. Ұлттық фольклорлық өнерді жандандыра түсуге ықпал етіп, ансамбльдердің репертуарларын дамыту болып табылады.
Фестиваль соңында қатысушылар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. ТҮРКСОЙ ұйымының Қазақстандағы арнайы өкілі Тұрғанбаев Асқар Әбдуалиұлы Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысына және фестивльда өнер көрсеткен барша өнерпаздарға «Алғыс хат» табыстады.