Баға бақылауға көне ме?

Баға бақылауға көне ме?

Баға бақылауға көне ме?
ашық дереккөзі
Бүгінгі күні бағаның қымбаттығы қараша халықтың басты уайымына айналып отырғаны жасырын емес. Қым-қуыт шақта шарықтаған баға бәріне әсер етуде. Азық-түліктен бастап қызмет көрсету түрлеріне дейін қымбаттап барады. Алайда бағаны байлап ұстауға дәрменсіз болып тұрмыз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы алдағы уақытта бағаны бақылауда ұстайтынын қадап айтты. Әсіресе, әлеуметтік нан мен көмір бағасына баса мән берді. Президент Қасым-Жомарт То­қа­ев әлеуметтік желідегі па­рақ­шасында Үкімет пен әкімдіктерге же­дел тапсырма бергенін жазды.  «Әлеу­меттік нан бағасының өсуіне бай­ланысты Үкімет пен әкімдерге шұ­ғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қа­растыру тапсырылды. Көмір бо­йынша да осындай тапсырма берілді. Кө­мір компанияларымен келісіп, ба­ғаны қолдан өсіріп отырған дел­дал­дарға жол берілмеуі тиіс. Бақылауымда бо­лады», – деп жазды Мемлекет бас­шы­сы.

Нан бағасы тұрақты бола ма?

Сонымен Президент бағаны бақылауда ұстайтынын қадап айтты. Ал Мемлекет басшысының тап­сыр­масы қаншалықты орын­да­ла­тыны уақыттың еншісінде. Бірақ бағадағы өзгеріс өңірлерде әлдеқашан басталып кеткендей. Мәселен, Прези­дент на­зар­ға алған әлеуметтік нан ба­ғасы қым­баттай бастады. Дерек көз­деріне сүй­ен­сек, Қарағанды об­лысында әлеу­меттік нан бағасы 5 тең­геге қым­бат­та­ды.  Осылайша «ас ата­сы­ның» бір бөл­кесі сауда сөрелерінде 75 теңгеден са­тылып жатыр. Ал жо­ғары сұрыпты ұннан жасалатын нан құны шамамен 80-100 теңгеге жеткен. Мұны кә­сіп­керлер ұн бағасының өсуімен бай­ла­ныстырады. Жазғы аптап ыстық пен жаңбырдың болмауы салдарынан биыл елімізде астық бітік шықпады. Мәселен, былтыр жоғары сұрыпты бір қап ұн 4 мың теңге болса, қазір 5 мың тең­генің сыртында. Ал бірінші сұ­рып­ты ұнның әр келісі 108 теңгеден. Осы­ған байланысты қазір жергілікті билік әлеуметтік нан бағасын сақтау үшін тұ­рақ­тандыру қорына бірінші сортты ұнды жи­нау­дың жолдарын қарас­ты­руда. Ал­ма­ты­лық наубайханалар да ұнның қым­бат­тағанын және астықтың тап­шы­лығын айтып, шағымданған еді. Биліктегілер болса өңірлерде ас атасының құнын қараша айына дейін қалыпты деңгейде ұстап тұрамыз деп уәде берді. Негізінен баға өсімі Пав­лодар мен Ақтөбеде байқалып, бірден 20 теңгеге қымбаттаған. Нақтырақ айт­сақ, әлеуметтік аз қамтылған отба­сы­ларға Павлодарда нан 110 теңгеге сатылып жатса, Ақтөбеде 87 теңгеге саудалануда. Бағаның өсуіне бидайдың қымбаттағаны себеп болған. Тек қана Петропавлда әлеуметтік нанның құны әлі де өзгеріссіз 56 теңге шамасында. Ал сауда орындарында бір бөлке нан 61 теңгеге сатылуда. Алайда өңірдегі наубайханашылар бұл баға мүлдем тиімсіз, биліктен қолдау керек деп дабыл қағуда.  Қазіргі уақытта жер­гі­лік­ті әкімдік өңірдегі нан пісіру орын­дарымен бағаны қалыпты деңгейде сақтап қалу үшін келіссөздер жүр­гі­зуде. Мемлекет басшысы тапсырма бергенге дейін Ауыл шаруашылығы министрі де елімізде нан бағасының өсуі мүмкін екенін хабарлаған. «Нан бағасы көтеріледі деп ойлаймын. Бірақ аса көп емес. Нан бағасы күрт өспес үшін біз қазір тұрақтандыру қорынан астық сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар, әр облыс әкімдігі астық пен ұн сатып алады», – деген еді Сапархан Омаров. Алдын ала болжамдар бойынша, ел диқандары биыл шамамен 19 млн тонна астық жинайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 2 млн-ға аз. Басты себеп – астықты ай­мақтардағы қуаңшылық. Сондықтан нан­ның бағасы өседі деп болжануда. Алай­да нан бағасының шектен тыс қым­баттауына жол бермес үшін Азық-түлік корпорациясы мен облыстық әкімдіктер тұрақтандыру қоры үшін бидай мен ұн сатып алып жатыр. Қымбатшылықтың алдын алу үшін министрлік жыл сайын Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықта 150-ден 250 мың тоннаға дейін астық сататынын еске салды.

Көмір құны қалай болмақ?

Күн салқындағаннан-ақ отын-суын әзірлеуге кіріскен қазақстандықтар үшін көмір бағасы жыл сайын дауға айналады. Дәл қазір республика бойынша көмір саудасы қызып тұрған шақ. Мұндай оң­тайлы сәтті құр жібермейтін көмір сау­далаушылар да халықтың қалта­сындағы қаражатты  қағып алуға тырысып бағуда. Көмір бағасы қалтасын аяусыз жұқарт­қа­нымен, тұрғындар оны сатып алудан бас тартып жатқан жоқ. Отын бағасының күн суыта бастағаннан-ақ әдеттен тыс өсіп кететінін мамандар да, тұрғындар да жасырмайды. Ал Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кө­мір бағасын қымбаттатпауды тап­сыр­ды. Бұған дейін Индустрия және ин­фра­құ­рылымдық даму вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаев биыл бақылаудың күшті болатынын, сол себепті көмір бағасының негізсіз қымбаттамайтынын жеткізген еді. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, баға былтырғыдай болады. Ол үшін құзырлы орган қолдан келгенді жасамақ. Мәслен, елордаға келетін қара алтынның бағасы 9 мың мен 12 мың теңгенің ара­сын­да саудаланады. Яғни Шұбаркөл көмі­рінің бір тоннасы – 11 400 теңге, Екібастұз көмірі – 9 500 тг, Қаражыра – 11 мыңнан 13 200 теңгеге дейін және майкүбі көмірі – 10 мыңнан 12 500 теңгенің маңайында болмақ. Осы белгіленген бағаны апта сайын министрдің өзі қадағалайды. «Ел көлемінде көмірдің құны шарықтап не­месе сапасы сын көтермесе, ел-жұрт жер-жер­дегі әкімдіктерге немесе министрлікке хабарласып, шағым түсіре алады», –  деген болатын вице-министр. Алайда елор­да­лықтар шенділердің бұл сөзіне сене қой­ған жоқ. Өйткені Нұр-Сұлтан қала­сының тұрғындары қыркүйек айының өзінде көмірді белгіленген бағадан қымбатқа сатып алған көрінеді. Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, көмірдің ең жоғары бағасы Оралда (бір тонна үшін 18,5 мың теңге), Қызылордада (14,1 мың теңге) және Алматыда (14 мың теңге) байқалған. Ал елордада көмір бағасы тоннасына 12,3 мың теңгені құрап отыр. 1 тонна көмірдің республикалық деңгейде орташа бағасы 12,4 мың теңгені құрап отыр. Бұл баға өткен жылдың қыркүйегімен салыстыр­ған­да 3,8 пайызға ғана арзан. Енді Прези­дент тапсырмасы орындалып, көмір құны белгіленген бағадан аспайтын болар деген үміт бар көптің көңілінде. Нәтижесі қалай болары уақыт еншісінде.

Бензин бағасы бәріне әсер етеді

Нан мен көмір бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырған Мемлекет басшысы алдында азық-түлік құнының да шарықтап кеткенін сынға алған еді. Президент бағаны бақылауда ұстаймын дегеннен кейін Энергетика министрлігі бензин құнының қымбаттамайтынын мәлімдеді. Ал осыдан бір апта бұрын аталған ведомство бензин бағасының көрші мемлекеттермен теңесуі мүмкін екенін айтқан-ды. Министр Қанат Бозымбаевтың түсіндіруінше, нарықты тұрақтандыру үшін баға кезең-кезеңімен шекаралас мемлекеттермен теңеседі. «Нарықта бензин мен дизель отынында толқулар жоқ. Қазір барлығы сұранысқа сай реттеліп отыр. Әрине, елдегі бензин бағасының төмен болуы жүргізушілерге жақсы. Бірақ біз көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдермен бағаны теңестіруге мәжбүр боламыз», – деген болатын Қанат Бозымбаев. Ал дәл осы кезде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бензинге акциз көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. Министрдің түсіндіруінше, акцизді арттырудың алдын ала датасы биылғы жылдың 1 желтоқсанына жоспарланып отыр. Бүгінде АИ-92 бензинінің литрі шамамен 150 теңге, кей жерлерде 149-152 теңге аралығында. «Акциздің ставкасы тек 8 теңге, көршілес елдермен салыс­тыр­ғанда бұл көрсеткіш өте төмен. Шетелде бензиннің жарты құнын акциз құрайды. Бізде аталған ұсыныс әлі де талқылау барысында. Егер де акциз қосылса, бензин алты пайызға қымбаттайды деп ойлай­мын. Ал егер сол деңгейде қалса, бұрынғы баға сақталады. Шамамен 10 теңгеге қымбаттауы ықтимал», – деді министр. Алайда Мемлекет басшысы бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу қажеттігін ескерткесін, Энергетика министрі кезекті рет мәлімдеме жасады. «Биыл бензин мен дизель отынының бағасын өзгертуге негіз жоқ. Сондықтан жалған ақпарат, алып­қаш­па әңгімелерге ермеңіздер. Біз еш­қандай бағаны көтерейін деп жатқан жоқпыз. Соның ішінде акциздерді өзгерт­пейміз. Нүктесі осы. Егер бағаны көтеретін болсақ, шағын литражды  көлік салығын алып тастау керек. Бұл біздің ұсынысымыз. Сол кезде қозғалтқыш көлемі үшке дейінгі көлік жүргізушілері көлік салығын төлемейтін болады. Егер бензин акцизінің деңгейі өссе, әрине, бензин бағасы да өсуі мүмкін», – дейді Қанат Бозымбаев. Жыл сайын дау тудыратын бензиннің бағасы қымбаттаса, бәріне әсер ететіні сөз­сіз. Азық-түлік те, нан да, көмір де еш­қандай бақылауға қарамастан қымбаттап кетуі бек мүмкін. Өйткені кәсіпкерлер өз өнімдерін жан-жаққа тасымалдауға қа­жетті жанармайға көп қаражат жұм­салса, сәйкесінше, өнім құны да өседі. Әйтпесе, кәсіп­керлер өздерінің шығынға бата­ты­нын айтып шырылдайды. Ал қымба­т­шылықтан зәрезап болған қарапайым халықтың шағымына кім құлақ түрмек?