Жаңалықтар

"Фариза" мәскеулік көрермен назарына ұсынылды

ашық дереккөзі

"Фариза" мәскеулік көрермен назарына ұсынылды

Мәскеудегі «Современник» театрының сахнасында «Фариза» спектаклі қойылды. Белгілі драматург Роза Мұқанованың пьесасы бойынша қазақстандық жас режиссер Фархат Молдағали қойған бұл спектакльдің тұсаукесері  Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың сахнасында өткен болатын.  Ресейдегі қойылым бүкілресейлік театр марафонының бағдарламасына кіріп, Қазақстанның Ресейдегі күндері аясында көрсетілді.  Авторлары «Фариза» қойылымын мистикалық драма жанрына жатқызып отыр. Ақынның өлеңдері сценарийге шебер өрілген. Алайда бұл әдеби кеш те, өмірбаян да емес. Бұл – бас кейіпкердің ішкі дүниесі мен жан сезімін сахнада бейнелеу. "Фариза Оңғарсынова ақын болуымен қатар, Қазақстанның мәдени астанасы – Алматыға оқуға келген көптеген қазақ қыздарының қамқоршысы болған. Оларды ілгері жетелейтін. Фариза Оңғарсынованы өз шабыты санайтын ізбасарлары көп", - дейді идея авторы Айнұр Көпбасарова. Замандастары тарапынан марапатқа бөлену мен қызғаныш. Достық пен бақталастық. Үлкен табыс пен жалғыздық. Ақынның осының арасында таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Шығармашылық жолында шабытпен қатар ауыр жүкті да арқалауға мәжбүр. Бұл тағдырдың жазғаны. Ежелгі грек трагедияларындағыдай, ақынның парызы өзгерген жоқ: жан қиналысын жоғары өнерге айналдыру. "Әлем әдебиетінде Ахматованың, Цветаеваның, Мандельштам, Блок қандай әлемдік деңгейде болса, Фариза шығармашылығы, Фариза тағдыры, Фаризадағы жұмбақ – біз осыны іздедік. Бұл –Фаризаның арпалысы. Барлық адамға тән ғой арпалысып өту. Қоғам бірде түсінеді, бірде түсінбейді. Атақ, даңқ бола тұра адам өзін жалғыз сезінетін кездер болады", - дейді пьеса авторы Роза Мұқанова.