"Алтын қалам" байқауының жеңімпаздары анықталды

"Алтын қалам" байқауының жеңімпаздары анықталды

"Алтын қалам" байқауының жеңімпаздары анықталды
ашық дереккөзі
Әдеби додада үздік қаламгерлер 6 аталым бойынша анықталды. Балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» жүлдесіне бір миллион теңге тағайындалған, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.  Биыл «Алтын қалам» әдеби жүлдесіне 10 жыл. Осы уақытқа дейін байқау 8 рет үздіктерді марапаттаған. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жыл сайын байқаудың танымалдылығы артып, аясы кеңіп келеді. Атап өтерлігі, биыл 400-ге жуық автордан 700-ден астам шығарма келіп түскен. Оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Украина, Израиль, АҚШ, Молдова және Германияның қаламгерлері де бар. «Алтын қаламның» бір ерекшелігі – келіп түскен жұмыстардың барлығын біз ашық алаңға орналастырамыз. Оны кез келген азамат әлемнің қай қиырында жүрсе де, оқып, өз бағасын бере алады. Сонымен қатар, пікірін қалдыра алады. Сол жағынан бұл бірегей жоба деп нық сеніммен айтуға болады. Тағы бір қуанатынымыз биыл бұл жоба үлкен танымалдылыққа ие болып отыр», – деді «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастырушысы Кенже ЖҰМАНҰЛЫ. Қатысушылардың жасы мен тұрғылықты мекенжайына және мамандығына шектеу жоқ. Бір адам бірнеше номинация бойынша қатыса алады. Байқауға қойылған бір ғана талап-тек жаза білу қабілетінің болуында. Тіпті, осы байқаудың бірнеше мәрте жеңімпазы болсаңыз да, жүлдеден үмітті бола аласыз.  Балалар жазушыларына арналған «Дарабоз» байқауының бас жүлдесін иеленген Қарлығаш Сарыбаева додада бағын 3 рет сынаған. Осы уақытқа дейін проза, сатира, фантастика және киносценарий жазып жолдапты. «Атамның шұлығы» деген шығарма Ұлы Отан соғысындағы жылдарға арналған еді. Сол кездегі балалардың түсінігі басқаша болды ғой. Атам соғыс кезінде тылда қызмет еткен. Ол кісі бала кезімізде соғыстың қиыншылығын айтып отыратын. Сол есімде қалып кеткен еді. Көркемдеп жазып шықтым», – деді «Алтын қалам» байқауының жеңімпазы Қарлығаш САРЫБАЕВА. Әдеби додада жеңімпаздар 6 аталым бойынша анықталған. Ал қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін арнайы марапатына Қазақстанның Еңбек Ері,  халық жазушысы  Әбдіжәміл Нұрпейісов лайық деп танылды. Оның абыз әдебиетшінің шығармалары қазақ оқырмандарымен қатар, әлем оқырмандарына да жақсы таныс. «Қан мен тер» трилогиясының әлемнің 35 тіліне аударылуы – соның дәлелі. «Байқауға қатысушылар арасында өлең жазуға талпынысы бар жастардан бастап, 65-70 жасқа дейінгі азаматтар болды. Солардың арасынан ең мықтысын таңдап алу оңайға түскен жоқ, шыны керек. Сондықтан мен бүгін байқаудың қорытындысы бойынша жүлдегерді таңдауға сәл болса да үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Сондықтан көп рахмет. «Алтын қаламымыздың» ғұмыры ұзақ болсын!», - деді «Алтын қалам» әдеби жүлдесі қазылар алқасының мүшесі Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА. Әдеби додадағы ең жас қатысушының бірі – Дәурен Тілеухан. 19 жастағы жігіт байқауға өзінің бірнеше өлеңін жолдаған. Соның ішінде «Тағдыр» атты еңбегі қазылар алқасының жоғары бағасын алған. «Бұл жүлде арқадағы салмақты арттыра түседі. Себебі бұл – қазіргі қазақ әдебиетіндегі жастардың болашағы және олардың бет алысын нығайтуға жасалған үлкен қадамдардың бірі. Көптен-көп алғыстар айтамын. Осындай жобалар көбейсе екен», – деді «Алтын қалам» әдеби жүлдесіның жеңімпазы Дәурен ТІЛЕУХАН. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Нұржан Мұхамеджанова, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келе 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат - еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету.