Жаңалықтар

Мектепте жас балаларға неге кабинет тазалаттырамыз?

ашық дереккөзі

Мектепте жас балаларға неге кабинет тазалаттырамыз?

Қараша айының соңында балабақша терезесінен құлап түскен баланың оқиғасы көпшіліктің наразылығын туғызды. Оқиға Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Балабақшада қараусыз қалған бүлдіршін екінші қабаттың терезесінен төменге ұшып түскен. Тіпті, бала құлағаннан кейін біразға дейін ешкім көмекке де келмейді. Мұның бәрі балабақшадағы бейнетаспаға жазылыпты. Мұндай жағдай елімізде бірінші рет орын алған жоқ. Кішкентай бүлдіршіндердің биіктіктен, терезеден құлап кетуі жиі тіркеледі. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігіне салғырт қарайтынымызды көрсетпей ме?

Бүлдіршінді бақылаусыз неге қалдырамыз?

Кез келген ата-ана баласының қауіпсіздігін ойлай­тыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, олар көбінесе кішкентай балаларын бала­бақ­шаға сеніп тапсырады. Тәрбиешілердің қарауында болса, ешқандай оқыс жағдайға тап болмай­­тындығына сенім білдіреді. Бірақ бүгінгі күні балабақша да, мектеп те балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған тәрізді. Тіпті, балалардың үйде де оқыс жағдайға тап болуы әбден ықтимал. Ақпарат құралдарында соңғы уақыттарда терезеден құлап кеткен балалар туралы деректер жиі кездесіп жүр. Әсіресе, тұрғын үйлердің терезесінен байқаусызда құлап түсетін балалар саны артуда. Мәселен, үстіміздегі жылдың шілде айында Ақтөбе қаласында 5 жастағы ер бала көп қабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап түскен. Бесінші қабаттан құлаған сәби ми жарақатын алды. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бала бірден жан сақтау бөліміне орналастырылды. Ал Ақтөбеде бір ғана шілде айының өзінде 3 бала жоғарғы қабаттан құлап түскен. Зардап шегушілердің біреуі қайтыс болса, 1 жастағы сәби екінші қабаттан құлап, ми жарақатын алған. Ал өткен жылдың алғашқы 6 айында Астана қаласында 50-ге жуық бала оқыс оқиғаға ұшыраған. Оның 11-і балалардың өлімімен аяқталды. Балалар көбінесе жандарында үлкен адамдар болмағанда немесе тиісті бақылау жүргізілмегенде қайғылы жағдайларға ұшырайды екен. Терезенің шыбын-шіркейге қарсы орнатылған торына асыламын деп балалардың құлап кетуі жиілеуде. Мәселен, 2014 жылдың шілдесінде Астана қалалық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне қабырғасы, омыртқасы, бұғанасы сынып, миы шайқалған 6 жасар бала жеткізілген. Мамандар баланың 3-қабаттан құлағанын анықтады. Мұндай оқыс оқиғалар жиі тіркелгендіктен Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы: «Ата-аналарға тағы бір ескерткіміз келеді, шыбын-шіркейге қарсы қыстырылатын тор балаларды терезеден құлап кетуден сақтай алмайды, олардың бекіткіштері балалардың салмағын көтеруге арналмаған. Сондықтан, полицейлер ата-аналарға терезенің ілгіштерін салып, мұқият тексеріп, мүмкіндігінше арнайы қорғаныш құрылғысын қоюды ұсынып отыр», – деген хабарлама таратқан. Қазір елімізде балаларға қатысты жазатайым оқиғалар жиі орын алады. Мұның барлығы балалардың қараусыз қалатындығының әсерінен. Сондықтан, психологтар балаларды үнемі бақылап отыруға немесе оларды педагогтардың, тәрбиешілердің қарауына тапсыруға, үйірмелер мен секцияларға беруге кеңес береді. «Кішкентай балалар жылт еткен дүниенің бәріне қызығушылық танытады. Оның үстіне, бүлдіршіндерде қорқыныш сезімі деген болмайды. Алдынан кедергілер шығуы мүмкін екендігін де ескермейді. Тек алдыға қарай қадам басып, өзі үшін қызық болып көрінген дүниенің жанына жетуді ғана ойлайды. «Биіктен құлап кетем, шұңқырға түсіп кетем, сүрініп құлаймын» деген балаларда ой болмайды. Сондықтан, ата-ана әркез баласын қадағалап отыруы тиіс. Оларды бақылаусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Тым болмаса, бала күтушіге немесе педагогтардың тәрбиесіне беру керек», – дейді психолог Рахат Көшербайқызы. Балаларды әркез бақылап отыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өйткені жазатайым жағдайлар айтып келмейді. Алайда бүгінде балалар үшін балабақша да қауіпсіз жер болмай тұр емес пе?

Жауапсыз тәрбиеші, жазықсыз бала

Биылғы жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысында 2 жасар бүлдіршіннің мектеп жанынан ашылған балабақшада ыдыс-аяқ жуатын химикатты ішіп қойып, өңеші мен асқазанын күйдіріп алғандығы туралы ақпарат тарады. Тәрбиеші баланы қараусыз қалдырғанымен қоймай, уланған бүлдіршінді ауруханаға жеткізуге асықпаған. Балаға өз бетінше ем-дом жасаған тәрбиеші оның жағдайын тіпті қиындатып жібереді. Содан кейін кішкентай Нұрислам аппаратқа тәуелді болып қалады. Өз бетінше ас та іше алмай қалған бүлдіршіннің тынысы да жиі тарылып қалады екен. Ал баласын балабақша қызметкерлеріне сеніп тапсырған жалғыз басты ана Ақжібек Саттарова баласының сұйық қоспа ішкенін жасырғандар жазасын алса екен деп тілейді. Баланың өзін жайсыз сезініп тұрғанын көрген күтушісі өз бетінше алғашқы көмек көрсетіп, сосын ауруханаға апарған. Бірақ бүлдіршіннің анасына тек 2 сағаттан кейін ғана хабар беріпті. «Балаңыз ауырып қалды, тез ауруханаға келіңіз» деген хабарды естіген Ақжібек алып-ұшып ауруханаға жетеді. Ал дәрігерлер «ештеңе етпейді, үйге қайта беріңіздер» деп шығарып салады. Алайда үйге келгеннен кейін баланың жағдайы нашарлай бастаған. Соңында жедел-жәрдем шақырып, 2 жасар Нұрисламды ауруханаға жеткізеді. Ақжібек баласының жағдайынан сол кезде ғана хабардар болған. Сөйтіп Шымкентте Нұрисламның асқазанына ота жасалып, түтікше орнатылыпты. Өйткені өңешіндегі жара қотырланған кезде тамақ та өтпей қалады екен. Нұрислам ішіп қойған сілтіні білім ошағына әкелуге тыйым салынған. Ал тәрбиеші мұны терезе тазалау үшін әкеліпті. Осы оқиғадан кейін тәрбиеші жұмыстан қуылып, әдіскердің қызметі төмендетілді, ал медбике тиісті жазасын алды. Ал білім ошағының ұжымы Нұрисламның айығып кеткенге дейінгі бүкіл ем-домының ақысын өздері мойындарына алып отырғандықтарын айтуда. Ал баласының шарасыз халін көріп жаны ауырған ана тәртіп сақшыларының істі созбалаңға салғанына наразы. «Мұндай олқылық тағы да қайталанбас үшін кінәлі адамдар жазаланса екен», – дейді Нұрисламның анасы. Ал 2012 жылы тәрбиешілердің салғырт­ты­ғынан зардап шеккен 4 жасар Ақарыстың жағдайы да көптің есінде болар. Кезегі келіп, балабақша табалдырығын аттағанына 4 күн болған Ақарыс қайғылы жағдайға ұшырайды. Балабақшаға баласын аман-сау апарып тастаған Салтанат Абуова кешкісін баласының бет-аузы ісіп, қансырағанын, үсті-басы қанға боялғанын көрген. Тәрбиеші Ақарыстың балалармен ойнап жүріп, құлап қалғанын айтады. Бірақ жедел медициналық көмек шақырудың орнына олар баланың бетіне шүберек пен картоп басқан. Балабақшадан баласын алып шыққан ана Ақарысты дереу ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер баланы бірден операциялық бөлімге апарып, ота жасайды. Отадан кейін ақ халаттылар баланың көзі бір айдың ішінде ашылуы тиіс екендігін айтады. Алайда дәрігерлер айтқан уақыт ішінде баланың көзі ашылмаған. Ал баласының мұндай жағдайын көріп, ашынған ана дер кезінде жедел медициналық көмек шақыртпаған, тіпті, ата-анасына хабар бермеген тәрбиешілерге наразылығын білдірген. Тәрбиешілер болса, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашқан. Осы оқиғадан кейін Ақарыс қайтадан балабақша табалдырығын аттаудан бас тартады. Кішкентай бүлдіршін екінші көзінен айрылып қалуға қорқатындығын айтыпты. Балапандарын «білікті мамандарға сеніп тапсырдық» деп сенім артқан ата-аналардың бүгінгі күні көңілдеріне күдік ұялай бастағаны анық. Өйткені балабақшадағы балалардың тәрбиешілердің назарынан тыс қалып, жазатайым жағдайға тап болып жатқаны жиі айтылып та, жазылып та жүр. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігін бірінші орынға қоятынын ескерсек, баласын балабақшаға беруге асығатын ата-аналар қатары күрт азаюы мүмкін. Оның үстіне, тәрбиешілердің салғырттығынан қанша бала зардап шексе де, олар тек жұмыстан шығарылып қана жазаланады. Біреудің баласының ауыр жағдайға тап болуына себепкер болғандар тиісті жазасын алуы керек емес пе?

Мектепте де қауіп көп пе?

Кәмелетке толмаған балдырғандардың қауіп­сіздігіне бейжай қарау мектепке де жет­кен тәрізді. Олай дейтініміз, соңғы уақытта балалардың мектеп қабырғасында оқыс оқиғаларға жиі ұшырайтындығын байқап жүрміз. Мысалы, таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы №81 мектепте орын алған оқиға жаға ұстатқан болатын. Қыркүйек айының 12-сінде өзі білім алатын кабинетті тазаламақ болып, оның соңы орны толмас өкінішпен аяқталды. Тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан 8 жасар қыз баласының үстіне шкаф құлап, ондағы шыны оқушының көзіне тиіп, бір көзінен айрылды. Сыныпты тазалаймын деп көзінен айрылған оқушының мұғалімдері жұмыстан қуылса, оқыс оқиғаны жасырды деген негізбен білім бөлімінің басшысы ескерту алды. Екінші сынып оқушысын қараусыз қалдырған мұғалім жұмыссыз қалды. Сонымен қатар, мектептің директоры да қызметінен кетті. Ал тәртіп бойынша қандай да бір оқиға орын алса, білім ұясындағылар орын алған жайтты 3 сағаттың ішінде билікке жеткізуі керек. Бірақ жауапты мамандар бұл міндеттерін естен шығарып алған тәрізді. «Аудандық білім бөлімінің басшысы Рысбаев Ерлан Жақсыбайұлының қызметке сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза қолданылды. Және Қошқар ата ауылдық округіне қарасты Мақташы ауылындағы №81 мектептің директоры Исахова Жазира аудандық білім беру бөлімінің басшысының бұйырығымен жұмыстан босатылды. Осы мектептің директорының міндетін уақытша атқарушының бұйрығына сәйкес мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есенбекова және 2 «Ә» сыныбының жетекшісі Серікбаева жұмыстан босатылды», – деп хабарлады ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының өзін-өзі тану және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Ғалия Жүсіпова. Қараша айының соңғы күнінде Алматының Медеу ауданы Алатау ауылындағы №7 жалпы білім беретін мектепте үлкен үзіліс кезінде бұрышталған балон шашылып, балаларды сыртқа шығарған еді. Осы оқиғадан зардап шеккендер саны 21 адамға жетті. Мектеп оқушылары ауруханаға бас ауруы, бас айналу, көздің ашуы мен жасаурауы, жүрек айну мен жөтел, ауыр тыныс алу секілді белгілер бойынша жеткізілген. Алты бала бірден жан сақтау бөліміне жөнелтілді. Ал тергеу жұмыстарын тез арада бастаған полиция қызметкерлері бұрышталған балонды 9 сы­­ныптың оқушысы шашқанын анықтады. 15 жасар бала мектепке келе жатып тауып алған балонды дене шынықтыру сабағының алдында шашқанын мойындады. «Жеткіншек ата-анасының қатысуымен сұралды. Ол болған жайтты толықтай баяндап берді. Қазір аталған факт бойынша өндіріс жалғасуда. Бұл жайт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 293-бабының 1-тармағы бойынша тіркелген. Тергеу шаралары аясында зардап шеккен балалардың денсаулығына келген зиянның ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалады», – деп хабарлады Медеу ауданының ІІБ бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оралбеков. Тағы бір оқыс оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы мектеп қабырғасында тіркелді. Мектептің екінші қабатындағы сабақ өтетін бөлмеде жоғары сынып оқушылары арасында кикілжің пайда болған. Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, 11-сыныптың оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын жігітке жұдырық жұмсап, оны жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарады. Мектеп ішінде, кабинетте орын алған төбелес білім ұясындағы бейнекамералардың бірде-біріне жазылмапты. Ал мектеп директоры болса оқиғаның қалай орын алғанын түсіне алмай отыр. Мектепте орын алған оқыс оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда құқық қорғау органдары да текетірестің не себепті пайда болғанын анықтай алмауда. Мектепте мұғалімдердің қадағалауынсыз қалған оқушылардың есер әрекеттері салдарынан зардап шеккен балалардың жағдайы қалай болмақ? Олардың қауіпсіздігі мектеп ұжымы үшін қажетсіз болғаны ма? Әлбетте, ер балалар арасында түсінбеушіліктің орын алуы да, тіпті, олардың бір-біріне жұдырық сілтеуі де бүгінгі күні заңды құбылысқа айналып кеткен. Жұдырық жеген баланың ата-анасы да «ер бала ғой, ешнәрсе етпейді, ұл солай өседі» деп барлығына көз жұма қарайды. Ұстаздардың бұл мәселеге қатысты ойлары да осыған саяды. Бірақ дәл осындай жайтқа салғырт қараудың нәтижесінде оқыс оқиғалар қайталана бермесіне кім кепіл? «Биыл 11-сыныпта оқитын немерем бар. Бала өскен сайын алаңдай береді екенсің. Күнде телеарналардан мектептегі түрлі оқиғаларды естіп, жағамызды ұстайтын болдық. Тіпті, баламызды мектепке жіберуге де қорқамыз. Мектепте оқып жүр деп сеніп отырғанымызда, біздің баламыздың да жазатайым жағдайға ұшырауы мүмкін ғой. Бүгінгі күні балалардың да тәрбиесі бөлек, бәрінің жүйкесі жұқарған. Жұдырық сілтеуге дайын тұрады. Мұғалімдерге де 20-30 баланы бірдей тәрбиелеу қиын шығар. Бірақ біз балаларымызды ұстаздарға сеніп тапсырғаннан кейін, жауапкершілікті сезінгендерін қалаймыз», – дейді немерелері үшін алаңдайтын Гүлбағира әжей. Ал Оңтүстік Қазақстандағы мектепте жанарынан айрылған 2-сынып оқушысының ендігі тағдыры қалай болады? Мектеп басшылығы бүкіл ем-домның шығынын өтегенмен, балдырғанның көз жанарын қайтара алмайды. 8 жасар қызға кабинетті тазалатуға мектеп ұжымы құқылы ма? Кішкентай қыз сыныпты тазалап жатқанда ұстаздар қайда қарап отырған? Ата-аналар балаларын мектепке кабинет тазалауға емес, білім алуға жібереді емес пе? Мұндай жауапсыздыққа барған мұғалімдердің бұл әрекетін қалай ақтап алмақпыз? Сан түрлі сауал, жауап біреу ғана. Өзгенің баласы үшін жауапкершілік алған мұғалімдердің кейбірі салғырттыққа бой алдырады деген сөз. Қоғамда балаларға қатысты жазатайым оқиғалар да, қылмыстық істер мен зорлық-зомбылық әрекеттер жиі орын алуда. Жазықтылардың жауапсыз қалуы мұндай жағдайлардың қайталануына әсер етіп отырған жоқ па деген күдік те жоқ емес. Елдің ертеңі, болашағы бүгінгі балдырғандарымыздың қолында. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігі ата-ана үшін де, тәрбиеші мен ұстаз үшін де, күллі қоғам мүшелері үшін де әркез басты назарда болуы тиіс.

Әсел ӘНУАРБЕК