23 Қазан, 13:23 655 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық конференция басталды

Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық конференция басталды. "Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік" халықаралық ғылыми конференциясына алыс және жақын шет мемлекеттерден ғалымдар мен зерттеушілер қатысуда. Конференция үш күнге созылады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада Жошының ұлысының, яғни ғылыми әдебиет беттерінде "Алтын Орда" аталатын хандықтың тарихи және мәдени мұра нысандары мен соңғы жылдары жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелері бойынша пікір алмасулар жоспарланған.

"Ғылыми-тәжірибелік іс-шара әлем тарихының ортағасырлық кезеңіндегі саяси, тарихи, мәдени және географиялық бет-бейнесіне түбегейлі өзгерістер әкелген Жошы Ұлысының мұраларын зерттеуге қосқан үлесі деуге болады", - дейді Е.Ағымбаев.

"Ежелден Сарыарқа атауын алған осы өңірде әлемге әйгілі болуға лайық жәдігерлерге бай жер. Атап айтсақ, конференциямызға арқау болған Ұлытау өңіріндегі Алтын Орда тарихына қатысты аса бағалы тарихи ескерткіштер. Ұлы ұлыс немесе Алтын Орда деген атаумен танымал іргелі елдің негізін қалаған Жошы ханның кесенесі де осында орналасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Ұлытау-2019" халықаралық туристік форумында Жошы ханның кесенесін мәдени-туризм нысанына айналдыру қажеттігі туралы айтқан болатын. Бүгінде Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштеріне бай Ұлытау өңірі туристік картаның ТОП-50 нысанына еніп отыр. Осы игі бастаманың аясында облысымызда бірқатар нақты іс-шаралар ұйымдастырылып, іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, ескерткіштер жайлы тың деректер алу мақсатында ғылыми-сараптамалық жұмыстар қолға алынды. Алғашқы қорытындыларды бүгін ғалымдар мен мамандар өз баяндамаларында жеткізеді деп ойлап отырмыз. Сонымен қатар, ескерткіштерді кең насихаттау мақсатында деректі фильмдер мен ғылыми-танымдық басылым дайындалып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Үшіншіден, Ұлытау тарихи-мәдени оазисына туристердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Мысалы, Ұлытау тауында визит орталықтың құрылысы жүргізілуде. Оның іске асырылуы келушілерге көрікті жерлер, туристік бағыттар мен мұражайлар бойынша экскурсиялар туралы ақпаратты қамтитын туристік қызметтер кешенін ұсынуға мүмкіндік беретін болады", - деді өңір басшысы.

Үш күнге созылатын конференция мынандай бағыттар бойынша жұмыс істейді: Жошы Ұлысының саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы; Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау және насихаттау; Жошы Ұлысы: дала мен қала мәдениеті; Сарыарқадағы Жошы Ұлысының тарихы мен мәдениеті.

Ғылыми конференцияны ұйымдастырушы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаевтың пікірінше, іс-шара Жошы ұлысын ұлықтау арқылы мемлекеттік идеологияны қалыптастыру құралы болмақ.

"13 ғасырдың басында Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі аралықта ұлан-ғайыр империя бой көтерген. Империя оның негізін қалаушы Жошы ханның атымен "Жошы ұлысы" аталған. Ғылыми-тарихи деректерде бұл хандық "Алтын Орда" атауымен белгілі. 1269 жылы Талас құрылтайының нәтижесінде Алтын Орда империялық орталықтан толықтай тәуелсіздік алып, жеке хандық ретінде мойындалған. Ағымдағы жылы Алтын Орданың негізі қаланғанына 750 жыл толып отыр. Ұлы дала төсінде үш ғасырдан аса салтанат құрған Жошы Ұлысының тарихына қатысты ескерткіштер жетерлік. Ендігі жерде осынау теңдессіз мұраларды заманауи құндылықтар жүйесінде терең зерттеп, көпшілікке насихаттаудың маңызы жоғары екендігі белгілі. Бұл турасында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау өңіріне жасаған ресми сапарында Алтын Орда тарихын жаңа көзқарастар тұрғысында зерттеу мен оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы мемлекеттік идеологияны қалыптастырудың басым бағыттары екендігін атап көрсеткен болатын. Конференция аталған жаңа бағыттар мен бастамаларды жүзеге асыруға арналған алғашқы қадамдардың бірі деуге болады", - дейді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Басқарма басшысының сөзінше, конференция барысында Жошы Ұлысының тарихы және мәдени мұра нысандары мен соңғы жылдары жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне арналған пікір алмасу ұйымдастырылмақ.

"Ғылыми-тәжірибелік іс-шара әлем тарихының ортағасырлық кезеңіндегі саяси, тарихи, мәдени және географиялық бет-бейнесіне түбегейлі өзгерістер әкелген Жошы Ұлысының мұраларын зерттеуге қосқан үлесі деуге болады", - дейді Е.Ағымбаев.

Жібек Мұқашева

Соңғы жаңалықтар