Тіл туралы тағы жиын өтті: Не күтіп едік, не шешілді?

Тіл туралы тағы жиын өтті: Не күтіп едік, не шешілді?

Тіл туралы тағы жиын өтті:  Не күтіп едік, не шешілді?
ашық дереккөзі
«Тіл тағдырыел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесісол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Өткен аптада Нұр-Сұлтан қа­ла­сын­да тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізуді мақсат еткен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты форум өтті. Шараның өтуіне мұ­рын­дық болған – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығы. Тұңғыш рет ұйымдастырылған Тіл фо­румына жиналған жұртта есеп жоқ. Форум басталған сәтте лық толған залда жиын соңына дейін ине шаншыр орын болмады. Жиналған жұртшылық сахна төрінде сөз алған мамандардың әр сөзін мұқият тыңдап, әр мәселеге жіті назар салып отырды. Бұл қазақ тілі жан­ашыр­ларының көптігін көрсетсе керек. Мемлекеттік тілдің мерейін қайтсек үстем етеміз деген жанашырлар жи­нал­ған жиында талай мәселе көтерілді. Жаңа әліпби негізінде жаңғырған қазақ тілінің қазіргі заман сұранысына сай  дамыту, еліміздегі кез келген Заң мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыру, отандық бизнесті қазақ­ша­ландыру, білім беру жүйесін латын әліпбиіне көшіру, ғылымдағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту, сапасын арттыру, БАҚ-тағы қа­зақ­тілді контент сапасын арттыру, жастар арасында қазақ тілін брендке айналдыру мәселелері форумның өзекті сауалдары болды. Әсіресе, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы, талқыға түсіп жүрген латын қарпіне көшу мәселесіне баса мән берілді.

Тіл мәселесінде даңғазалыққа жол берілмеуі тиіс

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі: – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті, Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғы­ру» бағдар­ла­масын және ҚР Президенті Қа­сым-Жомарт То­қаев­­тың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында, сондай-ақ қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының аясында Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар істерді ат­қа­рып жатқанын айта кеткіміз келеді. Әсіресе, тіліміздің қоғам­дағы қызметін арттырып, оның әлеуетін көтеру ісі біздің жіті назарымызда. Жаңа әліпбиге көшу – жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа. Осы реформаны жүзеге асыру барысындағы міндеттерді айқындау және жасалған жұмыс нәтижелерін насихаттау – рухани және саяси маңызды факторлардың бірі. Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оның жолдарын анықтау, Қазақстандағы және әлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы, заманауи білім, ақпарат, насихат алаңдарының жұмысын ұйымдастыру – бүгінгі фо­ру­м­ның міндеті. Форум аясында өткізіліп отыр­ған «Жаһандану және ұлттану үде­рі­сіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі болуындағы өміршеңдігі мен әлеуетін пайымдап, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына 2025 жылға дейін көшіру процесін пысықтауды көздеп отыр. Бұл туралы өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұн­дай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жа­самай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді.

Немеремізді қазақ бақшасына берсек, орысша сайрап шықты

Әлібек Асқар, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры: – Тәуел­сіз­дік­ке қол жеткізгелі елі­міз талай қи­ын­­­дық­ты бастан өт­керді. Сөй­те тұ­ра бүгінде еліміз эко­но­микалық, әлеу­мет­тік салада, саясатта бірқатар же­тістікке жетті. Алайда бұлқынсақ шамамыз жетпей, айғайласақ даусымыз жетпей булыққан бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік тіл мәселесі. Қазақ тілін әлі де тұғырына қондыра алмай келеміз. Мемлекеттік тіліміз әлі күнге Ата заңда жазылған өз мәртебесін ала алмады. Міржақып айтқандай, қазақтың оянатын уақыты болған секілді. Жауырды жаба тоқимыз деп құр мақтанғанды доғаратын уақыт жеткен сияқты. Сонау 90-жылдары мемлекеттік тілді қабылдадық деп бөркімізді аспанға атып қуанып едік, сөйтсек, ұлтаралық қатынас тілінің бәсі басым боп кетіпті. Үйде қазақша тілі сынған немеремізді қазақ бақшасына апарсақ, үш жылдан соң орысша сайрап шықты. Бірінші сыныпқа орысша былдырлап барды. Қазақ мектебіне кірсеңіз, үзіліс кезінде оқушылардың бәрі бір-бірімен орысша сөйлесіп, шулап жүргендері. Көшеде кетіп бара жатқан 2-3 қаракөз қарындасымыздың әңгімесіне құлақ түрсеңіз де, орысша сөйлеп бара жатады. Сөйтіп қазір қалада да, далада да қазақ тілінде сөйлеген жан көрсек, қуа­натын халге жеттік. «Бұл қалай?» деп аузы дуалы ақса­қал­дарға сауал қойғанда олар былай деген еді. «Мұның бәрі төркінінде 15-20 жылда Білім және ғылым минис­тр­лігінің мұға­лім­дер мен оқушыларды тәжірибе алаңы жасап жібергендігінің, ойға келген реформаны жасайтын сынақ полигонына айналдырып жібер­ге­нінің кесірі». Ана сөзіне тілін сындыра алмай жүрген бірінші сынып оқу­шы­сына ағылшын тілін үйретеміз деп күйдік қой. Осы жылы тамыз кеңе­сінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағыл­­шын­ды 3-сыныпқа ауыстыруды тап­сырды. Бұл өзгеріске жұртшылық шын қуанды. Бұл – көп себептің біреуі ғана.

Қауіп бар, үміт те жоқ емес

Амангелді Айталы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы. – Бүгінгі күні тіл қоғамды екіге бөл­ді. Қазақ тілі не­гізінен ке­дей­лер­­дің, орта­ша­лар­дың тілі болды. Ал орыс және ағыл­шын тілі эли­та­лардың тіліне ай­налды. Сон­дық­тан қазақ тілін менсінбейтіндей психологиялық ахуал қалыптасты. Енді бұл мәселеде біздің қандай шаруалар жасауымыз керек? Латын әліпбиіне көшсек, ғылым-білім саласында жаңашылдыққа қол жеткіземіз, ағылшын тілін бірден үйреніп кетеміз дегеннің бәрі бос сөз екенін халық түсінді. Бәрінің бірден бола қоймайтынын ұғын­дық. Оның үстіне, біздің жаңа әліпбиге көшуге дайындығымыз жеткіліксіз. Қазір осы үдеріс салдарынан баласын орыс мектебіне беруге ниеттілердің саны артып отыр. Біз дайындығымыздың жоқты­ғы­нан қазақ халқын ептеп, амалсыздан баланың болашағы үшін орыс тіліне итермелейтін түріміз бар. Осындай қауіп бар. Әрине, бұл жерде латын әліпбиіне қарсылық емес. Бұл – ең көп тараған әліпби. Кириллица – негізінен славян елдерінің әліпбиі. Сондықтан ол әліпбиден кету дұрыс. Бірақ қалай кетеміз? Осыны терең ойлану керек.

Қазақ тіліне  мемлекеттік деңгейде сұраныс туғыза алмадық

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: – Мемлекет қа­зақ тіліне мемлекеттік деңгейде сұ­раныс туғыза ал­ған жоқ. Бұл – мем­лекеттік тіл­дің көсегесінің кө­гермей отыр­ға­нының бірден-бір себебі. Біз өзге ұлт өкілдеріне «сен осы елдің азаматысың, қазақстандықсың ғой, сенде отаншылдық сезім болуы керек, мемлекеттік тілді сыйлауың керек» деп уағыз айтамыз. Ал мына заман – прагматизм заманы. Мына заманда осы елге, осы жерге, осы тілге құрмет көрсету үшін ғана тіл үйрену дегенге адамдар көнбейді. Адам­дар қазір өзіне қажет нәрсені ғана үйренеді. Тіл қажет болса, сол тілді білетін адамның та­сы өрге домаласа, сол тілді білмейтін адам­ның жүзі төмен қараса, сол тілді бі­летін адамдарға қызмет бабында ар­тық­шы­лық берілсе, мемлекеттік тілді білмейтін, менсінбейтін, үйрен­гісі келмейтін адам­дарға мемлекеттік дең­гейде саналы түрде кедергілер қойыл­са, онда адамдар қазақ тілін үйренеді.

Орыс мектептері де латын графикасына көшуі керек

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы: – Латын қар­пі­не көшу туралы ай­тып жатырмыз. «Егер қазақ мектеп­тері латын қар­піне көшетін бол­са, баламды орыс мектебіне бе­ре­мін» деген ой­ға бекіп жүрген жандар көп. Ертең қазақ мектептері босап қалса, қайтпекпіз? Бұған өте абай болу керек. Менің ұсы­ны­сым қазақтарды ғана емес, еліміздегі орыс мектептері де латын графикасына бірдей көшуі тиіс. Сосын кеңсе мен халықтың арасы неге алшақтап отыр? Бұған кеңседегі шенеу­нік­тердің қазақ тілін білмеуі себеп. Сондықтан мемлекеттік қызметке қа­былдау үшін мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек. «Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабыл­дан­басын» деген талапты заң жүзінде бекіту қажет. Ата заңымыздағы 7-баптың 2-тармағы бар. Сонда «орыс тілі қазақ тілімен бірдей қол­дансын» деген ереже бар, бәрін бүл­діріп тұрған – осы. Ресей біз үшін шет ел. Сондықтан орыс тілін шет тілі ретінде оқытуымыз қажет. Өткен жолы Ресейдегі Елшіміз Иман­ғали Тасмағамбетов көрші елде қазақ тілін­де сөйлегенде қалай қуандық, қалай марқайдық?! Кеше Мұстай Кәрімнің 100 жылдығында Мемлекеттік хатшымыз Ресейдің арнасына қазақ тілінде сұхбат беріп жатқанда, төбеміз көкке жетті. Әр шенеунік осыдан үлгі алып, қазақ тілінің мәртебесін арттырып жүрсе, мемлекеттік тіліміздің мерейін үстем етпей ме?!

Кирилл әліпбиі латынға қарағанда 250 есе бәсекеге қабілетсіз

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры: – Бүгінде қол­да­ныста 50-ге жуық әліпби бар. Әлемнің 36 пайызы латын әліпбиін қолданса, 2,7 па­йы­­зы ғана кирилл әліпбиін қолда­на­ды. Ал түркі ха­лық­тарының 55,6 пайызы латын, 25 пайызы араб, 17,6 пайызы кирилл графикасын пайдаланып жүр. Әлемдегі инновация ІТ-дің тілі 77 пайызы латын, 0,3 қана пайызы – кирилл әліпбиінде. Яғни, қазіргі жаңа технологияда, ғылым мен білімде кирилл әліпбиі латынға қарағанда 250 есе бәсекеге қабілетсіз. Әрине, реформа болғасын қиын­дық­тар болады. Кейбір қиындықтарға көнуіміз керек, содан өтудің жолын іздеуіміз керек. Латын әліпбиіне көшу туралы сөз болғанда Өзбекстанды мысалға алып жатамыз. Осы ретте 3 факторды атап өтейін. Біріншіден, 1992 жылы Өзбек­стан­да Президенттің жарлығы шыққан­нан кейін 6-7 ай ішінде жаппай латын әліпбиіне көшіп кетті. Яғни, дайындық болмады. Ал Қазақстан қайтті? Латын қарпіне көшу үшін 2018-2021 жылдар аралығында 4 жыл дайындыққа берілді. Екіншіден, 1992 жылғы Өзбекстанның эфономикалық жағдайы мен қазіргі Қазақстанның экономикалық ахуалы тең бе? Ол кезде интернет, ақпарат құралдары болды ма? Үшіншіден, өзбектің әдеби тілі жазба әдеби тілінің негізінде қалыптасты. Ал қазақтың әдеби тілі ауызша әдебиеттің негізінде қалыптасты. Маңғыстаудың қазағы мен Қатонқарағайдың қазағы бір-бірін түсінеді. 19-ғасырда түсінген, 21-ға­сыр­да да түсінеді. Ал Өзбекстанның Қаш­қа­дарияның және Самарқанның тұр­ғындары бір-бірін түсінбейді. P.S: Форум соңында мемлекеттік тілдің заңнамасын жетілдіруге, биз­нес, ғылым, білім, БАҚ-тағы қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге, мә­де­ниетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар көрсетілген қарар қа­былданды. Қабылданған қарар жауапты құзырлы органдарға жіберіледі.