«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының жеңімпаздары
«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының жеңімпаздары
Астанада Тәуелсіздік сарайында ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мемлекет тарапынан марапатталып, жылда дәстүрге айналған «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Биыл аталған шараны ұйымдастыру міндеті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Қазақстанның кәсіпорындары мен тауар өндірушілерінің жұмысын бағалайтын «Алтын сапа жүлдесінің тұрақты өткізіліп келе жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Байқаудың мақсаты ̶ тауар өндіруші және қызмет көрсетуші компаниялардың арасынан жеңімпаздарды анықтау арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, кәсіпорындарда халықаралық сапа стандарттарын енгізу, сондай-ақ, тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары және көптеген ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, еліміздің әр аймағындағы жетекші шаруашылық, кәсіпорындардың басшылары мен мамандары қатысты. Елбасының «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша табысталып, ал Қазақстанның ең үздік тауары «Халық тұтынатын ең үздік тауар», «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауар» және «Ең сапалы азық-түлік тауары» атты үш аталым бойынша тоғыз жүлде көлемінде анықталды.
Бұдан бөлек бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Парыз-2015» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Іскер» арнайы сыйлығы да табысталды. Ал жыл сайын Елбасы табыстап келе жатқан «Парыз» бас жүлдесі бойынша жеңімпаздар «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациялары бойынша марапатталса, осы сыйлық аясында тағы бір кәсіпорын «Экологияға қосқан үлесі үшін» «Парыз» сыйлығын иеленді.
Айта кетерлігі «Алтын сапа» өткізіліп келе жатқан 2006 жылдан бері қатысушылар қатары үш есеге артқан. Алғашқы кезде бұл байқауға қатысуға 52 кәсіпорын өтініш берген болса, биыл олардың саны 153-ке жеткен. Ал енді оның ішінде 69 ұсыныс шағын кәсіпкерлік субъектілерден, 44-і орта және 40-ы ірі компаниялардан келіп түскен. Демек, шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың «Алтын сапа» сыйлығына талпынысы алдағы уақытта олардың санын еселеп арттыратыны анық.
Сонымен, «Парыз» жүлдесінің «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын» аталымы бойынша алтын белгісіне Қызылорда облысындағы «Саутс-ойл» ЖШС компания директоры Серікжан Сейітжанов, «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының алтын белгісіне Ақтөбе облысындағы «Ақбұлақ» АҚ компания директоры Айбек Сағиев, «Халық тұтынатын ең сапалы тауар шығарушы» арнайы сыйлығына Алматы қаласындағы «Рахат» АҚ компаниясының экономика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш Төлеубаева ие болды. Келесі кезекте «Парыз» сыйлығының шағын кәсіпорындарға берілетін алтын мүсінге «Үздік әлеуметтік жауапкершілік кәсіпорны» аталымында Қызылорда облысындағы «Абзал және К» серіктестігінің директоры Абзал Ералиев, «Еңбекті қорғау бойынша үздік кәсіпорын» номинациясында «Каспиан Салфа Компани» ЖШС-нің директоры Дүйсенбай Елсейітов, «Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Мойылды шипажайы» АҚ-ның бас директоры Фуат Сатыбаев, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында үздік деп танылған «ГорКомТранс» ЖШС-нің директоры Атпан Омарова иеленді.
Биыл алғаш рет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында «ASTANA Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы, «РауанНалко» ЖШС, «Жанарыс» ЖШС, «Стрелец А.В.» жеке кәсіпкерлігін «Іскер» сыйлығымен марапаттады. Сонымен қатар, «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында Астана қаласындағы «МЕДИКЕР» ЖШС, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында «Тұңғатарова А.Қ.», «Свет» ЖШС, «Құдайбергенов» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді.
Еңбегі бағаланған кәсіпкерлердің ұйымдасқан шарадан алған әсерлері де жоқ емес. «Парыз-2015» байқауының жеңімпазы, «Мойылды» шипажайының бас директоры, Фуат Сатыбаев: «Бұл байқауда алған сыйымыз болашақта үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді деген ойдамын. Шара ұйымдастырушыларына айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта да ел экономикасының дамуына үлес қосамыз деп сенім білдіремін», ̶ деді.
Ал «Алтын сапа-2015» байқауының жеңімпазы, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Қуаныш Бишімов: «Петропавл ауыр машина жасау зауыты – машина жасау саласындағы ең ірі мекеменің бірі. Біз химиялық, мұнай-газ салаларына қондырғылар жасауда көшбасшымыз. Соның арқасында осындай жоғары деңгейдегі марапатқа жетіп отырмыз. Біз биылғы «Алтын сапада» жүлдегер атанып отырғанымызға өте қуаныштымыз», ̶ деп ақжарма тілегімен бөлісті. Kazmedpribor Holding компаниясының басшысы Рахат Байзақов болса, өз сөзінде берілген жоғары баға, көрсетілген құрмет ары қарай белсенді, нәтижелі жұмыс жасауға ынталандыратындығын жеткізді. Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарына мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, «Алтын сапаның» жеңімпаздарына мемлекеттік сатып алуда жеңілдіктер беріліп, байқауда топ жарған кәсіпорындармен ұзақ мерзімді шартқа қол қойылмақ. Отандық тауар сапасының жақсаруы ең алдымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығы артып отырғандығын аңғартса керек. Бұл ізгі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы