31 Қазан, 10:32 399 0 Денсаулық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Жарық дүние есігін ашпай кеткен...

Денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлінсе де, медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып жатса да, ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендемей тұр. Бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын да өзекті болған. Әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Сонда бұған дейінгі қолға алынған шаралардың еш нәтиже бермегені ме, қалай?

Қазақстанда былтыр небәрі жарты жылдың ішінде 1 900-ге жуық нәресте өлімі тіркелген. Статистика ко­ми­теті жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы қаңтар-шілде аралығында республика бойынша 1 жасқа дейінгі 1 898 нәресте өлімі есепке алынған. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары. Өлім-жітімнің көбі перинаталдық кезеңде орын алған. Бұл себеппен 957 нәресте шетінесе, бұл 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы жалпы өлім санының 50,4 пайызын көрсетті. Сонымен қатар, туа біткен ауытқулардан – 368 (19,4 пайыз), тыныс органдары ауруларынан – 132 (7 пайыз), инфекциялық және паразиттік аурулардан – 99 (5,2 пайыз) және жаза­тайым жағдайдан, улану мен жарақаттан 82 (4,3 пайыз) нәресте шетінеп кеткен.

Биыл да ахуал оңалған жоқ. Бала өлімі бойынша Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облысы көш бастаса, одан кейінгі тізімді Қызылорда, Түркістан, Алматы облысы жалғайды. Айталық, биылғы тоғыз айда Атырау өңірінде 1 жасқа дейінгі 156 нәресте көз жұмса, оның 98-і облыстық перинаталдық ор­та­лықта, елуден астамы өзге медициналық мекемелерде жан тапсырған. Өлім-жітім әсіресе тамыз, қыркүйек айларында күрт өскен. Екі айда 42 бала шетінеген. Оның дені туа салысымен инфекциялық ауру жұқтырған. Себебі перинаталдық орта­лық­тарда санитарлық талаптар сақ­тал­майды. Медициналық ұйымдардың ин­фра­құрылымы тозған. Материалдық-тех­никалық жағдайы да мәз емес. Мамандар тап­шылығы өз алдына бөлек мәселе.

Ал ана мен бала өлімінің көрсеткіші бойынша алда келе жатқан Маңғыстау об­лысында былтыр 154 сәби өлімі тіркел­се, оның 95-і перзентханада, 42-сі ауру­ха­нада шетінеп кеткен. 146-сы бір жасқа дейінгі балалар. Мәселен, таяуда үшінші сәбиіне жүкті болған Оралхан Қойшы­баева 7-айында уақытынан бұрын тол­ға­тып, перинаталдық орталыққа жет­кі­зіледі. Дәрігерлер келіншектің толғағын қай­таруға тырысып бағады. Алайда, Орал­хан ота жасауды сұрағанмен, дәрі­гер­­лердің жайбарақаттығынан шарана ана құрсағында шетінеп кетеді. Бұл жө­нінде жаны шырылдаған ана: «Егер дә­рі­герлер жедел түрде консилиум жасап, ертерек ота жасаса, мұндай жағдайға тап болмас едім. Болары болды, бояуы сіңді деп отыра алмадым. Жан-жаққа арыз жаздым. Менен кейінгі ана болғысы ке­летін келіншектер бармағын тістеп қал­маса екен деймін», – деді ақпарат құрал­да­рына берген сұхбатында. Ашынған ана дәрігерлерді кінәласа, ақ халаттылар ананың өзін жазғырады. «Аналардың көбі жүктілік кезінде ауруын асқындырып алады. Шарананы құтқаруға күш салдық. Шала жетілген баланың өкпесі толық дамымаған», – деді периниталды орталық бас­шылығы. Десе де, Маңғыстау облысы Ден­саулық сақтау басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Ләззат Есенғалиева: «Соңғы жарты жылдық есеп бойынша біздегі көрсеткіш 9 да 0. Былтырғыға қарағанда төмендеу бар. Бірақ респуб­ли­калық деңгейде жоғары болып тұрғанын» жасырмайды.

Сорақысы сол, жақында Атырауда 31 дәрігер жұмыстан шығу жөнінде арыз жазды. 30 қыркүйекте Атырау облыстық перинаталды орталықта тірі туған ша­қа­лақты тоңазытқыш камерасына салып, үсі­ріп өлтіру дерегі тіркелген еді. Ал­ға­шын­да тіршілік белгісін білдірмеген нә­ресте мұздату камерасына барғанда ая­ғын қозғаған. Бірақ бас дәрігер «оны мұздату камерасында қалдыруға» бұйрық берген. Өңір жұртын ғана емес, ел халқын дүр сілкінткен оқиға болды. Облыстық перинаталды орталығының дәрігері Ай­гүл Шмалина: «Жұмыстан шығамыз деп арыз жазуымыздың бір-ақ себебі бар. Ан­тикоррупциялық комитеттің Нұр-Сұл­тан­да болған брифингісінен кейін халық арасында дәрігерлер жайында жақсы ақпарат тарап жатқан жоқ. 17 жыл орта­лық­та жұмыс істегенде «қылмыскер» де­ген атақты бірінші рет естіп тұрмын», – деді.

Алайда, Атырау облысы өңірлік ком­му­никация қызметінің басшысы Дәулет Нығмет дәрігерлердің жұмыстан кетпе­ге­нін, барлық дәрігер өздерінің орнында жұ­мыс істеп жатқанын жеткізді. Деген­мен, бала өліміне кінәлі деген орталықтың бас дәрігері мен акушеріне қатысты қыл­мыс­тық іс әлі тергелуде.

Мамандар не дейді?

 Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отыры­сын­да Қа­зақ­станда жылына 2,5 мың сәби өлімі тір­келетінін айтты. «Соңғы жарты жыл­дықта тізімді Солтүстік Қазақстан об­лысы бермей келеді. Сон­дықтан өңірдегі бас дәрігерлер жаза­лануы керек! Аймақ­та­ғы ауруханалар медициналық құрал-жабдықпен жет­кіліксіз деңгейде жаб­дық­талған. Егер мемлекеттік сатып алуға бө­лін­ген ақ­ша­ны уақытылы игере алма­саңдар, қайтарыңдар!» деген еді.

Денсаулық сақтау министрлігі ко­митетінің төрағасы Людмила Бюра­бе­кова: «Елдегі барлық перинаталдық орта­лық­тарға тексеріс жүргіземіз. Комиссия мүшелері тек талдау жүргізіп қоймай, дәрігерлерді оқытады. Әсіресе, бала өлімі жиі тіркелетін аймақтар қатаң ба­қы­ла­на­ды» десе,  Педиатрия және балалар хи­­рур­гиясы ғылыми орталығының ди­рек­­то­ры Риза Боранбаева: «Бала өліміне әке­летін туа біткен жүрек ақауы, сосын өкпе қабынуы. Егер бес жасқа дейінгі балаларды алып қарасақ, олардың 82 пайызы жасына толмай шетінейді. Көбі алты күнге дейін ғана өмір сүреді» дегенді тілге тиек етеді.

Қазақстан бала өлімі бойынша 2 орында

Әлемде әрбір 11 секундта бір әйел немесе шақалақ көз жұмса, жыл сайын 2,8 млн жүкті әйел мен нәресте о дүниелік болады екен. 2017 жылы жүк­тілік пен бала босану кезіндегі асқынулар сал­дарынан 290 мың әйел көз жұмған. 2018 жылы 15 жасқа дейін 6,2 млн бала өмір сүрсе, оның ішінде 5,3 млн бала бес жасқа дейін және қалғаны бір жасқа де­йін көз жұмғандар. 2018 жылы Сахарадан бас­тап Африканың оңтүстігіндегі елдерде бес жасқа толмаған әрбір 13-бала көз жұмса, Еуропа елдерінде бұл қайғылы жағдай әрбір 196 балаға тән.

«Қауіпсіз, қолжетімді және сапалы ме­дициналық көмекпен қамтамасыз ететін елдерде әйелдер мен балалар аман қалып, әрі қарай өмір сүруде», – деп мәлімдеді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Геб­рейесус. Яғни, сарапшылар дұрыс тамақ­тан­байтын, гигиена сақталмайтын және акушер-дәрігерлер жетіспейтін кедей мемлекеттерде нәрестелерге қауіп төнуде. Осы себепті Сахара, Африканың оң­түс­тігіндегі елдерде жүктілік және босану кезінде әйелдердің ажал құшу көрсеткіші дәулетті өңірлерге қарағанда 50 есе жоға­ры. Балалар өлімі бойынша статистика да осындай. Басты себеп – кедейлік екенін тіл­ге тиек етеді.

ЕАЭО елдері арасында бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі деңгейі бойынша бірінші орында Ресей (13 мың бала), одан әрі Қазақстан (4 мың), Қыр­ғыз­стан (3 мың), Армения (1 мың) және Бе­ларусь (1 мыңға жуық) орналасқан. Ал әлемде бала өлімі бойынша үштікті  Үн­д­і­­с­­тан (882 мың бала), Нигерия (866 мың) мен Пәкістан (409 мың) бастап тұр. Былтыр Үндістанда 5 жасқа дейінгі төрт мыңға жуық бала қайтыс болған. Он­дық­қа кірген Конго, Эфиопия, Қытай, Ин­до­незия, Танзания, Ангола және Бангладеш елдерінде 5 жасқа дейінгі балалардың жалпы өлімі 3,2 млн баланы құрады.

Бала өлімі оқиғаларының 51 пайызы перинаталдық кезеңде болса, 19,8 пайы­зы туабітті кеміс, 6,2 пайызы тыныс мү­ше­лерінің сырқаты, 4,8 пайызына сәтсіз жағ­­дайлар, 4,7 пайызы инфек­ция­­лық және паразиттік сырқаттар, 1 па­йызына тамақ қорыту органы ауру­ларына себеп.

Камал Ормантаев, балалар хирургиясының атасы, академик:

 Алдымен ананың денсаулығын түзеу керек

– Өмiрге сәби әкелетiн ананың өзi ауру. Сондықтан болашақ ана бо­лар­лық қыз-келiншектер бiрiншi кезекте өзiнiң денсаулығын түземесе, бала тууға асықпауы шарт. Себебi, анадан балаға берiлетiн тұқымқуалаушылық аурулар да белең алуда. Сол сияқты Қазақстанның қайсыбiр жерiн алсаңыз да, экологиялық мәселелерi шашетектен. Айталық, оңтүстiк өңiр, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының экологиясының өзi бiр төбе.

Бала туу жасындағы әйелдерде қан аздық, дәрумен жетіспеушілігі көп. Бұл дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі. Ет жемеген, жеміс-жидек көрмеген адамның денсаулығы қайдан оңсын?! Ана ауру болғаннан кейін бала да іштен ауру болып туады. Аналардың 85 пайызы анемияға шалдыққан. Бұл іштегі баланың өсіп-өнуін тежейді. Соның әсерінен балалардың 40 пайызы салмағы аз, шала немесе кемтар болып туылады.

Ол ол ма, балалар арасында миға қан құйылу ауруы (ин­сульт) асқынып барады. Мысалы, он жылдай бұрын 4-5 айлық нәрестелердің арасында сирек кездесетін бұл ауру бойынша әрі кетсе он бала ғана түсетін. Бір жылда 95 бала түскені жанға батты. 1 жасқа дейін қайтыс болатын балаларды «балалар өлімі» деп атайды. ТМД елдерімен салыстыра қарасақ, 1000 балаға шаққанда, Ресейде – 10 бала, Украинада – 8, Белоруссияда – 6, ал Қазақстанда 15 бала өледі. Дәрігердің білімі аз болса, алдындағы науқасқа дұрыс диагноз қоймаса, оған кім кінәлі? Бұл тұрғыда әуелі дәрігер дайындауға жауаптыларды жазалау керек.

Аманкелді Тыныбеков, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры:

 Кінәнің бәрін дәрігерге арту – дұрыс емес

– Елімізде 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімінің көбеюіне жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп. Пери­на­талдық кезеңде пайда болатын жағдайлар дегеніміз жүктілік кезінде пайда болатын ақаулар. Бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен кейін осындай жағдайға тап болады. Мысалы, жатырдағы инфекциялар. Бұл мәселе сонау Кеңес үкіметінде де болды, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері әлі күнге бірінші орындағы мәселе. Жүктілік басталғанға дейін және жүктілік кезінде әйелдер кеңесіне міндетті түрде бару керек. Тра­ге­дияның алдын алу үшін әр жүктілікті жоспарлау керек. Бала көтермей тұрып толық тексерістен өтіп, жыныс жолдарындағы дерттерді анықтап, емделу қажет. Жыныс жолдарының қаншама ауруы бар, ал ондай анадан қалай ғана сау бала туылады? Кез келген адамның денсаулығының жағдайы толықтай дәрігерлерге байланысты емес, оның 50 пайызы адамның өзіне байланысты. Сондықтан жүктілікке немқұрайлылық таныту бұл түйткілді өршіте береді.

P.S.

«Таяқтың екі ұшы бар». Жазықты қайсы, шарасыз кім? Кінә тағу да, қара күйе жағу да оңай. Бәлкім, білім мен білік ұштаспайтын тұстар көп шығар? Тіпті, бар кіл­типан маман дайын­дай­тын медициналық оқу орын­дарында жатқан шы­ғар, кім білсін? Қалай десек те, адам жанына араша түсуші дә­рігердің антына адал болып, ісіне жауапты болғаны аб­зал. Кәсіби қа­те­лік жіберген дәрі­герді жаза­лау­дың жо­лын ізде­ген­нен гөрі сол қа­те­ліктің орын алмауын қа­рас­тырған жөн. Дегенмен, қан­дай қателіктің де өтеуі болатынын әсте ұмытпау керек.

 

Соңғы жаңалықтар