Жаңалықтар

«Қорқыттан қалған қоңыр үн»: Қызылордада дәстүрлі ән-күй байқауы өтті

ашық дереккөзі

«Қорқыттан қалған қоңыр үн»: Қызылордада дәстүрлі ән-күй байқауы өтті

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты балалар шығармашылығы байқауы өтті.  Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауға Қармақшы ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Оны өткізуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйі» ұйытқы болды. Қатысушылар дәстүрлі ән-жыр және күй өнерлері жанры бойынша бақ сынады. Өнер бәйгесіне Арал, Қазалы, Сырдария және Шиелі аудандарынан барлығы 25 талапкер қатысты. Қазылар алқасының құрамында жырау, «Мәдениет саласының үздігі» Майра Сәрсенбаева, күйші, облыстық филармонияның әртісі Абылай Ысқақов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрайымы Күлжауһар Раева болды. Қазылар алқасының шешімімен дәстүрлі күй жанры бойынша қармақшылық Айшолпан Амантай бас жүлдеге ие болды. Дәстүрлі жыр жанрында кіші топ бойынша Абылай Құнанбайұлы, үлкен топ бойынша аралдық Жансая Файзуллақызы бас жүлде алды. Бұған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шиеліде белгілі жырау, ҚР мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейісті еске алу кеші өткен болатын.