Қазақ әдебиетінің антологиясы Парижде таныстырылды
Қазақ әдебиетінің антологиясы Парижде таныстырылды
Франция астанасы Парижде қазақ әдебиетінің жауһар туындылары таныстырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып, жарияланған қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясын француздар жылы қабылдаған.
Бір айта кетерлігі, антология танымал Мишель де Мюл (Michel de Maule) баспасында басылған. Баспаның бас редакторы, әйгілі француз ақыны Тьерри-де-Ла-Круа: «Бұл ауқымды жұмысты ойдағыдай жүзеге асыруымызға Қазақстанға сапарлап, авторлармен тікелей байланыс жасағанымыз көп көмектесті. Біздің өте танымал шығармашылық ұжымымыз үлкен жұмыс істеді және біз оның нәтижесімен мақтанамыз», – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Қос ел арасындағы әдеби сабақтастық әдебиеттің ілгерілеуіне ықпал етіп, қазақ әдебиетшілерінің еуропаға танылуына алтын көпір болған іспетті. Өйткені француз тілінде ұсынылған басылымдар барлық ірі французтілді елдерге жеткізіліп, ірі кітапханалар, университеттер мен академиялық орталықтардың қорларына жіберіледі. Жалпы алғанда, 220 млн адамдық аудиториясы бар 30-дан астам елдегі 5 мыңнан астам ұйым қамтылады. Бұл жайында ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева: «Әдебиет – халық рухының өзегі. Сондықтан қазіргі 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындыларын бір уақытта БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және басып шығару біздің бүкіл мәдениетіміз үшін маңызды оқиға», – деді.