Күллі қазақтың кемел ғашығындай Алматы

Күллі қазақтың кемел ғашығындай Алматы

Күллі қазақтың кемел ғашығындай Алматы
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыдағы екі күндік жұмыс сапары аяқталды. Оңтүстік астананың тыныс-тіршілігімен танысқан Президент қаланы ха­лық­аралық бизнес пен туризм орталығы ретінде өркендетуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Шаһардың шырайын кіргізіп, экологиясын жақсартуға жетелейтін негізгі міндеттерді айқындап берді. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ экологияны қорғау басты міндет екенін ескертті. – Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болардай көп жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ қаланы ары қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді Қ.Тоқаев. Президент шаһарды өркендетуге бағытталған бірқатар нақты міндет қойды. Бірінші міндет – бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсу қарқынын қамтамасыз ету. Бұл ретте индустриалды аймақ мысалға келтірілді: онда 33 компания тіркелген және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриалды аймаққа бірінші кезекте жоғары технологиялы және экспортқа бейімделген жаңа жобаларды тартуға кеңес берді. Мемлекет басшысы инновацияны дамыту және тың ғылыми әзірлемелерді енгізудің болашағы зор деп санайды. Өйткені дәл осы қалада еліміздің жетекші университеттері шоғырланған. Оның үстіне, ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы. Сонымен бірге осындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін пайдалану туралы тапсырма берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы биз­нес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстарын жандандыруды жүктеді. – Егер біз шынымен де ірі қалаларымыздың, бүкіл еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырамыз десек, онда қысқа мерзімде шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу секілді анахронизмнен құтылуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматы тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. – Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде ілгерілетудеміз. Сондықтан алматылықтардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы барлық жұмыс халықаралық стандарттарға бағдарлануы тиіс. Ең бастысы, азаматтардың қалада өмір сүруі қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған бірқатар фактор ықпал етеді, нақтылай кетсек, бұлар – үйге апаратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын жерде орналасуы, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтылуы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы жетістіктерді атап өте келе, осы саладағы бірқатар түйткілдерге тоқталды. – Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам автомобиль келеді. Бұл Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда кептеліс тудырады. Проблеманы тек автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, сондай-ақ метро желісінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды өзара қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы да шешу қажет, – деді   Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент Алматының зілзала қаупі жоғары сейсмикалық белсенді аймақта орналасқанын еске салды. – Қала тұрғындары соңғы селді естен шығармаған шығар. Сол себепті бұл мәселе халықты алаңдататыны заңдылық. Қалада «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер құрылысын бастау қажет. Осы арқылы сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударған тағы бір мәселе – қаланың экологиялық ахуалы. Мемлекет басшысы ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды жүктеді. Швейцарияда 3 жыл жұмыс істегенін еске түсірген Президент ол елде тіпті бір ағашты кесудің өзі ауыр қылмыс саналатынын жеткізді. Сапар аясында Мемлекет басшысы «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасымен танысты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, бұл бағдарлама бойынша Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да­мыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіп­сіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту және басқа да көптеген маңызды мәселелер шешілмек. Ел Президентінің Алматыға сапарының салмағын арттырған тағы бір оқиға – баспана кезегінде тұрған балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілтінің табысталуы. Баспаналы болғандарды құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев  тұрғын үй мәселесі әрдайым мемлекет назарында болатынын айтты. Алдағы уақытта Алматы қаласының «Көкқайнар» ықшам­ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй құрылысы аяқталса, баспанаға мұқтаж 51 отбасы қоныстой тойлайды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ат басын бұрды. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орнының сандық технологиялар енгізу, ин­но­вацияны дамыту бағытындағы же­тіс­тіктерімен, студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығы мен жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен танысқан Президент өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалғанына көз жет­кізді.