«Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» мерекелік іс-шара өтті
«Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» мерекелік іс-шара өтті
1 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның дүнгендер қоғамының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» атты мерекелік іс-шара өтті.
Достық үйінің шаңырағының астында өткен дүнген этномәдени бірлестігінің мәдениеті мен дәстүрлері күнімен құттықтаған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев:
«Тұрақтылық пен гүлденудің негізі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен осындай тамаша достық пен бірлік мерекелерін өткізу жақсы дәстүрге айналып отыр. Этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті, рухани-адамгершілік құндылықтарды, бейбітшілік пен достық қағидаттарын нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге аянбай жұмыс жасауда. Өйткені, бірлік болмаса, бейбітшілік пен келісім болмаса өлшеусіз термен, қыруар қажыр-қайратпен жасалып жатқан елімізді өркендету жолындағы еңбектің бәрі де бекер болар», - дей келе, дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.
«Дүнген этносының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясында (8 ҚХА мүшесі), ҚР Парламенті Мәжілісінде (Хахазов Шакир Хусанович), әкімдіктерде, білім, ғылым және денсаулық сақтау ұйымдарында кеңінен танылғандығын» атап өткен Жансейіт Түймебаев, қызықты мәліметтерге толы баяндама барысында Қазақстандағы мақтан тұтар дүнгендер жайлы, өткен жүзжылдықта танымал болған дүнгендердің бірі – мемлекет қайраткері Мағазы Масанчи жайлы да айтып өтті.
Бүгінде Қазақстанда, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 100-ден астам ұлттың әрқайсысының құқықтары мен мүмкіндіктері бірдей және олар өз ұлтының мәдениетін сақтап, дамытып қана қоймай, жалпыұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейді. Дүнген халқының салт-дәстүрі мен өнері бір ғасырдан астам уақыт бойы көпұлтты Қазақстан мәдениетінің өрнегін толықтыруда.