Серік Ахметовтің қорғаушылары сот үкіміне шағым түсірмек
Серік Ахметовтің қорғаушылары сот үкіміне шағым түсірмек
ҚР Экс-премьері Серік Ахметов пен Қарағандының бұрынғы шенеуніктерінің қорғаушылары сот үкімімен келіспей, кері шағым түсіруге қамдануда. Серік Ахметовтің қорғаушыларының айтуынша, 10 жылға сотталған экс-премьердің тергеу барысында келтірген айғақтарын сот алқасы елемей қойған.Он жылға бас бостандығынан ғана емес, бес жылға мемлекеттік қызметке араласу құқығынан және бар мүлкінен айыру жазасына кесілген С.Ахметовтің қолына сот залында кісен салынды. Бір жарым жыл тергеліп, бес ай сот тыңдалымына түскен бұрынғы премьердің ісі осылайша өз мәресіне жетті. Бауыржан Әбдішев пен Мейрам Смағұловқа да ауыр үкім шығарылды Қарағанды облысы мен қаланың бұрынғы басшылары өмірлерінің бес және үш жылдарын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Ал тергеу барысында Ахметовке миллиондары бар сөмкені үкімет үйіне дейін тасыдым деген Ғұмар Рақымжанов пен Әлжан Ақмолдаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сотталғандардың жақындарының жанына бататыны да сол. Асықтары алшысынан түскендерді туыстары «Жазаңды берсін» деп дауыстап қарғап, жерден алып жерге салды. Бірақ сот үкімімен келіспеген қорғаушылар, заң бойынша берілген он бес күн ішінде кері шағым түсірмек ниетте. Тергеу барысында айыпталушылардың нақты қылмыстық әрекеттері көрсетілмеді деп, адвокаттар бір кісідей айтып отыр. Онсыз да кеш басталған соңғы сот отырысының да тынышы қашты. Ғимараттың кіреберісінде, айыпталушылардың туысқандары мен жәбірленушілер шуласа, ауыр үкімді естіген бірнеше азамат дәл сот залында естерінен танып, құлап жатты. Ал судья Исламхан Есенбаев 21 айыпкерге қатысты сот шешімін жарты сағатқа жеткізбей таныстырып үлгерді. Жұма күні тергеу абақтысына жеткізілген Серік Ахметовтың қорғаушылары қазір аппелляциялық шағым дайындауда.