Көкшетауда бүлдіршін кәріз құдығына құлап кетті
Көкшетауда бүлдіршін кәріз құдығына құлап кетті
Көкшетау тұрғындары кәріз құдығына құлап, суға батқан баланы құтқарып қалды. Бұл туралы Instagram желісіндегі aqmolapress паблигі хабарлады.
Зардап шеккен баланың анасының сөзінше, оқиға 25 қазанда орын алған. Оның екі баласы үйдің маңындағы дүкенге кеткен екен. Алайда қайтар жолда кіші ұлы кәріз құдығына құлап, суға батқан.
«Кіші ұлым қытырлақ картопты жерге түсіріп алып, оны алу үшін еңкейгенде құдыққа құлап кеткен. Құдықтың бетін бір саусақпен-ақ ашуға болады. Сол жердегі адамдардың естіп, көмекке асығып, баламды шығарып алғаны жақсы болған. Егер үлкен ұлым абдырап қалғанда не болатынын елестетудің өзі қорқынышты», - дейді әйел.
Ал қалалық қызметтегілер желідегі жарияланымға жауап беріп, 27 қазанда таңертең құдықтың беті жабылғанын айтты. Сонымен қатар әкімдіктегілер беті ашық жатқан құдықтардың мекенжайы туралы хабарламаларды тексеріп, олардың бетін жабуға уәде етті.