Жаңалықтар

«Nur Otan»: Атырауда жемқорлықпен күрес күшейтілді

ашық дереккөзі

«Nur Otan»: Атырауда жемқорлықпен күрес күшейтілді

«Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес партияның 2015-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының Атырау облысында орындалу барысын талқылады. Қоғамдық кеңестің жоспарына сәйкес, жұмыс тобы Атырау облысындағы 2017-2018 және үстіміздегі жылдың 9 айындағы жағдайды зерттеді.  Сонымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында үстіміздегі жылдың 9 айында 2018 жылмен салыстырғанда жемқорлық деңгейі 42,2% өсіп отыр. 2017 жылдан бастап 2019 жылдың қыркүйек айына дейін 400-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданса, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын мөлшері 4,94 миллиард теңгені құрады. «Аймақта сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары болып отыр. Қылмыстық-тергеу жұмыстарының нәтижесі қылмыстың көпшілігі бюджет қаражатын игеру, мемлекеттік сатып алуды, мемлекеттік рұқсат беру қызметтерін жүзеге асыру кезінде облыстық және аудандық деңгейлердің басшылары жасайтынын көрсетті. Сондықтан да жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бұл індеттің дәл осы «ошақтарына» бағытталуы тиіс» - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі, Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков. Аймақтағы жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жөнінде есеп берген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы белгілі бір құжат, рұқсат немесе келісімдерді алуын цифрлық форматқа көшіру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту мақсатында Атырау қаласында eatyrau.kz электрондық қызметтер мен сервистер порталы іске қосылғандығын атап өтті.