Жаңа ғасырдағы наным-сенім мәселесі
Жаңа ғасырдағы наным-сенім мәселесі
Елбасының рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Уақыт бір орында тұрмайды. Қазақ даналығында «Елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі уақыттың өзгешелігі адамзаттық өркениеттің тегершігі тез жүріп келеді. Осындай шақта мемлекет пен жеке адамды, тарих пен ұрпақты біріктіріп отыратын ұлттық сана, ұлттық идея және ұлттық идеология механизмі қажет. Көп жылдар бойы қазақ халқының қатпарлы тарихы отарлаушылардың ыңғайына қарай жазылып, оқытылып келгені рас. Сол арқылы ұрпақтың тарихи санасы қалыптасты.
Ресей патшалығы қазақ даласын отарлау саясатының алдыңғы шебіне миссионерлерді тағайындады. Сөйтіп ХІХ ғасырда миссионерлер ұлттық тарих, әдебиет, мәдениет пен дүниетанымымызды, дініміз бен тіліміздің табиғи қалыбын тас-талқан етті. Сол бұрма таным-түсінікке негізделген жасандылыққа біз әлі күнге дейін қалтқысыз арқа сүйеп, сілтеме жасап келеміз. Отандық ғылыми айналымдағы жатжұрттық өкілдерінің ғылыми-тарихи еңбектері мен ой-пікірлерін ұлттық пайым-көзқарас тұрғысында зерделеу жағына басымдық беруді «Рухани жаңғырудың» талабы ретінде түйсінуіміз керек.
Ұлттық сананың қалыптасу негізінде ұлттық тәжірибеден бөлек, діни құндылық та бар. Өкінішке қарай, радикалдық діни идеология біздің ұлттық және тарихи болмысымызға сын-қатер алып келуде. Кейбір діни ағымдар біздің мәдениетімізге, тарихымызға өзімізді қарсы қойғысы келіп, ұлттық кодымызға шабуыл жасауда. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» журналында жариялаған бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», – деп қоғамды жетілдірмейтін мәселені меңзеген еді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылығы мен символы тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» – деп жастар арасында идеологиялық, рухани-тәрбиелік жұмыстар ұлттық мүддеге сай тиімді жүргізілуі керектігін қадап айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық үндеуіне үлес қосу мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасы «Туған жер» бағдарламасы аясында 2018-2020 жылдарға арналған «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» атты кіші жобасы әзірленді. Аталған жоба дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының күшін топтастыруға, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды дамытудың бағыт-бағдарын тұжырымдауға, діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға арналған.
Кіші жобаның бастамасы ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбындағы облыстық форум өтсе, екінші кезеңі 2018 жылдың 2 ширегімен 2020 жылдың 3 ширегі аралығында Тараз қаласы мен барлық аудандарда кезең-кезеңімен деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуын алдын алу кешенді шараларын өткізу. Сондай-ақ, 2020 жылдың қазан айында «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбында қорытынды конференция өткізілетін болады.
Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз – егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік ел» идеясы арқылы рухани жаңғыру құндылықтарын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету деп білейік.
Бақтияр Алпысбаев,
Дінтанушы