КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕП, КІСІМСУДЕН САҚТАСЫН...

КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕП, КІСІМСУДЕН САҚТАСЫН...

КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕП, КІСІМСУДЕН САҚТАСЫН...
ашық дереккөзі
«Мешкей деген жақсы ат емес» дегенді жақсы түсінетін халықтың ұрпағына, бүгінде, біреудің интел­лек­туалдық меншігіне қол сұғып, ұрлық жасаудан өзін ірке ал­майтыны қауіпті болып барады. Кейінгі дәуірде ғылым саласында жүрген қандастарымыздың ара­сын­да да плагиаттықтың кездесіп тұратыны өкінішті. Жақында ғана Қазақстан Рес­публикасы Ғылым және білім ви­це-министрі Фатима Жақы­по­ваның плагиаттықпен айып­тал­ғаны елді елеңдеткен жаңалық болды. Қазір қандай түсінбеген нәрсең болса да, оны шайнап, аузыңа са­лып беретін ақпараттық тех­но­логия заманында ғаламтордағы із­деу жүйелеріне «плагиат» деп жа­зып қалсаңыз, оның «ғылым мен өнер саласында біреудің ав­торлығын қасақана иемденіп кету» екенін екі-үш секундта-ақ түсін­діріп береді. Ертеректе, негізінен, әдебиет са­ласында жиі кездесіп тұратын ұрлықтың бұл түрін жұрт «әдеби ұрлық» деп түсінетін, кейінірек оның ғылым мен өнер саласында да бар екені белгілі болған соң, «плагиат» түсінігі кеңірек ұғымға айналды. Ал ақпараттық технология саласы қатты дамыған кезеңде «плагиат­тың» кездеспейтін саласы жоқ екені бел­гілі бола бастады. Кез келген мәселеде шындықты шың­ғыр­тып айтуға бейім қазекем «Оқыған за­лымнан асқан қауіпті жоқ» деп, ондай шетін нәрсенің ғылым мен білім саласына тигізетін залалын ертеден-ақ сездірген. Ал жеке басқа ше? Бұрын да араарасында мұндай әң­гі­мелер болып тұратын, алайда олар­дың ыс­тығы басыла бастап, ыңғайсыз әңгі­ме­нің жұрт жадынан өше бастаған кезінде лауазымды адамның кісі еңбегін иемденіп кетуі жайлы хабар тағы да жұртты дүр сілкіндірді. Осы жылдың тамыз айында сол кезде Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры қызметін атқарған Анар Қайырбекова өзі қызмет атқарып отырған министрліктегі жауап­ты қызметкерлердің қысым жасағаны туралы мәлімдеме жасаған-ды, сондай-ақ ол вице-министр Фатима Жақыпованың докторлық диссертациясын көшіріп алды деп, плагиат ретінде айыптаған. А.Қайыр­бе­ко­ваның айтуынша, «Антиплагиат» бағ­дар­ламасымен тексерілгенде Жақыпова­ның 258 беттік диссертациясының 52,62 пайызы өзгелерден көшірме екені анық­талған. Яғни, өзгелерден ұрлаушы­лар­дың жолын кесуі тиіс мекеме бас­шы­ларының бірі сол қылмысты өзі жасаған. Әрине, бұл жай ғана қылмыс емес, мемлекет  қар­жысына заңсыз қол салу болады, өйт­кені ғылым докторы ретінде Ф.Жақы­по­ваға қосымша ақша төленеді, ал оның ға­лым­дығы – жалған». Бұл мәселеде үнсіз қалғысы келмеген вице-министр Жақыпова өзінің ғылыми жұмысының талапқа сай екенін, онда еш­қандай ұрлық жоқ екенін айтып, мә­лім­деме жасап, ҚР Білім және ғылым ми­нис­трлігі Ғылым комитеті, «Ұлттық  мем­ле­кет­тік ғылыми-техникалық сарап­тама ор­та­лығы» акционерлік қоғамы тара­пы­нан берілген анықтамасын жариялап (он­да Ф.Жақыпованың жұмысынан өзге ең­бек­термен сәйкестік анықталмағаны жай­ында айтылған), өзін ақтаған және өзінің ар-намысына, іскерлік абыройына кір келтіретін ақпаратты жария­лаған­дар­ды сотқа беретіні жөнінде айтқан бола­тын. Бірақ мәселе, Анар Қайырбекова айт­­қандай, «халықаралық деңгейге шығып», оның диссертациясы ресейліктер тарапы­нан да сараланып, Антиплагиат компа­ния­сының атқарушы директоры Юрий Чехович атқарылған іс жайында түсінік­те­ме берді. 2005 жылдан бері 800 миллион де­реккөзі және 2 деректер базасы негізінде жұ­мыс істеп келе жатқан ресейлік «Анти­п­ла­гиат» жүйесі» арқылы тек­серілгенде, расында да вице-минис­трдің жұмысының 52 пайыздан астам жері көшіріліп алын­ғаны анықталған. Анығырақ білгісі келген адамдарға тексерудің нәтижесі мына сілтемеде тұр: http://wiki.dissernet.org/wsave/ZhakypovaFN2009.html Жалпы ұрлық жасау психологиясы – ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп өмір сүруге бейім, жанын қинап еңбектенгісі келмейтіндер мен өзінің әлсіздігін сезе тұра күштілермен қатар тұ­ру үшін қылмыстан бас тартпайтын әді­летсіз адамдарға тән нәрсе ғой. Сон­дық­тан оларға өздерінің кемшілігіне на­мыстану сезімі жетісе бермейді. Содан барып, біреудің адал еңбегіне жармасып, оны иелеп алуға ұялмайды. Кейінгі онжылдықта қазақ ғылы­мы­ның абыройын төгіп жүргендердің ара­сында белгілі ғалымдардың болуы, жо­ғары оқу орындарының басшыларының да кездесіп жатуы қоғам талқысына түсіп, жұрттың наразылығын тудырып жүр. Бірақ ондай оқиғалардың соңы ақ-қарасы анықталмай, сиырқұйымшақтанып кете беретін болғасын біздің елде плагиаттық тыйылар емес. Осыдан 6 жыл бұрын Қазақстандағы аса беделді ЖОО басшысының жара­ты­лыс­тану ғылымы бойынша жазған еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жат­қан­да аяқ астынан шаң шығып, әлгі еңбектің мемсыйлыққа ұсынылмақ түгілі, басылып шыққанының өзі қылмыс деп жар салды кітапты шұқшия оқып, пла­гиат­тығын дәлелдеген кісілер. Ізінше жаңағы «ғылыми еңбек» мәртебелі сый­лық­тың тізімінен алынып қалды, себебі оның қырық шақты беті ресейлік ғалымдардың кітаптарынан көшіріліп алынғаны әшкере болды. Басшысы қалай болса, қосшысы солай демекші, ректоры плагиаттықта айы­п­талған оқу орнының Биология факуль­тетінің оқытушысы М.Құрманбаеваның 2011 жылы басылып шыққан «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» атты оқу құралының А. Әметовтың «Ботаника»  және Н.Мухитдинов С.Айдосова, А.Беге­нов­тардың авторлығымен жарық көрген «Өсімдіктер морфологиясы және анато­мия­сы» еңбектерінен көшіріліп алынғаны жайында БАҚ-тарда материалдар шық­қан­да жұрт жағасын ұстаған, қалайша бір елде өмір сүріп, бір саладағы әріп­тес­те­рі­нің еңбегін тал түсте иемденіп кетуге бола­ды деп. Бірақ бізде қатардағы ғылым­мен шұғылданып жүрген адамдарды бы­лай қойғанда, үлкендердің өздері «суық қолды» атанып жүргенде неге таң қалуға болғандай? Ана ректордың «жиендік» өнері әш­ке­р­е болған жылы плагиат мәселесінде тағы бір шу шыққаны бар. Анау-мынау емес, Қазақстан ғылым-білімін басқарып отырған кісінің 1997 жылы қорғаған док­торлық диссертациясынан. Ол жайын­да іnsiderman.kz сайтында мақала жариялап, Б.Жұмағұлов еңбегінен плагиаттыққа нақты мысалдар келтірген А.Құдай­бер­генов деген автордың дәлелдеуінше, қа­зақ­стандық ғалым В.Н.Монахов, С.Н.Ан­тон­цев, А.Н.Коновалов, А.В.Кажихов,  О.Б.Бо­чаров секілді ресейлік ғалымдардан көшіріп алған. Мақала авторы қандай еңбектен қалай көшірілгенін тәптіштеп көрсетіп, ұрланған ғылыми жұмыстардың аттарын атап көрсеткен. Ой-тұжырым­да­ры қолды болған еңбектердің арасында КСРО дәуірінде (1976 жылы) жарық көр­ген зерттеу кітаптар да бар екен. Ең со­ра­қысы – Б.Жұмағұлов пайдаланған ең­бек­тері жайлы сілтеме бергенде басқа ең­бек­тер­ді атап, ізін жасыруға тырысқан кө­рінеді. Көрдіңіз бе, елімізде плагиаттықтың деңгейі ректор, тіпті министр дәрежесіне көтерілген! Қалайша бұлай болды, қалайша осын­ша төмендедік? Біздіңше, бұл мәселенің осынша асқы­нуы еліміздегі ғылым саласына деген талап деңгейінің түсіп кетуінен болса керек. Бұл жөнінде белгілі математик ғалым, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сый­лық­­тың иегері Мұхтарбай Өтелбаев жур­налист Асхат Райқұлмен болған сұқ­батында («Ғалымдығым қазақтығымнан са­даға»): «Асқар Жұмаділдаев деген өте дарынды математик «Кейбір ғылымдағы ғалымдардың тоқсан пайызы плагиаттар. Солармен күресу керек» деп үнемі айтады. Бірақ олар күрессең де, күреспесең де жеңілмейді. Қайта, PhD докторантура пайда болғалы тоқтады. Докторантураның талаптарын жазуға мен де атсалысқанмын. Алайда, оның кейбір тұстары минис­тр­ліктің сүзгісінен өтпей қалды. Өйткені, ол жерде де псевдоғалымдар бар. Егер өткізсе, өздері көрнекті ғалым болмай қалады ғой», – деген екен. Соңғы екі сөй­лемдегі ғалымның пікіріне назар аудар­саңыз, пәленің бәрі жоғарыдан екені байқалып-ақ тұр. Яғни, қашанғыдай «балық басынан шіриді». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ғалымдармен кездесулерінің бірінде Қазақстан ғылымы тапқан, патенті бар жаңалықтардың өзіне  қызығушылықтың жоқтығын айта келіп, оның бір себебі «біздің ғылыми жұмыстарымызда пла­гиат­­тықтың кесірін тигізіп жатқа­ны­нан» деген ой айтқаны бар. Демек, ауруы асқынған бұл даудың жоғарыдағыларға да жеткені белгілі болып отыр. «Ұрлықтың аты – ұрлық, яғни, ұр­лықтың үлкен-кішісі болмайды» дейтін еді халық бұрын. Қазір оның да үлкені, кішісі болатын сияқты. Оған солай қарауға үлкен кісілердің өзі үйреніп бара жатқандай ма? Қазақстан Республикасы Ұлттық ғы­лым Академиясының Президенті Мұрат Жұрынов matritca.kz сайтында журналист Мөлдір Нұрманға берген жауабында («Ғы­лым­ды тежеп тұрған плагиат емес...) былай депті: «Плагиат» деген көп нәрсені білдіріп жатқан жоқ. Плагиат – ол бір дисер­та­ция­ны қорғау үшін біреуден көшіріп алу. Не­месе бір кітап жазғанда оны көшіріп алу. Немене күйіп кетеді, онда? Түк те емес! 5-10 % плагиат болса, оның ешкімге ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ. Ең бастысы, ғылыми жұмысты нағыз ғалым істегенде, ол еш уақытта плагиат жаса­май­ды. Егер ол плагиат жасаса, оның ғылыми нәтижелері өндіріске салғанда өтірік боп шығады да, өндіріс жүрмейді». Әрине, академиктің сөзін түсінуге бо­лады. Бүкіл ғылым плагиаттықтың бат­пағына батуы мүмкін емес. Плагиатқа ұрын­ған (қандай мөлшерде болса да) ғы­лыми жұмыстардың нәтижесі тәжіри­беде қолданылып не өндіріске еніп кете қоймас. Бірақ қазақтың «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегенін қалай ұмытамыз? Біреудің еңбегінен көшіріп, жанын қинамай ғылыми атақ алатындар көбейе берсе, отандық ғы­лым­нан не абырой қалады? Елдегі ең басты ғылыми орталықтың басшысы плагиат мә­селесіне осылай жеңіл-желпі нәрсе деп қараса, басқалар не демейді? «Түйені жел шай­қа­са, ешкіні аспанда көрдің» кері келмей ме? Жалпы, плагиат мәселесі күлліәлемдік мәселе. Ақпараттық технология қарым-қатынаста адамзат қоғамына әбжілдік, ыңғайлылық, жылдамдық әкеліп қана қоймай, теріс ниеттілердің ұрлық жа­сауы­на, әлемнің ана шетіндегі адамның әлемнің мына шетіндегі адамға тигізер әсерін де еселеді. Ғаламторға жүктелген интеллектуалдық меншіктің талан-тараж болуы үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр. Бірақ солай екен деп суық қолды сумақайлардың жолын кеспеуге болмас. Ол үшін қай салада да интеллектуалдық меншік иесін құқығын қорғау – мемле­кет­тің де, қоғамның да басты парызына айналуы тиіс!   P.S. Өткенде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Болон жүйесі бойынша PhD докторлық диссертациясын қорғау мәселесі жайында айта келіп, «докторанттар диссертацияларын қорғаудың алдында міндетті түрде халықаралық базадан антиплагиаттан өтетін болады. Докторанттар қазір тек Қазақстан базасы бойынша антиплагиаттан өтуде. Енді диссертация қорғайтын PhD студенттерді халықаралық деңгейде плагиатқа тексеру туралы талап қойылады», – деген еді. Демек, ендігі жағында Қазақстан ғылымындағы «жиендік жасауға» бейімдерге ғылымда орын жоқ деген сөз. Тек сол үдеден шыға алсақ жарады.