Екі бірдей кітаптың тұсауы кесілді
Екі бірдей кітаптың тұсауы кесілді
Бүгін елорда төріндегі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында алаштанушы-ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сақ Қайрат Өмірбайұлы оқырман назарына екі бірдей туындысын ұсынды. “Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі” және “Елу деген бір белес” деп аталатын қос кітаптың таныстырылымына белгілі ғалымдар, қайраткерлер, ұстаздар қауымы, профессорлар және Қайрат Өмірбайұлының шәкірттері қатысты.
Тұсаукесер рәсімінің басында автордың шәкірттері дайындаған бейнематериал көрсетіліп, Қайрат Өмірбайұлының шығармашылық жолы жайында маңызды деректер ұсынылды.
Жиынға қатысушылар Қайрат Өмірбайұлының жаңа туындыларын және автордың жалпы шығармашылығын аса жоғары бағалайтынын жеткізді.
“Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі” жинағы – ҚР Жоғары ғылыми техникалық Кеңесі бекіткен «Елдің интеллектік әлеуеті» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылған «Алаш көсемсөзі – ел интеллектісін көтерудің қайнар көзі» атты ғылыми жобаны орындау барысында әзірленген “Алаш көсемсөзі” көптомдығының IV томы.
Аталған ғылыми жоба аясында бұған дейін көптомдықтың “Алаш көсемсөзі: жер мәселесі”, “Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі” және “Алаш көсемсөзі: дін мәселесі” деп аталатын І, ІІ және ІІІ томдары жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілген болатын.
Еске сала кетейік, ғылыми жобаны орындау барысында көптомдықтың жоспарланған барлық бес (5) томы әзірленді, алдағы уақытта “Алаш көсемсөзі: білім-ғылым және мәдениет мәселесі” атты V томының жарыққа шығуы күтілуде.
Таныстырылым барысында ғылыми жинақ алаштанушы, ғалым-профессорлардың талқысына ұсынылып, еңбектің теориялық және тәжірибелік құндылығы зерделенеді.
Сонымен қатар, көпшілік назарына “Елу деген бір белес” жинағы ұсынылады. Аталған еңбекке ұлағатты ұстаз, ғалым, мәдениет қайраткері Қайрат Өмірбайұлының қазақ руханияты мен ұлт журналистикасына сіңірген сүбелі еңбектері мен шығармашылық жетістіктері туралы зиялы қауым өкілдері, әріптестері, достары мен шәкірттерінің шынайы лебіздері мен ақжарма тілектері топтастырылған.