Жер қойнауындағы қазына жекеменшікке беріледі

Жер қойнауындағы қазына жекеменшікке беріледі

Жер қойнауындағы қазына жекеменшікке беріледі
ашық дереккөзі
Жуырда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайты осы жылдың 3 желтоқсанында Қазақстанның қазба байлықтары аукцион арқылы сатуға шығарылатыны жөнінде ақпарат таратқан еді. Осыған орай елімізде алғаш рет жер қойнауын пайдалану құқын беретін аукцион өтіп, бұдан былай Қазақстанда алғаш рет кен орындарын пайдалану құқы жекеменшіктің қолына өтетін болды. Яғни, бұған дейін мемлекетке тиесілі болып келген 49 кен орнының 38-іне енді кәсіпкерлер иелік етпек. Аукцион өтпестен бұрын 100 жер қойнауы учаскесі сатылатыны, оның ішінде 27-сі өндіруге, 73-і барлауға арналғандығы жөнінде хабарланып, онда аукцион арқылы 46 алтын кеніші, 2 кобальт пен хром, бір титан, үш үштен марганец пен темір кеніштері, бір алмас, 2 боксит тағы басқа кен орындары салатыны айтылған болатын. Аукционға қатысуға өтініштер 1 қазанға дейін қабылданып, барлығы 190 өтініш түскен. Инвестициялар және даму министрлігі «Мемлекетке инвестиция тартуға, оған қатысушылардан барынша мол қаржы түсіруге септігін тигізеді» деп саналған бұл аукционға 92 компания қатысып бақ сынаған. Менделеев кестесіндегі барлық элементтер табылатын қойнауы қазынаға толы Қазақстанда геологтардың күрегі тимеген, яғни игерілмеген жерлер жетерлік. Міне, осылардың дені бәссаудаға түсіп, былтыр заңды түрде мақұлданған аукцион биыл алғаш рет өтіп отыр. Аукционда оны өткізушілер күткен нәтижеден жоғары бағалар болды. Мысалы, Қарағанды облысындағы алтын өндіретін Мыстөбе кен орнының о бастағы нарқы 991 мың теңгеге бағаланса, оның құны бірер минутта-ақ 240 млн. теңгеге көтеріліп кетті. Сол сияқты басында құны 2 миллион теңгеге бағаланған Қарағандыдағы алтынға бай Наурызбай, Алтынсай кен орындары аукцион соңында 280 миллион теңгеге дейін шарықтады. Австриялық тәсілмен өткен бұл аукционның артықшылығы – оның жария түрде өтуінде. Оның нәтижесі жақсы болуы тиіс, себебі енді кен орындарын барлау-игеру жұмыстарына мемлекет бюджетінен ақша жұмсалмайды. Есесіне кен орындарын сатып алған кәсіпкерлер қазынаға қаржы құяды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің бұл аукцион  туралы «Аукцион жариялы түрде өтеді. Қатысам деушілерге шектеу жоқ. Шараның ашық өтуінің арқасында жемқорлыққа жол берілмейді. Келер жылы тағы да 100 жер учаскесін аукционға қоюды жоспарлап отырмыз. Ал бүгінгі жеңіске жеткен компаниялармен келісімшартқа отырып, ары қарай бірлесе жұмыс істейміз. Ұйымдастырушылар о баста аукционнан 190 млн теңге пайда көреміз деп топшылаған. Бірақ шара қорытындысы бойынша 1,5 млрд. теңге табысқа қол жеткізді. Келесі аукцион көктем айында өтеді деп жоспарлануда. Мұндай бастама отандық бизнестің дамуына тың серпін береді және елдегі жұмыс орындарын көбейтеді», – деп түсініктеме берді. Жалпы, еліміздегі кен орындарын игеруге шетелдіктер бұрыннан атсалысып келеді. Мысалы, біраздан бері «Қазатомпром» ұлттық акционерлік қоғамы Ресей, Канада, Франция, Жапония және Қытай елдерімен біріккен кәсіпорындар ашып, еліміздегі атом кеніштерінде уран өндіруде. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының «Атомредметзолото» компаниясы еліміздегі «Energy» компаниясының иелігіндегі «Қаратаудың» біріккен кәсіпорнының 50 пайыз, «Ақбастаудың» 25 пайыздық акциясына иелік етіп отыр. Сол сияқты уранға қатысты Қазақ-жапон келісімі бар екені белгілі. «Аппақ» барлау кен орнының акциясының 65 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, 25 пайызын Жапонияның «Sumitomo Corporation» компаниясы, 10 пайызын «Kansai Electric Rower» компаниясы сатып алған. Сондай-ақ «Хорасан – 1» және «Хорасан – 2» деп аталатын уран кеніштерінің де 40 пайыздық үлесі жапондарда. Ал, Канаданың «Cameco» компаниясымен бірігіп құрған «Ульба Конверсия» жобасындағы «Қазатомпромның» үлесі – 51 пайыз болса, Camecoның үлесі – 49 пайыз. Және «Инкай» уран кенішінің акциясының 40 пайызына «Қазатомпром» иелік етсе, 60 пайызы канадалықтардың үлесінде. Демек, еліміздің бір ғана уран өндірісінің біраз бөлігі жекенің қолында деген сөз. Мамандар бұл аукцион алғаш сөз болғаннан бері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтуда. Олардың ойынша, қазба байлықтарды аукционға салып пайда табу үшін стратегиялық маңызы бар кен орындарына мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ қазба байлықтарды шикізат күйінше шетелдіктерге арзан бағаға сата беруді доғарып, негізгі қорды сақтауы қажет. Қазба байлық ресурстарын аукционға салғанда олардың құнын көтеріп,  қымбатқа сатуды ойластыру керек. Жасыратыны жоқ, қазір әлем бойынша шикізаттан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға жеткізуге ұмтылыс жасалып жатқан шақта бізде қазба байлықтың 90 пайызы шикі күйінде сыртқа кетеді екен. Сонымен бірге дұрыс игерілмегендіктің салдарынан ысырап болып жатқан қазынамыз да аз емес. Мысалы көптеген кеніштерде ілеспе газ пайдаланылмай, ашық аспанда жанып жатыр. Ал бұл газды пайдалануды жолға қойғанда елімізде көгілдір отынның бағасы арзан болып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге себі тиер еді, әрі экологиялық жағынан да зиянды отын түрін тұтыну азаяр еді. Сонымен, кен орындарын тұңғыш рет жеке кәсіпкерлердің иеленуіне мүмкіндік беретін аукцион өтті. Біреулердің айтып жүргеніндей жер сатылған жоқ, тек жер қойнауындағы қазынаны өндіру ісі жалға берілді. Ал бұл шара мемлекеттің қаржы қорын молайтуға тиіс.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ