Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжі - 50 жыл!
Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжі - 50 жыл!
Шын мәнінде, қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық Эстрада және цирк колледжі еліміздегі өнер жұлдыздары қанат қаққан құтты мекеннің бірі де бірегейі. Ірге тасы сонау 1965 жылы қаланған өнер ордасына қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, Қазақ КСР Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның маңдай тері, талай жылғы тәжірибе мен күш-қайраты жұмсалғанын бүгінде соңғы буын өкілдері тамсана да, мақтана айтып отырады.
1992 жылдан бастап қазақтың жезтаңдай әншісі Жүсіпбек Елебековтің есімімен аталатын қасиетті шаңырақ астынан кімдер білім алып, кімдер бүгінде өнер жолында халықтың сүйіктісіне айналмады десеңізші?! Ұлттық дәстүрлі өнерді дамытауда, әсіресе, цирк әртістерін оқытып-дайындайтын бірден-бір оқу орны саналатын бұл ұжымда 350-ге тарта студент білім нәрімен сусындаса, оларға 150-ге жуық жоғары санаттағы оқытушылар дәріс береді. Би әлемінде өзіндік орны бар, көрерменнің жүрегіне жылылық сыйлап келе жатқан танымал «Гүлдер» би ансамблінің өмірге келуі де осы өнер ордасымен тығыз байланысты.
Өткен аптада ұжым өнердегі ширек ғасыр мерейтойын зиялы қауым, танымал тұлғалар мен өнертанушылардың басын қосқан «Жарты ғасырлық белес: қалыптасу, өрлеу және «Мәңгілік ел» мұраты» атты конференциямын бастап, халық әртістері мен Мәскеу шаһарынан келген цирк әртістері өз мамандықтары бойынша студенттерге арнап шеберлік-сыныптарын өткізді. Әсіресе, Орталық цирк ғимаратында өткен эстрада және цирк колледжінен түлеп ұшқан түлектерінің мерекелік бағдарламасы елдің көңілін көтеріп-ақ тастады. Бүгінде бір шоғыр жұлдызға айналған Бағдат Сәмединова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Айжан Нұрмағамбетова, Шәкизада, Жеңіс Ысқақова, Рамазан Стамғазиев, Сәкен Майғазиев, «Қоңыр» тобы тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, келушілер кейінгі жас толқын өкілдеріне сүйсіне қол соқты.
Өнер деп өмірден өткен қазақтың қайсар қызы Гүлжиһан Ғалиқызының болашаққа аманаттап кеткен ұйыған ұжымына белгілі әнші, сазгер Жеңіс Сейдоллаұлы басшылық жасап келеді. «Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретіндей, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретіндей, адамзаттық озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс»,– деп жастарға жігер беретін Елбасымыздың үмітін колледж директоры « Бүгінде жастарымыздың бойындағы қазақылық, қазақ өнеріне деген, қазақ дәстүрлі өнерінің болашағына деген сенімділікті көріп, тәубә дейміз. Біздің киелі шаңырақтан білім алып, бойына ана сүтімен сіңген өнер деген қасиетті ұғымды сезіне алатын, түйсіне алатын жастарымызды көріп жүріп, тәрбиелей жүріп осыған көзіміз жетті»,– деп түйіндеді ойын.
Бүгінде есімдері аңызға айналған Жүсіпбектердің жалғасы Қайрат Байбосыновтай күміс көмей, нағыз жезтаңдай әншілеріміз түлеп ұшқан, кеше ғана аққан жұлдыздай өмірден ерте кеткен Жәнібек Кәрменовтей дарынды, ерекше өнер иелері де дәл осы эстрада-цирк колледжінің түлектері. Өткені мен бүгініне көз жүгірте отырып, біз де осынау талайлардың бағын жағып, ұлы қазақ өнеріне жол салып келе жатқан ұжымның бүгінгі тірлік-тынысына қуанып, іштей тілектес болып отырдық.
ЕЛ СҮЙСІНГЕН БИ КЕШІ
Халқымыз тағы бір жылды тарих қойнауына жіберіп, жақсы жаңалықтар мен жақсылықтар тілейтін тағы бір жылды қарсы алмақ. Осындай жылайырық кезеңнің соңғы күндерінде Алматы жұртшылығы естен кетпес өнер кештерін тамашалауға да уақыт тауып, өнерге, өнерпазға құрмет-қошеметін көрсетіп бағуда. ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Шабыт» байқауының лауреаты, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бишісі Перизат Омарбекованың «Биім менің – биік шың!» атты авторлық кеші өте жоғары дәрежеде өткен осындай кештің бірі болды. Біздің елімізде өнерге еңбегі сіңген танымалдардан гөрі, маңдай терін төгіп үлгермеген пысықайлар өз бағдарламаларын ұсынып, тіпті соншалықты қымбаттығына қарамастан Республика сарайында концерт беруге құмар-ақ. Мейлі ғой дейсің, «Байдың малын байғұс қызғанғандай» болмайыққа тоқтап. Дегенмен, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап, сахнаның қадір-қасиетін ұғынған, халықтың көзі де құлағы да үйренген белгілі әншілеріміз, жалпыхалықтық байлығымызға айналғанын мойындайтын, ерекше құрмет тұтатын тыңдаушы бүгінгі көптеген даңғазашылардың әрекетіне түсінбей дал. Ал, өнер кешінде санаулы ән орындалғаны болмаса, тұтастай биден құрылған Перизаттың авторлық бағдарламасының орны ерекше деуге тұрарлық. Қаршадайынан сахна мәдениетін, өнер қасиетін біліп, көріп өскен оның би әлеміндегі жетістіктері мен жеңістері біршама. Әкесі Асан мен анасы Несіпкүл Омарбекова өмірлерін өнерге арнап, қасиетті саланың бал бұлағынан сусын қандыра ішіп келе жатқан өнер майталмандары. Осы тәлім-тәрбиені бойына сіңіре білген Перизаттың да сахнада жүргеніне жиырма бес жылдан асып барады десек, қателеспейміз. Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі, мемлекеттік «Гүлдер» ән-би және «Әлқисса» ұлт-аспаптар ансамблі, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» студенттер би ансамбльдерінің сүйемелдеуімен қойылған әр би, ерекше есте қалар қимыл-қозғалыс, сол нәзік те әдемі қимыл арқылы бидің болмыс-бітімін қызықтап отырып, өзіңіздің де би әлеміне кірігіп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Әсіресе, бишінің төлқұжатына айналған қазақтың халық биі «Алтынай» сахнада дөңгелене жөнелгенде, мынау тылсым дүние құбылып, төңкеріліп бара жатқандай күй кешесіз. Ал «Бақсы», «Тұмар ханша», « Айша бибі», «Жұмақтағы кездесу», атақты «Айжан қыз», «Келіншек», «Атамекен», қазақтың дарынды ұлы Нұрғиса Тілендиевтің әніне қойылған «Өз елім» билерін көрермен ынтыға қызықтап, құшырлана қол соққанының куәсі болдық. Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын Исраил Сапарбаев пен ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы өз жылы лебіздерін бишіге арнаған жыр жолдарымен білдірсе, Перизаттың өз шәкірттері, бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Жас қиял» би ансамблі «Ақбаян» биін тарту етті.Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ