Жаңалықтар

Ақтөбеде ұлы ердің есімі ұлықталды

ашық дереккөзі

Ақтөбеде ұлы ердің есімі ұлықталды

Тарих сахнасында үш мың жылдық салты бар көшпенділер өркениетін қалыптастырған, кейінгі ұрпаққа үлгі болған – ұлы даланың қайраткерлері, ділмарлары, би-шешендері мен батыр, баһадүрлер өмір сүрді. Қазақтың мемлекет болып қалыптасып ұлғаюына, елдігін құрып орнығуына ел басқарушы хандар мен әмірлердің рухани және тарихи ерлігі бірден-бір септігін тигізді. Осындай Ұлы тұлғалардың ерлік дәстүрлері арқылы тұлғаны тәрбиелеу, адамгершілікке баулу, өнегелі азаматты қалыптастыру мақсатында 2019 жылдың 25-26 қазан аралығында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері: Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық конференция өткізілді.  Конференция төрт бағытта жұмыс жасады: 1.     Түркі руханияты мен тарихынан Жалаңтөс баһадүрдің алар орны. 2.     Қазақ жырындағы батырлар бейнесі және көркемдік нақыштар. 3.     Ұлттық код және ашық саналы ұрпақ қалыптастырудағы асқақ рухты тарихи тұлғалардың рөлі. 4.     Жаңа заман талабына сай білім берудің өзекті мәселелері. Конференцияға ТМД аймағындағы түркі тектес мемлекеттердің делегациялары, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Дағыстан т.б. елдердің зерттеушілері, ізденуші жас ғалымдар, тарих, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Конференцияға қазақ, орыс, ағылшын және түркі тілдерінде 122 мақала ұсынылды. Шет ел ғалымдары: Галиб Саилов Әмірағаоғлу – Азербайджан ғылым академиясының профессоры   (Баку), Али Арслан – Мерсин университетінің профессоры (Түркия), Сатторов Улугбек - Файзуллаевич   ф.ғ.к., профессор,   Алишер Навои ат. халықаралық қоғамдастық төрағасы (Өзбекстан), Гаджиев Эльдар Набиевич – ф.ғ.д., профессор,   Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің халықаралық қатынас бөлімінің басшысы (Ресей) тарих сахнасындағы Жалаңтөс баһадүрдің ерлігі мен түркі елдері үшін қалдырған рухани мұраларын саралады. Тарихшы, ғалым С. Өтенияз өз баяндамасында: «Жалаңтөс батыр Орта Азия мен Қазақстан тарихында өз есімін алтын әріппен жазып кеткен әйгілі батыр, ел басқарушы әмір болатын. Оның заманын сараптасақ – ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елі тарихында елеулі оқиғалар болғанын көреміз. Шын мәнінде Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді сол заманда. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Мысалы, ­Андіжан өңірін Абылай сұлтан, Жизақты ­Алшын Бекоғлы, Самарқан қаласын және уәлаятын Жалаңтөс батыр биледі». Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры,   т.ғ.к   Тоқтабай Ахмет Уалиханұлы «Жалаңтөс батыр және Самархандағы қос университет» атты баяндамасында Жалаңтөстің батырлығымен қоса ағартушылық жолындағы баға жетпес еңбегін атап көрсетті: «Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады. Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Ширдор» (Арыстан медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары «Тилла-Кори» (Алтынмен апталган) медресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орнына, қос медресенің қазіргі қос университет екендігіне тоқталып өтті. Медресе араб тілінде «білім орны» деген мағына береді. Ұлықбектің Бұқарадағы медресесінің есігінде: «Білім алуға ұмтылу, білім алу – әрбір мұсылманның және мұсылманшаның міндеті» деп жазылған. Шир-Дор мен Тиллә-Кари медреселерінің сыртқы сәулет тұлғасынан бастап, ішіндегі оқу, білім алу үдерістерін Жалаңтөстің өзі қадағалаған. Сондықтан сол заманғы жоғарғы оқу орындарын Жалаңтөстің университеттері деп атаған». ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақ батыры, әскербасы Жалаңтөс баһадүрдің есімін ұлықтау шарасы Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүрге арналған ескерткіштің ашылуымен жалғасты. Батырдың ескерткіші Ақтөбедегі «Сапар» автовокзалы алдындағы алаңға қойылды.  Ескерткіштің салтанатты ашылуына өңір басшысы Оңдасын Сейілұлымен қатар, Түркия, Әзербайжан, Ресей мен Өзбекстаннан келген ғалымдар, қоғам қайраткерлері, батырдың ұрпақтары қатысты. «Бұл ескерткіш тек қана бір рудың, бір елдің ғана емес, күллі ұлы дала ұлдарына, тарихқа қойылған құрмет. Болашаққа үлгі», -деді аға буын өкілдері. Салтанатты шараға арнайы келген құрметті қонақтар ғалым Берекет Кәрібаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің бас штаб бастығының орынбасары, батырдың ұрпағы генерал-майор Таласов Мұхамеджан, ақын Светқали Нұржанов,  Қызылорда облысының құрметті  азаматы Нажмадин Мұсабаев, ҚР Мәжіліс депутаты, ақын Бақытбек Смағұл қолбасшы батырдың өмірінен сыр шертіп, тарихи деректерді келтіріп, рухты жырларын арнады. Аталған ескерткіш «Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының қаржысына салынған. Ескерткішке жұмсалған қаржы көлемі – 110,0 млн. тг. Қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 5,15 метрді құрайды. Ескерткіш авторлары белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков және Жеңіс Жұбанқосов. Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші халқымыздың даңқты қолбасшысына көрсетілген ерекше құрметі. Жалаңтөс баһадүр XVI-XVII ғасырдағы саяси-әлеуметтік жағдайға тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарихта аты қалған ұлы тұлға. Қорыта келе, алып империяны билеген қолбасшы, баһадүр, әмірші Жалаңтөс баһадүрдің ел басқарудағы мұраларын зерттеп, оның ерлігін жан-жақты қоғамдық ортада насихаттау жұмысында кеңірек қолдану қажеттілігін, жас ұрпаққа рухани тәрбие құралы ретінде қолданысқа еңгізу мәселелері қозғалды. Осындай халықаралық деңгейдегі шаралар жас ұрпаққа рухани тәрбие берумен қатар, тарих бетіне алтын әріппен жазылған Жалаңтөс бабамыздың есімін қайта жаңғыртары сөзсіз.