Ел дамуына үлес қосқан қазақстандық этнос өкілдері жайлы электронды дерекқор жасалмақ

Ел дамуына үлес қосқан қазақстандық этнос өкілдері жайлы электронды дерекқор жасалмақ

Ел дамуына үлес қосқан қазақстандық этнос өкілдері жайлы электронды дерекқор жасалмақ
ашық дереккөзі
Қазақстанда елдің тұғырын биіктетіп, абыройын асқақтатып жүрген өзге ұлт өкілдері көп. Олардың қызметі мен еңбегіне тиісті баға беру, жалпыхалықтық назарда ұстау әрекетін қолға алған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-сы бүгінде еліміздің төрт бұрышын аралап, үлкен іс тындыру үстінде. Институт өкілдері еліміздің батысы мен шығысында болып, жақында теріскейдегі өңірге ат басын тіреді. Өткен жұма күні институт төрағасының орынбасары Роза Кәрібжанова бастаған топ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбында сұхбат алаңын ұйымдастырды. Шараға Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Қостанай өңірлерінен арнайы өкілдер шақырылды. Қолға алынып отырылған шараның тоқетері – XIX-XXI ғасырларда еліміздің дамуына үлес қосқан қазақстандық этностардың ең көрнекті өкілдерінің өмірі мен қызметі туралы ақпаратты электрондық дерекқор құру. Бұл жобаның қиындығы жүздеген адамдардың ішінен ең тұлғалысын таңдап алуда болып отыр. Сондықтан электрондық дерекқорға енгізілетін азаматтардың қызметі мен еңбегін терең зерттеп, белгілі бір талаптарға сай келуін қадағалап, үлкен жұмыс жүргізу міндеттеледі.  «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ бас сараптамашы-менеджері Рузия Камарова институт әр өңірмен хабарласып, лайықты тұлғалардың тізімін жинастырып жатқандығын жеткізді. Бүгінде тізімге 213 азаматтың есімі ұсынылған. Бұл санның әлі де еселене түсетініне күмән жоқ. Зерттеушілердің айтуынша, электрондық дерекқорға ең көрнекті өкілдер енгізілуі тиіс. Ол үшін таңдалатын тұлғалардың сіңірген еңбегіне қойылатын критерийлер нақтылана түсуі керек. Петропавл қаласында өткен сұхбат алаңына жиналғандар Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы танымал отандастардың өмірі мен қызметін зерттеу бойынша пікір білдіріп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін практикалық ұсыныстар жасалды. «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» атты сұхбат алаңы қазақстандық зиялылар тізімінде ойып алар орны бар ірі тұлға Г.Бельгердің 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.