Жаңалықтар

Тоқаев пен Лукашенко қазақ-беларусь ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады

ашық дереккөзі

Тоқаев пен Лукашенко қазақ-беларусь ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен шағын құрамда келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.  Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың елімізге ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына соны серпін беретінін атап өтті. – Александр Григорьевич, Сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік әріптестігіне, оның ішінде, экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қарым-қатынастарға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Беларусь Республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері Александр Лукашенкоға Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті. Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында қалыптасқан тарихи достық байланыстарға назар аударды. – Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы екенін, экономикамыздың бірін-бірі толықтырып отыратынын және екі ел өзара жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқым келеді. Біздің елімізде шығарылатын өнімдер Қазақстанға қажет. Ал біз қазақстандық өнімдерді сатып алуға дайынбыз, – деді Беларусь Президенті.