Жаңалықтар

Жақаев ауылындағы жасампаз жігіт

ашық дереккөзі

Жақаев ауылындағы жасампаз жігіт

Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың есімі жұртшылыққа өте таныс. Қазір осы ауыл атақты күрішшінің есімімен аталады. Өмір бойы диқаншылықпен айналысып, даңқы Қазақстан ғана емес, Кеңес Одағына танылған Еңбек ерінің жолын жалғастырып келе жатқандар жетерлік. Осы ауылда туып, диқаншылықты кәсіп қылған Асқар Бердібаевтың да қазіргі уақытта жұмысы қарқын алды десе де, болады. Өйткені жанкешті еңбектің қашан да нәтижесі бар.  Асқар Айтөреұлы осыдан 7 жылдан аса уақыт бұрын «Алтын дән» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бәрі де мақсатты жұмыстың арқасы. Бүгінде шаруа қожалығы іріленді, қазір қожалық басшысы 60 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Айта кету керек, жергілікті ха­лық­тың көпшілігі егін және мал ша­руа­шылығымен айналысады. Күріш және мал азығын дайындайды. Сыр бойында са­палы жұмысын көрсетіп жатқан жігіттің жос­пары қомақты, мақсаты үлкен. Асқар Айтөреұлы 2017 жылы 100 бас жылқы сатып алған. Биыл оның үшінші жыл төлін алып жатыр. Шаруашылық бас­шы­сының айтуы бойынша, қыркүйек және қазан айларында тағы да 100 бас асыл тұқымды ірі қара алу ойда тұр. Ша­руа­шылықта күріш өңдейтін цех бар. Биыл тағы заманауи үлгідегі үлкен күріш зауы­тын ашу ойда тұр. Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, тәулігіне 60 тонна күріш өң­деп, шығаратын болады. Әрине мұның барлығы да оңайлықпен келген жоқ. Қожалық ірі, 3 комбайнды лизингтік не­сиеге алған. Комбайнның барлығы зама­науи құрылғылармен жабдықталған. Іш­ін­де компьютер, кондиционер жол ба­ғы­тын анықтап отыратын ЖПС бар. Тех­ни­каның 70 пайызы жаңартылған. Жерге жаны ашыған адам ғана қиындықтың бәрін еңсереді. Асқар Бердібаев істі бастағанда мұның барлығын да білген. Сөйтті де, білек сыбана кірісті. Сондағы ойлағаны – Ыбырайдың ауылы – ырысты, Бердібаевтың ауылы берекелі болуы тиіс. Күріш егумен айналысатын шаруа­шы­лық­тар алғашқыда қиындықты бастан кеш­кені рас. Еңселерін көтере алмады. Несие­ге қолдары жетпеді.Тозған жерлерді тү­ле­ту керек. Сөйтіп, ол жұмысты қолға алды. Майда шаруашылықтар ірілене бастады. Олардың саны кейін онға жетті. – Әрине, бізге бәрін де басынан бастау керек болды. Арам шөп пен жиде, тал басып кеткен егістік алқаптардың бәрін отадық, тазарттық. Тыңайттық. Содан кейін тұрақты өнім ала бастадық. Ха­лық­та жердің пайы ғана болған. Қазір жер үлесі бар халыққа күзде дивиденд тө­лей­міз, – дейді «Алтын дән» шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Асқар Бердібаев. – Жоспарға байланысты күрішті Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларына тұрақты жіберіп отырамыз. Биыл «Ян­тарь», «Лидер» күріш сортттарын Өзбек­стан­ға экспорттауды көздеп отырмыз. Былтыр 900 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім алдық. Өніміміз – экологиялық жағынан таза, сапалы күріш. Биыл ауылда спорт ке­шені мен күріш зауытының құрылысын бас­тай­мыз. Келесі жылы жаңа үлгідегі су­пер­маркет салып бермекпіз. Үшінші жылы аудан көлемінде жоқ 500-600 орын­дық тойхана салу жоспарда бар. Ауылымыз қаладан кем емес, Келер жылы ауы­лы­мыз­ды газбен жабдықтау жоспарда тұр. Үйге таза ауыз су кіріп тұр. Бұдан да басқа ойға алған жобалар көп, – дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының бас­шысы Асқар Ай­төреұлы Бердібаев. «Ал­тын дән» шаруа­шы­лығы 2016 жылы тірлікті жандандыру үшін 60 миллион теңге несие алған. Оны 2018 жылы толық қайтарып бітірді. Ал 2019 барлық істе­лін­ген жұмыстар шаруа­шылықтың өз қаражатына атқарылды. – Күріш өнімінен Шиелінің даңқын шығарған Ыбырай Жақаевтың атына ешқашан кір келтірмейміз. Біз әлі де осы атамыздың атын шығарамыз. Сондай-ақ басты міндетіміз – шаруашылықты кө­те­ру, ұжымдағы жұмысшылардың әлеу­мет­тік жағдайын жасау, олардың жалақысын арттыру, – дейді Асқар Айтөреұлы. Асқар Айтөреұлы мемлекеттің ауыл шаруа­шылығына жасаған қолдауын сезі­ніп отыр. Суға, тыңайтқышқа 50 пайыз суб­сидия алған. 200 миллион теңгеге 3 ком­­байн алынды. Оның 50 миллион тең­гесі төленді. Демек, жоспарлы жұмыс­тың барлығы да тиянақты орындалып жатыр. Төрт мыңға жуық халық тұратын Жа­қаев ауылындағы шаруашылықтың тір­лігін дөңгелеткен Асқардай азаматтың бү­гінгі ісіне біз осылай сүйсіндік. Ел іші осындай азаматтардың арқасында көр­кейеді, гүлденеді. Демек, Асқардың алар асулары әлі алда. Жұмысты жандандырып жатқан жасампаз жігіттің жұмысына біз тағы да ақ жол тіледік.  

Мира Берікболова