Хамзаның азапты жолы
Хамзаның азапты жолы
Ауылдағы қариялар ақ қырау шалған сақалын еті қашқан арық саусақтарымен салалай тарап қойып: «Адамның басы – Алланың добы», – деп өткен күндерін еске алғанда мәтелдей сөйлеп отыратын. Жазғы демалысымызда екі-үш ай ауылда боламыз. Колхоздың интернатында қыс бойы су борщ ішіп, жүдеп-жадап жайлауда отырған әкемнің төртқанат киіз үйіне жеткенше асығамын.
Ол күнде өзімнің он жылдық оқуымды бітіріп, ҚазМУ-дің филология факультетіне түсетінім, бүкіл ғұмырының көбі түрмеде өткен: Өмірінің көбі, неміс түрмесінде, орыс абақтысында, фащистік концлагерлер мен кеңес үкіметінің Сібірдің ит тұмсығы батпайтын орманында, бүкіл жас ғұмыры Колыманың жерінде ит қорлықта өткен Хамза марқұмның досы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ.
Хамза Жармұханбетұлы Абдуллин 1919 жылғы 10 ақпанда Солтүстік Қазақстан (Қызылжар) облысының Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Булаев) ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Х.Абдуллин Алматыдағы Журналистер институтын бітіреді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Хамза әскер қатарына шақырылады.
Тарихта «Харковский котловина» – деп аталып кеткен Киев түбіндегі қоршауда 300000 Кеңес әскері неміс армиясының қолына түседі.
Сол кезде шыққан бір газетте: «Кеңес үкіметі қолбасшылары – әлемдегі ең талантсыз, ең білімсіз қолбасшылар», – деп жазған. Ол туралы Жуковтың өзі: «Жеңіске жетудің жалғыз жолы – жауынгерлерді оққа аямай айдап салу», – деп мойындаған. Екінші дүниежүзілік соғыста неміс әскерлерінің бес миллион солдаты о дүниелік болса, Ресейден барлық бейбіт тұрғынды қосқанда 48 миллион (орыс, өзге ұлттарды қоса есептегенде) адамның құрбан болуы аз шығын емес сияқты.
Бұл жайында Хамзекең күліп отырып, сағаттар бойына әңгіме айтудан жалықпайтын. «300000 деген бері айтқандағы жалған цифр», – дейтін. Шындығында 600000 мыңға жуық болатын. Атты әскер қолбасшысы Буденный жаңа заман соғысынан бейхабар болатын.
Немістер Кеңес әскеріне екі қабат қоршау салып тастады. Жоғарғы штабтағылар сасқалақтап, Буденный мен оның маңындағы генералдарды кукурузник ұшағымен (АН-2) түн ішінде алып қашты. Жерге таяу ұшатын осы ұшақты неміс зениткасы атып үлгере алмайтын. Бассыз қалған әлденеше армия қырылмағанда қайтсын, сырттан келер көмек жоқ. Солдаттар екі қабат қоршауды бұзып шыға алмай түгелдей қолға түседі.
* * *
Оқырмандар менің Хамзамен таныстығым жайлы білмеуі мүмкін. Онысы заңды. Мен, осы жолдардың авторы – ақын Зейнолла Тілеужанұлы Хамза соғысқа аттанып, қызыл қырғынның ішіне енгенде туған сәбимін. 1968 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін бітіріп, қалада қалу қамына кірістім. Кірістім деген жай сөз. Тоғыз шаршы метр жер табу мүмкін емес. Өлсең, екі метрді де бермейді-ау деп шамалаймын. Қалада өліп көрмегендіктен айтқаным ғой. Әйтеуір, аш иттерге тастамаса болды!.. Диплом алған соң, сол кездегі Орталық комитеттің бөлім бастығына, Шляхов дегенге әрең кіргенім есімде. Бір мың болғыр екен, ерінбей бір сағаттай телефон соғып, соның арқасында облыстық «Жетісу» газетіне корректор болып орналастым. Редакторымыз – Олжас Сүлейменовтің өгей әкесі Қарағұлов. Енді ақын Хамза Абдуллинмен қалай кездескенімді айтайын деп отырмын... Алатыным – 60 сом. Төлесем пәтерақыға, ішсем тамаққа жарымаймын. Жұмысы-тозақ. Газет таңғы бес-алтыда баспаға кеткенше ұйқы жоқ. Төрт қабат үйден лифтімен бір түсіп, бір шығасың. Гестапоның түрмесі одан жақсы ма деп қалдым. Сорыма қарай қарап жүрмей бірінші курстың студентіне үйлендім. Қарағұлов мені бөлімге алмады. Өз еркіммен кетуге арыз жазуға тура келді. Алла берейін десе, шаңырағыңнан тастайды. Маған да сөйтті. «Қазақфильмнің» жанынан ашылған «Жаңа фильм» – «Новый фильм» журналына кіші редактор боп орналастым. Айлығы сол кездегімен алғанда орташа деңгейде. Жүз жиырма сом. Айына екі рет беретін қаламақысы тағы бар. Бұл 1969 жылдың мамыры болатын. Мен Хамза Абдуллинді сол журналдан ұшыраттым. Ол сонда бөлім бастығы болып, мен барардың алдында орналасыпты. Бас редакторымыз ақын Мыңбай Рәшев. Оның бұл жұмысқа орналасуы үшін, сол заманда сирек те болса да жанашыр адамдардың көмегімен Компартияның Орталық Комитетіне хат жазады және ол хат тікелей Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қолына түседі және Димекең «жұмысқа орналастырылсын және пәтер берілсін» деген бұрыштама қояды. Кейбір қызметкерлер: «Ол – халық жауы. Біздің әкелерімізді өлтірген» – деп оған жылы шырай бермеді. Алайда «жаладан ақталған» деген табақтай қағазы бар Хамзекеңе атарға оқтары болмай, реті келсе шалып қалуға тырысатын. Хамза орта бойлы, толықтау келген, етжеңді адам екен. Өзі әңгімешіл. Басында мінезіміз шәлкем-шалыс келгенмен, артынша көп ұзамай достасып кеттік. Өзі тамаша ақын екен. Жаратылысынан ептеген трайбалистігі бар. Мен де оқу бітірген екі жылдың ішінде трайбализмнен (рушылдық) ептеп сабақ алып қалғам. Қалада қалатын студенттерді қолында мансабы бар «шалдар» оқуды бітірер-бітірместе бөліп алып, қызметке орналастырып, тіпті, кейбіреуіне пәтер де әперетін. Басында «крышасы» жоқ, қорғаны жоқ мен сияқтылар далада қалғанбыз.* * *
Бастаған әңгімеме қайта оралайын. 1941 жылғы 18-қыркүйекте Киев қаласының түбінде немістердің қолына Кеңес армиясының қатарында қолға түскен Хамзаны 1943 жылы мамыр айында Берлинге шақыртып алады. Оған себеп болған марқұм Мұстафа Шоқай құрған Түркі халықтарының легионы еді. Былайша айтқанда «Вермахтың мұсылман сарбаздары» десе де болады. Журналистік жоғары білімі бар Хамза Түркістан ұлттық комитетінен шығатын «Жас Түркістан» ба, әлде «Жаңа Түркістан» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған. Тәрізі, татардың Мұса Жалил деген ақынының ұйымына кірсе керек. 1945 жылғы сәуірдің соңына қарай Хамза Абдуллинді Гитлерге қарсы ұйымдастырылған жасырын ұйымға қатысқаны үшін гестапо тұтқынға алады. Өлім жазасына бұйырады. Ол туралы түрік-қазақ жазушысы, «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінің бас редакторы Хасан Оралтай өзінің 1973 жылы Стамбул қаласында шыққан «Алаш-Түркістан түркілері азаттығының ең басты ұлттық ұраны» атты кітабында: «Эсэстіктер атып өлтірген Хамза (Бүркеншік аты Сайран) өте талантты ақын болған, қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың стилінде өлең жазған», – деп атап өтеді. Сондай-ақ, Хасан Оралтай өзінің аталмыш кітабында «Сайранның» өмірден ерте озғанына өкініш білдіре отырып: «Топырағың торқа болсын», – деп, көңіл айтуды да ұмытпайды. Бірақ, Құдай сақтап, Хамза гитлершілдер оғынан аман қалады. Ол гестапоның қолына легионның полкі Польша жерінде тұрғанда түседі. Сол Польшада болған кезінде Ядвига атты поляк қызына үйленеді. Тұтқын болғаннан кейін оның бақытсыз махаббатының тағдыры бізге беймәлім. Редакцияда оңаша отырғанда ақкөңіл Хамза өзінің бастан өткерген тағдыр-тауқыметін күле отырып, жырдай қылып әңгімелейтін: «Кешкісін маған және камералас Жұмабаев деген қырғызға шығарылған ату жазасын гестапо офицері оқып беріп, таңғы сағат 8-де атылатынымызды хабарлады», – деп жайбарақат айтатын. Мен аузымды ашып, таңданып тыңдай берем. «Содан кейін... Содан не болды?» – деп сұраймын тықыршып. Не болушы еді, – дейтін Хамза күліп. Ажал күту азабы дегеннің қандай болатынын сен білмейсің, баласың, мен білем, дөңбекшіп ұйықтай алмадық. Шіркеудің қабырға сағаты сегізді соқты. Елегізіп естіп жатырмыз... Есік ашылған жоқ. Бір, екі... үш минут өтті. Біртіндеп бойымызға жан кірейін деді. Енді бізді атпайды, – деді камералас қырғыз жігіті. – Аузыңа май! – дедім қуанып. – Немістер өте дәл жүретін халық. Уақыттан қателеспейді. Жарты сағаттан соң, камераның есігі ашылып, кірген күзетші: «Сендерді Берлин түрмесіне ауыстыратын болды», – деп хабарлады. Біз «Берлин түрмесіне» емес, елге қайтардай қуандық. Артынан білдік, бізге аудармашы болған башқұрт жігіті Түркістан легионының офицері екен. Сол немістер тарабынан қойылған басшымыз Олщеге телефон соғып: «Хамзаны атқалы жатыр», – деп хабарлайды. Олще соғыс министрі Розенбургке кіріп, Хамзаның тағдырына араша түседі. Сөйтіп, қырғыз жігіті екеуін шанаға салып, мықты күзетпен Берлиннің түрмесіне аттандырады. Жұмабаев жолда немістерден қашып кетеді. Бұл кезде Қызыл Армия Берлин іргесіне келіп қалған. 1945 жылғы 23-сәуірде түрме бастығы, неміс майоры камераның есігін ашып тастап: «Бастарың ауған жаққа қаша беріңдер! Мен де қашамын!» – деп тайып тұрады. Сөйтіп, ғайыптың күшімен Хамза тура келген ажалдан аман қалады. НКВД жендеттері олай жасамас еді. Мәселен, КСРО-ның батыс облыстарынан 1941жылы Кеңес әскері шығысқа шегінген кезде НКВД жендеттері арттарына айғақ қалдырмау үшін түрмедегілерді түгелдей атып кеткен. Бұл туралы Рой Медведев: «Соғыс алдында: Львов, Кишинев, Рига, Таллин, Вильнюс, Каунас тағы басқа батыс қалаларында көшіріліп үлгермеген саяси тұтқындар өте көп болатын. Соғыстың алғашқы күндерінде НКВД жендеттері соларды қырып салды», – деп жазады. Түрмеден шыққан Хамза Абдуллин Совет Армиясының 36-атқыштар двизиясының 110 атқыштар полкіне қосылады. 1946 жылғы сәуірге дейін сонда қызмет етеді. Полк ол кезде шығыс Пруссия аймағында тұратын. Сол жылдың 9-сәуірінде «Смерч» арнайы жасағы Хамзаны Отанын сатқан сатқын ретінде тұтқындап, этаппен Алматыға аттандырады. Алматыға әкелінген Хамза НКВД-ның Дзержинский көшесіндегі ішкі түрмесіне қамалады. Бұған дейін ішкі түрмеде Хамзамен бірге Түркістан легионында бірге болған 48 адам қамақта отырған. Түркістан легионерлерін тергеу ісі бір жылға дейін созылып, 1947 жылдың 18 сәуірде аяқталды. Түркістан әскери округінің трибуналы барлық 49 адамға сот үкімін шығарып, 11-іне ату жазасын кеседі (кейіннен 25 жыл түрмеде отыру үкімімен ауыстырады). Қалғандарына – 15 жылдан 20 жылға дейін мерзім берді. Хамза Абдуллинге он жыл берілді. Неге аз мерзімге сотталғанын Хамзекең бізге былайша түсіндіретін. Сол кездегі куәлардың бірі болып, Қырғыз НКВД-сының полковнигі тұтқыннан қашқан баяғы Хамзаның камералас серігі Жұмабаев куәлік береді. Сірә, КГБ оның Гитлерге қарсы астыртын ұйымға қатысқанын ескерсе керек. Өмірден жолы болмаған Хамзаның фашизмнің концлагеріндегі көрген ит қорлығы 1947 жылы аяқталып, көкжиектен екінші бір концлагердің, Сталин түрмесінің төбесі көрінді. Сібірдің ит тұмсығы батпайтын «Колыма» концлагерінде он жылға жуық жас өмірін ауыр азаппен өткерген Хамза 1955 жылы «Күн көсем» о дүниелік болғаннан кейін екі жыл өткенде бостандыққа шықты. Жүрегі алып ұшып туған еліне оралған ақынды отандастары салқын, ызғарлы қабақпен қарсы алды. Атышулы 58 баппен сотталған ақынды ары қарай қуғындау жалғасын тапты... Сол кездегі Қазақстанның астанасы болған Алматының баспа орындарының, газет-журналдарының есігін қағып жұмыс сұраумен біраз өмірін өткерді. Ауыздары күйіп қалған қарт коммунистер, «Халық жауларымен» жасырын күресін бастап кеткен жас коммунистер атышулы 58-баппен сотталған Хамзаны ақталғаннан кейін, 1956 жылдан соң да қуғындауын қоймады. Қайда барса, маңдайы тасқа тиген Хамза, өзінің туған қаласы Петропавлға (Қызылжар) қайтып кетеді. Сол кезде атақты әдебиет сыншысы, тамаша публицист Ілияс Омаров облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаратын. Сол кісінің көмегімен облыстық «Ленин туы» газетіне қызметке орналасады. Бақытжан деген қызға үйленіп, шаңырақ көтереді. Ілияс Омаров қызметі жоғарылап, мәдениет министрі болып Алматыға ауысқан соң, Хамзаны қуғындау қайта басталады. Жас жұбайын қасына ерткен ақын Петропавлдың алыс аймағындағы өз аулына қоныс аударып, бастауыш мектепке сабақ беріп жүреді. Оған Алматыда Жазушылар Одағында қызмет істейтін жаулары бұл жерден тыныштық бермей қуғындайды. Табиғатынан туа біткен ақындықты Хамза түрмелерде де, концлагерлерде де тастаған жоқ. Грузиннің Ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһангез» дастанын аударады. Кеңес өкіметі жылдарында осы дастанның үзіндісін елуге тарта ақын қазақшаға тәржімалағаны есімде. Жаңадан қалам тартып, мектеп партасында өлең жазып жүрген мен де оқып көріп, түк түсінбегем. Міне, осынау ұшан-теңіз дастанды ұзақ жылдардан кейін қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов алғы сөз жазып баспадан шығартты. Ұмытпасам, жетпісінші жылдардың орта кезі-ау деймін. Хамзаның бірді-екілі өлең кітабы және «Мұстафа мен Мағжан тұран елінің даналары» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Журналистер институтында оқып жүргенде «Шойын жол» атты поэмасы жыр мүшәйрасында бірінші орын алған Хамза сол кездегі жас ақындардан шоқтығы биік тұрған еді. Соғыстан соң оның соңына түскендер ақынның бақталастары еді. Мен оның өз аузынан естігенімді жазып отырмын. Жоғарыда айтып өткендей, Петропавлдан Алматыға қайта оралған Хамза жары Бақытжан екеуі шөппен емдейтін атақты халық емшісі Кәдірқожа Аманкелдиевтің жертөлесінде пәтерде тұрады. Бақытжан көкірек ауруына ұшырап, екі-үш жылдан кейін қайтыс болады. Ақынның бақытсыз махаббаты осылайша сәтсіз аяқталады. Хамзаның жоғарыда аталған «Қазақфильмнің» жанынан шығатын «Жаңа фильм» журналына орналасуы да өз алдына бір әңгіме. «Жаңа фильм» журналына Д.А.Қонаевтың өзі араласып орналастырады. Өмірдің ащы-тұщысын бір адамдай татқан Хамзамен өмір бойы дос болып өттім. Бірде Хамзекең: «Зейнолла сенің жүз жауың бар шығар... Менің мың жауым бар. Мен өлген соң, бір мың бір жүз жаумен күресу қиын болар...», – деді. Күрес жолын сізден үйрендім ғой, дәнеме етпейді, – дедім күліп. Кейіннен байқадым, Хамзаның сол сөзі шындыққа шықты. Хамзаның екінші некесі де бақытсыз болды. Артында бір ұл, бір қыз қалды. Олардың көрген күнін айтуға ауыз бармайды. Жазушылар Одағынан көмек жоқ... Осымен өмірі өксумен өткен менің досым Хамза 2001 жылғы 10 ақпанда, өзінің туған күнінде дүниеден өтті. Туған жері Петропавлда көше беріп, ауылына ескерткіш орнатылса ғой, шіркін!Зейнолла Тілеужанұлы
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері