Сыртқы саясат сардары – Ержан Қазыханов
Сыртқы саясат сардары – Ержан Қазыханов
Өмірін сыртқы істер саласына арнаған білікті дипломат Ержан Қазыханов 1964 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Айта кететін жайт, Ержан Хозеұлы ғалым, Қазақстанның теориялық және қолданбалы механикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан Хозе Рақымханұлының ұлы.
«Әке көрген оқ жонар» демекші Ержан Қазыханов 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетін тарихшы-шығыстанушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Әкесі Хозе Қазыханов та 1960 жылы Ленинград инженерлік-құрылыс институтының механика факультетін бітіріп, содан кейін Алматы жол белгілері және жол көліктері зауытында өнегелі өмір жолын бастаған еді.
Алғашқы еңбек жолын Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің хаттамалық-саясат бөлімінде екінші, кейіннен бірінші хатшы болып бастаған Ержан Қазыханов 1992 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протокол басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары лауазымдарын атқарады. Ал 1995 жылдан 2000 жылға дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы әрі кеңесшісі болып қызмет етті. Дәл осы кезде ол БҰҰ Бас хатшылығы ауысып жатқан өтпелі кезеңдердің куәсі болады. Бұл аталмыш ұйымды төрт жыл басқарған тегі копт, өзі египеттік Бутрос-Гали қызметінен кетіп, оның орнына ганалық дипломат Кофи Аннан келген тұс болатын. Бәлкім, Ержан Хозеұлының БҰҰ-дағы қызметі оның шығыстану мамандығын алып, әлемдік деңгейдегі ұйымды араб әрі африкалық дипломаттардың басқару кезеңімен тұспа-тұс келуі тағдырдың дайындаған тосын сыйы болар...
Дегенмен, ол 2002 жылы елге қайта оралып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің басшысы болып еңбек етті.
2003 жылы Біріккен Ұлттар ұйымындағы ҚР Тұрақты Өкілі ретіндегі миссиясын қайтадан жалғап, сонымен қатар Қазақстанның Кубадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қатар атқарады.
2007 жылы елге қайтып, бір жыл уақыт аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болады. 2008 жылдың ақпанынан желтоқсанына дейін ҚР Президентінің көмекшісі болып қызмет етті.
2009 жылдан елшілік қызметін әрі қарай жалғап, 2011 жылға дейін Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Қазақстанның Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі атанады. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ ұйымына Төрағалық етіп, саммитті абыроймен өткізді. Осы орайда, 1975 жылы Хельсинкиде іргесі қаланған ұйымның штаб-пәтері Венада орналасқанын айта кеткен жөн.
2011 жылдан 2014 жылға дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады. Бұған дейін сыртқы саясат саласында қаншама құрылымдарда қызмет еткен Ержан Қазыханов Сыртқы істер министрі ретінде табысты қызмет етіп, 2014 жылы миссиясын сәтті аяқтап, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалып, қайтадан елшілік қызметін жалғайды. Қазақстан экономикасында инвестиция көлемі жағынан бесінші орында тұрған «Тұманды Альбион» елінде Елшілік ету қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін және қандай тұлғалар Лондонға маңызды миссиямен аттанатынын осыдан-ақ бағамдай беруге болатын шығар, сірә.
2017 жылы Ержан Қазыханов тағы да қызмет ауыстырып, Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі атанады. ЭКСПО секілді маңызды шараны өткізіп жатқан Қазақстан үшін бұл кез аса маңызды кезеңдер болатын. АҚШ-пен әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп, 2018 жылдың басында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Вашингтонға ресми сапармен барды. Сыртқы саясатқа қызығушылық танытқан оқырман әлеуметтік желілерде қызу талқыланған Н.Назарбаев пен Д.Трамптың қол алысу сәтін қайта қараса болады. Осындай тарихи сәттерге кәсіби дипломат Е.Қазыхановтың куә болғаны сөзсіз.
Ержан Хозеұлы Қазыханов сыртқы саясат пен дипломатия саласында ұзақ жылдар қызмет еткен білгір маман. Еңбек жолын бағамдап отырсақ, тек сыртқы саясат саласында еңбек етіп, оның жай-жапсарын толық меңгерген. Сондай-ақ Ержан Қазыханов тарих ғылымдарының кандидаты. БҰҰ қызметі және көпжақты мәмілегерлік турасында қазақстандық және шетелдік басылымдарда бірқатар мақалалар мен жарияланымдардың авторы. Ағылшын және араб тілдерін еркін меңгерген. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.
Ержан Қазыханов 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, «Астананың 10 жылдығына» мерейтойлық медальдарімен және т.б құрмет белгісі саналатын медальдармен марапатталған.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
саяси ғылымдар магистрі