Рухани келісім – тұрақтылық негізі
Рухани келісім – тұрақтылық негізі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауының ең басты алтын өзегі – аты айтып тұрғандай, еліміздегі қоғамдық келісімді барынша нығайту. Қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы түсіністік, қандай мемлекеттің болсын мызғымас берік тұғыры болып саналады. Cондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруге» ерекше көңіл аударған.
Адамзатты қоғам болып бірігуге, тату-тәтті, бейбіт өмір сүруге ұйыстыратын теңдессіз құрал – тіл екендігі белгілі. Ал бүгінгі қазақстандық қоғамда тіл тақырыбы, әсіресе мемлекеттік тіл ахуалы аса көкейтесті мәселе қатарында тұр. Президенттің «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөзінің астарында үлкен стратегиялық мән жатыр. Қай кезеңде, қай елде болмасын «тілдің үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн». Ашық азаматтық қоғам құру үшін де, үкіметтік емес ұйымдармен ортақ ымыраға келу үшін де түсінікті тілдесу, сындарлы сұхбат керек. Оған ұйытқы болатын – баршаға ортақ мемлекеттік тіл. Біз бүкіл қоғам болып сол тілдік тұтастыққа, мемлекет мәңгілігіне ұмтылуға тиістіміз. Бұл орайда, жан-жақты ойластырылған, нақты межелері белгіленген, тілдік сұраныс ортасының қалауына қарай үнемі жетілдіріліп отыратын мемлекеттік тіл саясаты қажет. Мемлекет басшысы бұл мәселені өз назарында ұстап отырғандығын анық байқатты.
Қоғамдық келісімнің алғышарты ретінде Президент жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды ұсынып отыр. Бұл тұжырымдаманың да табан тірер тұғыры барша жұртты ынтымаққа ұйытатын рухани келісім болуы тиіс.
Мемлекет басшысының тағы бір баса айтқан мәселесі – халықтың жан айқайына, көтеріп отырған өзекті ұсыныстарына ықылас қойып, жедел жүзеге асыратын «Құлағы түрік мемлекет» («Слышащего государства») тұжырымдамасын жүзеге асыру. Ондай үйлесімді мемлекетті тек қана билік пен қоғам арасындағы тілдесу мен сұхбаттастық арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Сондықтан да азаматтық қоғамды үнемі қолдап, нығайтып отыру қажет, оларды аса маңызды мемлекеттік міндеттерді талқылап, шешуге араластырып отыру шарт. Бұл орайда, жұртшылықпен тиімді кері байланыс орнатудың маңызы өте зор.
Демократиялық азаматтық қоғамға жетудің баспалдақтары мен бұлжымайтын биік белестері – дамыған білім мен мәдениет. Өз Жолдауында Президент қоғамдағы сындарлы рухани келісімнің ұйытқысы ретінде білімнің сапасы мен өркенді мәдениетке баса назар аудару қажеттігін баса айтты. Барлық деңгейдегі білім берудің сапасын арттыру. Бүгінгі қоғамның сұранысына орай жас мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастыру. Оқушыларға кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасақтау. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын бір ізге түсіру сияқты өзекті мәселелерді жөнге келтіруге назар аударылды. Жолдауда жоғары білім сапасы да кеңінен сөз болды. Білім беру ісін қаржыландырудағы әркелкілікті жою мәселесі де көтерілді. «Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет» екендігі айтылды. Президент оқулық сапасына да арнайы тоқталды. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», – деп алдында Білім және ғылым министрлігінің республикалық Тамыз кеңесінде берген тапсырмасын нықтап қайталады. Біліммен қанаттас жүретін ғылым проблемаларына да жете назар аударды.
Тұтастай алғанда, Жолдауда мемлекетіміздегі көкейкесті мәселелер кеңінен қозғалды. Елді жаңа жағдайға байланысты дамытудың әлеуметтік мәселелерден бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі сан-саласында атқарылатын істердің межелері белгіленді. Осылардың барлығының басын қосып ұйыстырып, ортақ мақсат, ұлттық мүддеге жұмылдыратын құдіретті күш – ынтымақ пен бірлік, түсіністік пен татулық. Соған ұйытқы болатын «сындарлы қоғамдық диалогтың» бастау-бұлағы – тіл мен діл, білім мен мәдениет. Бұлар халықты рухани тұтастыққа, татулық пен ынтымаққа бастайды.
Кенжехан Матыжанов,
филология ғылымдарының докторы, М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры