ШОНА
ШОНА
Радиодан немесе теледидардан белгілі әнші-компазитор Әбиірбек Тінәлиевтің «Анамның тілі – аяулы үні» деген өлеңі құлағыма шалынса мен еріксіз оның мәтінін жазған көпшілікке таныс қазақ сықақшысы, ұлт жанашыры Шона Смаханұлын еске аламын:
Өмірге келдім, Анамды көрдім,
Деді ол: жаным, Арайлы таңым.
Самал боп желпіп, Жырымен ертіп,
Үйретті тынбай Бал тілін, әнін.
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі – өмірді думан.
Шона Смаханұлы сайыпқыран сатирик, шоқ тілді ақын ретінде ерте танылған қаламгер. Ол ауылдық мектептің мұғалімі бола жүріп, сонау 1950 жылдан бастап қаламды өзіне серік етіп, өндіре өлең жазып, нәрлі, уытты шығармаларымен көптің көзіне түсіп, біраз сатиралық дүниелері облыстық, республикалық баспаларда жарық көріп, «ақын бала» атанады. Ол мектеп партасынан, төменгі сыныптан басталған ақиқатқа, өмірге, өлең-өнерге құштарлық хақында былай дейді: «Әсте сатирик болсам» деп армандамадым десем, өтірік айтқан боп шығар едім… Кейін мұғалім болып жүріп те, өлеңнен қолымды үзгенім жоқ. Ауданда мұғалімдердің тамыз кеңесі өтер кезде «Жанды газет» шығаратынбыз. Бұл қабырға газет те менің шымшыма, шаншымаларыма көп орын беретін. Жазғандарым республикалық газет-журналдарда да көрініп жүретін. «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттері мен «Ара» журналы болды. Ол туралы: «Қай газетте, иә журналда жұмыс істейін, журналистік өмірдегі мақсатым айқын болды, ол – белең алған кемшіліктерді аяусыз сынау еді».
Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Орынды мысқыл – оттан да өткір» деген қанатты сөзі Шона ақынның сықақтарын оқығаннан кейін пайда болды дейді айтушылар. Мүмкін онысы, сірә, рас болар. Ел аузында Шона айтқан екен деген түйрегіштей түйреп өтер мысқылдар аз емес, Мысалы, «Мен, мен, мен деп төсін ұрады, Төсі сынса несін ұрады», немесе «Кең болғасын бүйені, Жұтып қойды түйені», «Болар бала білім іздейді, Тозар бала шылым іздейді» және т.б. Белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек әріптесі Шона туралы: «Оның тілі тесіп шығады, немесе кесіп шығады» деуі бекер емес болар. Өмір шындығынан туған Шонаның сықақтарының ел аузынан соңғы кездерге дейін түспей келе жатқаны да рас.
Ш.Смаханұлының танымал шығармалары «Өліп-тірілген», «Соқыршектегі волга», «Дүние- қоңыздың арманы», «Әженің әлдиі», «Шалдан шыққан шатақ», «Түлкі тәрбиеші» тағы да көптеген интермедия, скетч, этюд, ирониялары бүгінге дейін сахналарда орындалып, көрермен қуанышына ие болуда. Қаламгер өзі мақсат етіп алған жанрына бүкіл шығармашылық ғұмырында адал қызмет етіп, оның қыр-сырына мүмкіндігінше тереңірек енуге тырысып, түрлі көркемдік барлаулар жасап отырды. Соның нәтижесінде әзіл-сықақ жанрының әр саласында көңіл тұщытарлық еңбектер туғызды. Оның сатиралық әңгімелері юморескалары, мысалдары мен шымшымалары, пародиялары мен скетчтері іліп түсетін өткірлігімен есте қалды. Әлі де еміс-еміс оның шығармаларына оралып, әртүрлі баспалардан оның дүниелерін кездестіруге болады. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде жазушы-сатирик Шона Смаханұлының шығармашылығына арналған «Шонаның шошаласы» деген рубрикамен көп жылдардан бері ай сайын әзіл-қалжыңдар, сықақтар топтамасы жарияланып, оқушыларына ұсынылуда. Бұл – Шона ағаға деген жерлестерінің ыстық махаббаты, асыл құрметі.
Сатирик-ақын Шона Смаханұлы артында мол әдеби мұра ғана емес, азамат ретінде елеулі із де қалдырғаны мәлім. Тоталитарлық заманда білім беру саласындағы солақайлықтарды сынап, қазақ мектептерін көбейту жолындағы белсенді іс-әрекеттері үшін «ұлтшыл» атанған күрескер ақын Шона Смаханұлының ұлттық рух, ата-баба дәстүрлерін жаңғыртуға бар қуатын арнағанын кім білмейді. Тіл мәртебесін көтеруге қиып түсер сөз семсерімен араша түскені көпшілікке мәлім. Ол бар саналы ғұмырын елін, Отанын сүюге арнап, сол жолда қызмет етіп, мемлекеттік тіліміздің нығаюына ерекше серпін күш беріп, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азамат еді.
«Ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңесінің төрағасы ретінде бүкіл республикамыздағы қазақ мектептерінің жағдайына айрықша назар аударып, Алматыда қазақ мектептері мен балалар бақшаларының санын көбейту жолында жанын салды. Сол тұста Мектеп кеңесінің жауапты хатшысы, кейін төрағасының орынбасары болып Шөкеңмен бірге қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға атсалысқанымды әлі күнге іштей мақтан тұтамын.
Өткен ғасырдың 85 жылына дейiн КСРО-да ұлт жөнiнде үстемдiк еткен сұрқия саясаттың қайта құру кезеңiнде iргесi шайқалғаны жұртқа мәлiм. Әсiресе орыс тiлiн жалпыға бiрдей ету үшiн, ұлттық мектептердi жауып, ұлттың өз ана тiлiнде оқып, дамуына үлкен кедергi келтiрген болатын. Жариялылық кезiнде қазақ мектептерi мен балалар бақшасын ашу мәселесiн ендi жеке адамдар емес, өтiмдi әрi салмақты болу үшiн ұйымдар атынан, ұжым атынан қойыла бастады. Бұл игiлiктi шараның басында белгiлi сатирик ақын Шона Смаханұлы жүрдi. Ұлы Отан соғысының ардагерi Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегi хатшысы О.Сүлейменовпен келiсiп, Одақ жанынан қазақ мектептерiмен айналысатын бөлiм ашып, белсендi iс-әрекетке бiлек түре, тайсалмай әрi тайсақтамай тiке кiрiстi. Шона Смаханұлы республика басшысы Д.Қонаевтың құзырына бұл мәселенi жеткiзiп, ағарту саласындағы солақайлықты, қазақ мектептерiнiң жабылып, жыл сайын оқушылар санының да азайып бара жатқанын, мұның өзi ұлтымыздың болашағына қауiптi екенiн көтерiп, дабыл қақты. Шона Смаханұлының жан айқайына Жазушылар одағының кейбiр мүшелерi, журналистер, зиялы жұртшылық жедел үн қосып, қолдау бiлдiрдi. Республиканың баспасөз беттерiнде қазақ мектебiнiң тағдыры жайында қоғамдық пiкiр көтерiле бастады, мұның да басы-қасында жүрген азамат Шона Смаханұлы болатын», – дейді жазушы-журналист Көлбай Адырбекұлы.
Ұлт жанашыры болған Шона Смаханұлы тынбай, шырылдап жүріп Алматыда қазақ мектептерінің, бала бақшалардың санын көбейтуге барынша атсалысып, қоғамымызда бей-берекет мүшкіл жайға ұшыраған қазақ тілін дамыту туралы билік алдына, тіпті сол кездегі республикалық компартияның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, мәселені ашық қойып, жанын аямай, барынша тер төккен белгілі қоғам қайраткеріне айналды. Шокеңнің ол бастамасын алматылық зиялы қауым қызу қолдап, уақыт өткен сайын келешегі бұлыңғыр болып бара жатқан ұлтымыздың тілін қорғап қалуға үн қосып, сол кездегі астанамызда бірнеше қазақ мектебі мен балабақша ашылғаны барлығымызға аян. Ол іс басқа өңірлерде де қолдау тауып, жыл сайын қысқарып, қожырып, азайып бара жатқан қазақ мектептерінің санын тежеуге, тіпті, базбір өңірлерде көбейтуге басты себеп болды.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін себепсіз қуғынға ұшыраған жастарды қорғауға белсене, батыл қатысқан қаламгерлердің бірі Шона Смаханұлы болғанын көпшілік жақсы біледі. Күрескерлік қасиетін ол ешкімнен тайсалмай, жалтақтамай, бұқпайламай ашық білдіріп, азаматтық позициясын, ұлттық ұстанымын, рух батылдығын көрсетті. Сол қаһарлы 17 желтоқсан күні кешке Шона аға Қонаевқа телефон шалып, хал-жағдайын сұрайды. Осының алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтіп, онда Димаш Ахметұлы республика партия ұйымының басшылығынан алынғаны белгілі болатын. Оның орнына Колбиннің сайлануына жастар наразылық көрсетіп, алаңға шығып жатқаны тағы бар. Тура осындай сәтте Димекеңнің хал-жағдайын сұрағаны Шөкеңе бәле болып жабысқан. Күн-түн демей «үш әріп» шақырып, сұраққа алып, әбден жүйкесін тоздырып, мазасын кетіріп, берекесін алыпты. Басылымдарда жарыса «Шона Смаханұлы ұлтшыл жазушы» деп қаралаған мақалалар дайындалып, базбірі жарияланып жатты. Шона ағай «жеңіл шағылатын жаңғақ емес» екенін дәлелдеді, қайсарлық көрсетіп, барынша тіресті. Шөкең белді бекем буып өзінің азаматтық мінезін тағы осы кезде танытты: «Құдай өзі берген жанын өзі алады. Қалтама партбилетті босқа салып жүрмін бе? Өздерінің қатарына соғыста өткен мүшесін қорғасын. Жоғарғы партия органдарына шағым жазайын!» – деп, СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Горбачевтің, екіншісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің атына телеграмма жібереді. Сол телеграммалардан соң ғана Шөкеңді аңду, қудалау тыйылады. Жігіттермен кездескенде көңілі жайланып: «Бауырларым, қостілділік туралы қаулы шықты ғой. Енді іске бұрынғыдан да батыл кірісейік!» – деп қайрат беріп жүретін... Ұлт болашағы үшін жанын салып, қайратқа мініп, басын бәйгеге тіккен Шона ағаның бұл ерен қызметін ерлікпен тепе-тең десек қателеспейміз.
Ақеділ азамат Шона аға туған жері Талас өңірін жанындай жақсы көретін. Уақыт тауып «Ойық» аулына жиі атбасын бұратын, үлкенді-кішілерге сәлем беріп, аунап-қунап жатып, ауыл тіршілігімен танысып, оның жетістігіне жас баладай қуанатын. Оған оның мына жыр жолдары куә:
Өткіздім қилы өмірдің бәрін бастан,
Елім де, жерім де көп бауыр басқан.
Дариға-ай, туған жерді ойлағанда,
Жас шығар жастық болған қара тастан.
Шона Смаханұлы 1988 жылы 65-ке қараған шағында Алматыда дүние салды.
1992 жылғы 8 желтоқсанында Алматы қаласындағы №62 мектепке Шона Смаханұлы есімі берілді.Туған өлкесі – Жамбыл облысындағы Тараз қаласы мен Талас ауданында да орта мектептерге ақын аты берілді. Жас құрақтай жетіліп өсіп келе жатқан жастар көрнекті сатирик-ақын Шона Смаханұлының шығармаларына мезгіл-мезгіл оралып, шығармашылық кештер, оқулар, конкурстар өткізуде. Оның сөзіне жазылған «Анамның тілі – аяулы үні» әні әр мектепте жез қоңыраудың жағымды қоңыр үніндей әуелетіп шырқалуда...
Ұлтының жарқын болашағы үшін, ана тілінің ұмытылмауы, кенжеленбеуі үшін асау толқынды ағысқа қарсы жүзіп, «от пен суға» түсуге дайын тұратын, тіпті, басын бәйгеге тіккен Шона аға еліміздің егемендік алғанын, байрағымыздың көкте желбірегенін көре алмады, өкінішке қарай, өмір ол күндерге жеткізбеді. Бірақ, белгілі қаламгер Ш.Смаханұлының ерен патриоттылығын, қажырлы тіл жанашырлығын, қайтпас қайраткерлігін көпшілік әсте ұмыта қоймас.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор