Жаңалықтар

10 генерал шыққан өлке

ашық дереккөзі

10 генерал шыққан өлке

Қазақстанның қай аймағы да эконо­ми­калық, туристік, географиялық т.б тұрғыда еліміздің дамуына үлес қосуда. Әр өңір бір-біріне ұқсамайтын кереметтерімен ерекше­ле­неді. Соның бірі – Жамбыл облысы құра­мын­дағы Жуалы ауданы. Аудан халқының көбі мал және егін шаруашылығымен айналысады. «Біздің аудан 10 генералды, Шерағаң мен Батыр Бау­кең­ді дүниеге әкелген қасиетті өлке. Сондықтан болар, әрдайым көш басында болуды қалаймыз. Мәселен, білім саласында жыл сайын оқушылардың білім сапасы айқындалатын ҰБТ да аудан, облыста алдыңғы саптан көрінеді. Баламалы электр көзін өндіруде де су және күн электр стансалары алғашқылардың бірі болып бізде бой көтерді. Шаруаларымыз да жыл сайын жаңа техноло­гия­ларды меңгеріп, өз істерінде сәтті пайдалануда. Туризмде облысымызда алғашқы болып «Қаралма» тау-шаңғы кешені пайдалануға берілмек. Айта берсек, мұндай жетістіктер жетерлік. Бұл бірінші кезекте – жуалылықтардың еңбек­сүй­гіштігінен деп білемін», – дейді аудан әкімі Нарбай Әбіл­қа­сымұлы. Жуалы ауданы негізінде техникалық дақылдарды өсіру­мен  дағдыланған, оның ішінде халыққа қажетті «екінші нан» – картоп дақылы. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруа­шылығы басқармасы арасындағы меморандумға сәйкес, индикаторлық көрсеткіш бойынша 2500 га астам алқапқа картоп егілген. Осы жылы көктем айының жауын шашынды болуына байланысты көп шаруалар дақылды  кеш еккен. Онымен қоймай жаз айында Алатауда қардың аз мөлшері болғандықтан, науқандық суару кезінде судың тапшылығы сезілген. Ақсай су шаруашылығы мекемесі тарапынан суару кестесі жасалынып, барлық шаруа­шы­лықтар сумен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы аудан бойынша Нұрлыкент – 302, Ақтөбе – 333, Қызыларық – 533, Көкбастау – 320, Мыңбұлақ – 232 гектар алқапқа кортоп егіліп, картоп жинау жұмыстары барлық ауылдық округтерде қарқынды жүргізілуде. Аудан басшылығының мәліметінше өнімнің 80 пайызы жиналып бітті. 2050 гектар алқаптан алынған орташа өнімділік 235 ц/га, яғни 48 175 тонна. Соңғы жылдары шаруа қожалықтары көбейіп, картоп өсіруді жақсы жолға қойған аудан жүйелі дамып келеді. Агротехнологияларды сақтай отырып, мол өнімге қол жеткізіп жатқандар көп. Онан бөлек, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС ерекше айтып өтуге болады. 1951 жылы іргесі қаланған әйгілі ірімшік зауыты осыдан бірер жыл бұрын қаржы тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатқан-ды. Тұралап қалған зауыт жұмысын кәсіпкер Әбдібек Пошқаев қолға алып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясының» қатысуымен кәсіпорын тамырына қайтадан қан жүгіре бастады. Бүгінде Жуалының дәмі тіл үйірер ерекше сүті мен ірімшігіне отандық тұтынушылардан сұраныс жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорында өндірілетін сүт өнімдерінің 70 пайызы республиканың түкпір-түкпіріне жөнелтілсе, қалғанын Ресейдің Самара қаласына экспорттап жатқан көрінеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға баса мән беруді тапсырған-ды. Экологиялық һәм геогра­фия­лық тұрғыда Жуалы ауданының әлеуеті жоғары. Аталған бағыт та аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлының назарынан тыс қалмаған. Мәселен, Батыс Тянь-Шаньның Талас Алатауында, «Қаралма» шатқалында, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы базасы басты туристік кешенге айналмақ. Оның бірнеше артықшылығы бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық транзиттік дәлізінен 8 шақырым, ауданының об­лыстық орталығы Б.Момышұлы ауылынан 20 км, Тараз қала­сынан 70 км және Шымкент қаласынан 90 км, «Теріс-Ащы­бұлақ» су қоймасынан 30 км қашықтықта орналасқан кешен қыс айларында қардың жеткілікті болуын қамта­ма­сыз етеді және курортты туристер, демалушылармен қам­та­масыз етеді. Сонымен қатар, кешеннің аумағында барлық маусымдық курорттық жүктемені қамтамасыз ететін жазғы демалыс түрлерін ұйымдастыруға да болады. Енді бір айта кетерлігі, жобалық құны 4 млрд. 867 млн. теңгені құрайды. Қазірде жобаның іске асырылу орны анықталып, құрылысқа 274 га жер телімі бөлінген. Электр қуатымен жабдықтау, газофикация мен су құбырын жүргізу жұмыстары басталып кетіпті. Кешеннің құрамына: 20 коттедж, 100 орындық қонақ үй, 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орынды кафе, бақы­лау алаңы, сервис орталық, веложолы бар спорт мек­тебі, 100 автокөлікке арналған 2 автотұрақ, бассейн және басқа да сауда және ойын-сауық орындары кіреді. Соның арқасында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асырудың арқасында ішкі және кіру туризмінің туристік ағындарының өсуі орта есеппен 45 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жуалы ауданының тағы бір кереметі қызғалдақтар отаны атанған Берікқара шатқалы. Әлем назары ауған аймаққа келетін туристер де баршылық екен. Өйткені Берік­қара ресми түрде қызғалдақтар отаны. Тіпті, Гол­лан­дияға қызғалдақтар осы жерден баруы мүмкін деген деректер де бар. Бүгінде ол аймақта Берікқара терегі, Қаратау арқарлары, үнді дикобраздары мекен етеді. Онан бөлек бұл өлкенің тарихи маңызы бар. Мұнда біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырға жататын 500 ден астам сақ қор­ғандары орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі, Жуа­лыда Орталық Азиядағы ең үлкен Күн электр станциясы ор­на­ласқан. 224 гектар алқапты алып жатқан «Бурное Солар» сағатына 100 МВт энергия өндіреді. Бұл 70 000 үйге қажетті қуат көзі. Қарқынды даму үдерісін бастан өткеріп жатқан аудан осылайша көпке үлгі болуға жарап тұр.

Б. Балықбай