Елбасы Түркістан тұрғындарымен кездесті
Елбасы Түркістан тұрғындарымен кездесті
Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды Елбасының ресми сайты.
«Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап есте болған. Мұны менен бұрынғы өмірден өтіп кеткен ел ағалары да есінде ұстаған. Өткен ғасырдың өзінде Түркістан Республикасын құрамыз, Түркістан бюросы деп осы жерде көп шаруа атқарылды. Ал, енді тарихқа үңілетін болсақ, бұл - қасиетті өңір. Жиырма бір ханымыз жерленген, сұлтандарымыз бен әулиелер мәңгілік тыныштық тапқан өте киелі орын. Міне, бүгін Түркістан қаласын облыс орталығы етіп, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіншілігі қолымызға тиді. Бұл қаланың бүкіл Түркі дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Оңтүстіктегі ағайындар мен Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан қуанып жатыр. Олар да атсалысып, бізге көмектеседі деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ, Түркістан шаһарының алдағы уақытта ірі мегаполиске айналатынына сенім білдірді.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын. Мінекей, былтыр Түркістан облыс орталығы болады деген жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент - бір миллион тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта осындай үлкен қалаларда экономика, мәдениет - барлығы өсіп-өркендей береді. Алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалалар саны тағы артады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.