Баға бақылауға көне ме?
Баға бақылауға көне ме?
Бүгінгі күні бағаның қымбаттығы қараша халықтың басты уайымына айналып отырғаны жасырын емес. Қым-қуыт шақта шарықтаған баға бәріне әсер етуде. Азық-түліктен бастап қызмет көрсету түрлеріне дейін қымбаттап барады. Алайда бағаны байлап ұстауға дәрменсіз болып тұрмыз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы алдағы уақытта бағаны бақылауда ұстайтынын қадап айтты. Әсіресе, әлеуметтік нан мен көмір бағасына баса мән берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Үкімет пен әкімдіктерге жедел тапсырма бергенін жазды. «Әлеуметтік нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыру тапсырылды. Көмір бойынша да осындай тапсырма берілді. Көмір компанияларымен келісіп, бағаны қолдан өсіріп отырған делдалдарға жол берілмеуі тиіс. Бақылауымда болады», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Нан бағасы тұрақты бола ма?
Сонымен Президент бағаны бақылауда ұстайтынын қадап айтты. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасы қаншалықты орындалатыны уақыттың еншісінде. Бірақ бағадағы өзгеріс өңірлерде әлдеқашан басталып кеткендей. Мәселен, Президент назарға алған әлеуметтік нан бағасы қымбаттай бастады. Дерек көздеріне сүйенсек, Қарағанды облысында әлеуметтік нан бағасы 5 теңгеге қымбаттады. Осылайша «ас атасының» бір бөлкесі сауда сөрелерінде 75 теңгеден сатылып жатыр. Ал жоғары сұрыпты ұннан жасалатын нан құны шамамен 80-100 теңгеге жеткен. Мұны кәсіпкерлер ұн бағасының өсуімен байланыстырады. Жазғы аптап ыстық пен жаңбырдың болмауы салдарынан биыл елімізде астық бітік шықпады. Мәселен, былтыр жоғары сұрыпты бір қап ұн 4 мың теңге болса, қазір 5 мың теңгенің сыртында. Ал бірінші сұрыпты ұнның әр келісі 108 теңгеден. Осыған байланысты қазір жергілікті билік әлеуметтік нан бағасын сақтау үшін тұрақтандыру қорына бірінші сортты ұнды жинаудың жолдарын қарастыруда. Алматылық наубайханалар да ұнның қымбаттағанын және астықтың тапшылығын айтып, шағымданған еді. Биліктегілер болса өңірлерде ас атасының құнын қараша айына дейін қалыпты деңгейде ұстап тұрамыз деп уәде берді. Негізінен баға өсімі Павлодар мен Ақтөбеде байқалып, бірден 20 теңгеге қымбаттаған. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға Павлодарда нан 110 теңгеге сатылып жатса, Ақтөбеде 87 теңгеге саудалануда. Бағаның өсуіне бидайдың қымбаттағаны себеп болған. Тек қана Петропавлда әлеуметтік нанның құны әлі де өзгеріссіз 56 теңге шамасында. Ал сауда орындарында бір бөлке нан 61 теңгеге сатылуда. Алайда өңірдегі наубайханашылар бұл баға мүлдем тиімсіз, биліктен қолдау керек деп дабыл қағуда. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік өңірдегі нан пісіру орындарымен бағаны қалыпты деңгейде сақтап қалу үшін келіссөздер жүргізуде. Мемлекет басшысы тапсырма бергенге дейін Ауыл шаруашылығы министрі де елімізде нан бағасының өсуі мүмкін екенін хабарлаған. «Нан бағасы көтеріледі деп ойлаймын. Бірақ аса көп емес. Нан бағасы күрт өспес үшін біз қазір тұрақтандыру қорынан астық сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар, әр облыс әкімдігі астық пен ұн сатып алады», – деген еді Сапархан Омаров. Алдын ала болжамдар бойынша, ел диқандары биыл шамамен 19 млн тонна астық жинайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 млн-ға аз. Басты себеп – астықты аймақтардағы қуаңшылық. Сондықтан нанның бағасы өседі деп болжануда. Алайда нан бағасының шектен тыс қымбаттауына жол бермес үшін Азық-түлік корпорациясы мен облыстық әкімдіктер тұрақтандыру қоры үшін бидай мен ұн сатып алып жатыр. Қымбатшылықтың алдын алу үшін министрлік жыл сайын Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықта 150-ден 250 мың тоннаға дейін астық сататынын еске салды.Көмір құны қалай болмақ?
Күн салқындағаннан-ақ отын-суын әзірлеуге кіріскен қазақстандықтар үшін көмір бағасы жыл сайын дауға айналады. Дәл қазір республика бойынша көмір саудасы қызып тұрған шақ. Мұндай оңтайлы сәтті құр жібермейтін көмір саудалаушылар да халықтың қалтасындағы қаражатты қағып алуға тырысып бағуда. Көмір бағасы қалтасын аяусыз жұқартқанымен, тұрғындар оны сатып алудан бас тартып жатқан жоқ. Отын бағасының күн суыта бастағаннан-ақ әдеттен тыс өсіп кететінін мамандар да, тұрғындар да жасырмайды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмір бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев биыл бақылаудың күшті болатынын, сол себепті көмір бағасының негізсіз қымбаттамайтынын жеткізген еді. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, баға былтырғыдай болады. Ол үшін құзырлы орган қолдан келгенді жасамақ. Мәслен, елордаға келетін қара алтынның бағасы 9 мың мен 12 мың теңгенің арасында саудаланады. Яғни Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы – 11 400 теңге, Екібастұз көмірі – 9 500 тг, Қаражыра – 11 мыңнан 13 200 теңгеге дейін және майкүбі көмірі – 10 мыңнан 12 500 теңгенің маңайында болмақ. Осы белгіленген бағаны апта сайын министрдің өзі қадағалайды. «Ел көлемінде көмірдің құны шарықтап немесе сапасы сын көтермесе, ел-жұрт жер-жердегі әкімдіктерге немесе министрлікке хабарласып, шағым түсіре алады», – деген болатын вице-министр. Алайда елордалықтар шенділердің бұл сөзіне сене қойған жоқ. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қыркүйек айының өзінде көмірді белгіленген бағадан қымбатқа сатып алған көрінеді. Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, көмірдің ең жоғары бағасы Оралда (бір тонна үшін 18,5 мың теңге), Қызылордада (14,1 мың теңге) және Алматыда (14 мың теңге) байқалған. Ал елордада көмір бағасы тоннасына 12,3 мың теңгені құрап отыр. 1 тонна көмірдің республикалық деңгейде орташа бағасы 12,4 мың теңгені құрап отыр. Бұл баға өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 3,8 пайызға ғана арзан. Енді Президент тапсырмасы орындалып, көмір құны белгіленген бағадан аспайтын болар деген үміт бар көптің көңілінде. Нәтижесі қалай болары уақыт еншісінде.Бензин бағасы бәріне әсер етеді
Нан мен көмір бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырған Мемлекет басшысы алдында азық-түлік құнының да шарықтап кеткенін сынға алған еді. Президент бағаны бақылауда ұстаймын дегеннен кейін Энергетика министрлігі бензин құнының қымбаттамайтынын мәлімдеді. Ал осыдан бір апта бұрын аталған ведомство бензин бағасының көрші мемлекеттермен теңесуі мүмкін екенін айтқан-ды. Министр Қанат Бозымбаевтың түсіндіруінше, нарықты тұрақтандыру үшін баға кезең-кезеңімен шекаралас мемлекеттермен теңеседі. «Нарықта бензин мен дизель отынында толқулар жоқ. Қазір барлығы сұранысқа сай реттеліп отыр. Әрине, елдегі бензин бағасының төмен болуы жүргізушілерге жақсы. Бірақ біз көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдермен бағаны теңестіруге мәжбүр боламыз», – деген болатын Қанат Бозымбаев. Ал дәл осы кезде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бензинге акциз көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. Министрдің түсіндіруінше, акцизді арттырудың алдын ала датасы биылғы жылдың 1 желтоқсанына жоспарланып отыр. Бүгінде АИ-92 бензинінің литрі шамамен 150 теңге, кей жерлерде 149-152 теңге аралығында. «Акциздің ставкасы тек 8 теңге, көршілес елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте төмен. Шетелде бензиннің жарты құнын акциз құрайды. Бізде аталған ұсыныс әлі де талқылау барысында. Егер де акциз қосылса, бензин алты пайызға қымбаттайды деп ойлаймын. Ал егер сол деңгейде қалса, бұрынғы баға сақталады. Шамамен 10 теңгеге қымбаттауы ықтимал», – деді министр. Алайда Мемлекет басшысы бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу қажеттігін ескерткесін, Энергетика министрі кезекті рет мәлімдеме жасады. «Биыл бензин мен дизель отынының бағасын өзгертуге негіз жоқ. Сондықтан жалған ақпарат, алыпқашпа әңгімелерге ермеңіздер. Біз ешқандай бағаны көтерейін деп жатқан жоқпыз. Соның ішінде акциздерді өзгертпейміз. Нүктесі осы. Егер бағаны көтеретін болсақ, шағын литражды көлік салығын алып тастау керек. Бұл біздің ұсынысымыз. Сол кезде қозғалтқыш көлемі үшке дейінгі көлік жүргізушілері көлік салығын төлемейтін болады. Егер бензин акцизінің деңгейі өссе, әрине, бензин бағасы да өсуі мүмкін», – дейді Қанат Бозымбаев. Жыл сайын дау тудыратын бензиннің бағасы қымбаттаса, бәріне әсер ететіні сөзсіз. Азық-түлік те, нан да, көмір де ешқандай бақылауға қарамастан қымбаттап кетуі бек мүмкін. Өйткені кәсіпкерлер өз өнімдерін жан-жаққа тасымалдауға қажетті жанармайға көп қаражат жұмсалса, сәйкесінше, өнім құны да өседі. Әйтпесе, кәсіпкерлер өздерінің шығынға бататынын айтып шырылдайды. Ал қымбатшылықтан зәрезап болған қарапайым халықтың шағымына кім құлақ түрмек?