Жыл соңына дейін Алматыда 400 «Сергек» орнатылады

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматыда жол – көлік оқиғалары мен жарақат алу фактілері азайған. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. 

«Мегаполисте жол-көлік оқиғаларын алдын-алу және азайту мақсатында «Жол қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпараттық жүйе іске қосылды. Сондай-ақ, 108 бекет жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 400 «Сергек» орнатылады. Осылайша, қаланың барлық қиылыстары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталатын болады, бұл жазатайым оқиғалардың санын 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Қалада 1 800 жол қиылысы бар», – деп хабарлады полициядан.

Сонымен қатар, қаланың қауіпті учаскелерінде жазатайым оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында полиция көліктері мен жолдан өтіп бара жатқан балалардың макеті қойылған. Бұдан бөлек, қала әкімдігімен бірге қараңғы көшелер мен қиылыстарды жарықтандыру бойынша шаралар қабылданды.

Еске салсақ, мегополистің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында жиі болатын жол-көлік оқиғаларына назар аударып, мас жүргізіушілерді қатаң жазалауды тапсырды.

 

Back to top button