Вице-министр Ақтөбеде "Рухани жаңғыру" аясында атқарылған істермен танысты
Вице-министр Ақтөбеде "Рухани жаңғыру" аясында атқарылған істермен танысты
Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есинге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар таныстырылды.
2017-2019 жылдар аралығында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде биыл құны 1,1 млрд теңге болатын 580 әлеуметтік жоба қолға алынды.
«Арнайы жобалардың қатарында Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымындағы «Қыз әулие» күмбезіне консервация жасау, Ойыл ауданындағы «Керуен сарай» тарихи-архитектуралық кешеніне реставрация жұмыстарын жүргізу, Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеориттік кратеріне ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру, «Түйетөбе» яғни, қуғын-сүргін, ашаршылық кезінде опат болған адамдардың ұрпақтарының халықаралық форумын өткізу, «Хан моласы» кешенін қоршау жұмысы бар. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енген республикалық 10 және жергілікті маңызы бар 22 ескерткіштің 3D моделін әзірлеу, облыс аумағындағы киелі жерлер тізіміне енгізілген 16 ескерткішке QR-код орнату және үш тілдегі веб-сайтты әзірлеу үшін облыс бюджетінен 8 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді Ақтɵбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов.
Айта кетейік, меценаттардың қолдауымен Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүрге, Едіге батырға, Бөкенбай батырға, Есет батырға арналған ескерткіштер бой көтерді. «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарық көрген 20 оқулықтың 6602 данасы алынды. «Жұбанов кітапханасы» 100 кітап жобасымен педагог-оқытушылар құрамы әзірлеген ғылыми-зерттеу еңбектерінің 21 кітабы баспадан шығарылды.
«Архив-2025» жобасы аясында биыл 131 мыңнан астам парақ цифрлық нұсқаға көшірілді. Жылдық жоспарда - 800 сақтау бірлігін цифрлық нұсқаға көшіру көзделіп отыр. Бұл, атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана», - деді Нұрлыхан Хасенов.