Жаңалықтар

Құмар ойынға құмарлық

ашық дереккөзі

Құмар ойынға құмарлық

«...Ол шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанға дейін жігіттің төресі еді ғой. Бәлкім, адам салт жүрсе, көңіл де тоқ, уайым да жоқ шығар, кім білсін?! Қалай үйлі-баранды болды, оның өмірі солай күрт өзгеріп салды...» деп бастады әңгімесін қарсы бетте тұратын көршім. «Ол» деп отырғаны – бәрімізге ортақ көрші. Өзім сырттай ғана білсем де, бұл көршімнің басына іс түсіп, үлкен мәселеге шырмалып қалғанын естімеппін. Жан-жағының бәрін бағып жүретін әңгімешіл көршімді сөзге тартып, бар білгенін сұрағаным да сондықтан. Сөйтсем, әжептәуір қызметте жүр­ген азамат букмекерлік кеңсеге ақша тігіп, бар дүние-мүлкінен айрылған көрінеді. Тіпті, әуелгіде көлігін, кейін құмарлық өне бойын әбден дендеген соң екі бөлмелі пәтерін сатуға мәжбүр бо­лыпты. Бақуатты тұратын көрші әп-сәтте тұ­рақты табыс тауып тұрған қызметінен де айрылған. Ол ол ма, екі баласы бар от­басының шаңырағы шайқалғаны жанға батты. «Біз көрші-қолаң жиналып, үйіне бар­дық. Бұрын-соңды жаман әдетін көр­сет­пеген қоңсымның адасушылыққа бой алдырмауын өтініп, шамамыз келгенше ақыл-кеңесімізді айттық. Келіншегіне де мұның уақытша сынақ екенін қаперіне салдық. Әйтсе де, олар бір жылдан кейін ажырасты. Содан бастап күйі күннен күнге кете бастады. Ендігі уайым – тұрып жатқан үйінен айрылып қалмаса екен. Анау-мынауға оңайлықпен беріле сал­май­тын иіні мықты жігіт еді. Оны құмар ойынына біреулер арандатып кіргізген сияқты» деп жалғады әңгімесін. Сол көршіні таяуда тағы көрдім. Шы­нын­да да, абыржып кетіпті. Иығы төмен салбыраған күйі қарсы алдымнан өте шық­ты. Адамдардан өзін алшақ ұстағысы келетіні көрініп тұр. Ойынға деген құмар­лы­ғы асқынбаса, бір мысқал да кеміген емес деседі білетін жұрт. Аптасына үш күн сөмкесін асынып, әлдебір жаққа асығып барады. Не де болса, сол қыз-қыз қайнаған ортасын бетке алды-ау дедім іштей...

350 мың адам – құмар ойынының құрбаны

Дәл осы жігіт ағасы сияқты қаншама адам түзу жолдан тайып, өмірін қор қылып жүр десеңізші. Құмар ойынының қызығына басымен кіріп кетіп жат­қан­дардың есебін кім шығарыпты? Десек те, қол­да бар деректерге сенсек, елімізде жы­лына 350 мың адам (күніне 900 адам) құмар ойындарының құрбанына айна­ла­ды екен. Осыдан он шақты жыл бұрын қап­таған казиноларды Қапшағай, Шор­тан­ды қалаларына көшіру арқылы біраз отбасын аман сақтап қалдық десек те болады. Себебі, жолдың бойында «мен мұндалап» тұратын құмар ойындарына еріксіз бас сұғатындар бар. Тіпті, бір рет жеңістің дәмін татқандар қайта келіп, сол орынды тұрақты мекеніне айналды­ра­тыны жасырын емес. Алайда, аждаһаның апанын алыстатсақ та, майда шабақтары сананы улауын тоқтатар емес. Ол – бук­мекерлік кеңселер мен ойын автоматтары. Бұған бала да, ересек те бір «сәлем бермей» кетпейді. Мектеп оқушылары спорт ойындарына интернет арқылы да бәс тігуге әуес. Олар кәмелеттік жасқа толған ба, жоқ па, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Кейбір сауда дүкендерінің алдында сам­сап тұрған ойын автоматтарының ал­дында кәдімгі кезек. Ал мамандар бук­ме­керлік кеңселердің жұмысын қатаңдату керектігін айтып шыр-пыр болса да, одан қайран болмай тұр. Не істемек керек? Құмарға батып, ақшасынан айрыл­ған­дардың көбі сөзсіз қылмысқа барады. Тіпті, қарызға батқан оқушылардың бере­ше­гін ата-аналары төлеп, әбігерге түсуде. Ішкі істер министрлігі берген мәлімет бойынша, соңғы 4 жылда 234 қылмыс тіркеліпті. Олардың 81-і қарақшылық шабуыл, ал 153-і – тонау. Биылдың өзінде 6 қылмыс орыналған. Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу – нашақорлық пен маскүнемдікке қара­ғанда әлдеқайда қиын. «Ренессанс» ха­лық­аралық қауымдастығының директоры Сергей Мавлявиевтың айтуынша, ойынға тәуелділіктен сауығу үшін 2015 жылы Алматыда 266 адам жүгінген екен. Ал 2017 жылы Астанада 46 адам, 2018 жылы Қарағандыда 7 адам мамандандырылған медициналық көмек алу үшін орталыққа келген. Негізінен ем-дом алатындар қа­рызға белшесінен батқандар. Олардың 5 пен 15 миллион теңгеге дейін борышы бар көрінеді. Көбінесе көмекке мұқтаж пәтері, үйі, көлігі кепілде тұрғандар. Ал қарапайым халықтың қалтасын қағатын ірі букмекерлік кеңселердің бірінің бір жылдық қаржы айналымы шамамен 200-250 миллиард теңгені құрайды. Бұл ресми емес мәлімет. Мамандар мәселені мемлекеттік дең­гейде шешуді ұсынып, мектеп пен уни­вер­ситеттерде құмар ойынға деген тәуел­ді­ліктің алдын алу бағдарламаларын ен­­­­­гізу керектігін айтады. Бұдан бөлек, бук­­­­мекерлік кеңселер мен олардың жар­на­маларына шектеу қою қажеттігі ма­ңыз­ды. «Нақты механизм құрастыру керек. Шұғыл ақша беретін орындардың бір-бі­ріне жақын болуы, жарнамалардың көп­теп қойылуы, осының бәрі қатты әсер етеді. Жастар, жасөспірімдер қазір ұялы теле­фондарына кіріп, букмекерлік кең­селер, тігістер жайлы оп-оңай біле алады. Жар­намалар жақын болашақта балаларға арналған арналарда бола ма деп қор­қатын болдық», – дейді «Nur Оtan» пар­тия­сының хатшысы Илья Теренченко. Ал ойын бизнесінің өкілдері реттеуді қа­таң­дату мәселесіне қалай қарайды? Бәлкім, заңбұзушылыққа жол бергендерді бірден лицензиядан айырған жөн болар. Қазақ­стан ойын бизнесі қауымдас­ты­ғы­ның ат­қарушы директоры Гүлмира Бер­гено­ва­ның айтуынша, аталмыш кеңселерге тый­ым салып қана қойсақ, олар ақша бир­жаға қойылатындай етеді де, «бро­кер­лік клубпыз» деп шығады. «Бұл онлайн ойындарда да, ойын клубтарда да түрленуі мүмкін. Демек, жабылып қалмау үшін кез келген пішінге алмасып кетуі ықтимал», – дейді ол.

Министрлік заңға өзгеріс енгізбек

Бұл мәселеге тікелей жауапты Мә­де­ниет және спорт министрлігі де қол қусырып қал­ған жоқ. «Turkistan» газетіне түсінік­те­ме берген министрлік өкілі Ермек Жу­санов: «Министрлік «Ойын бизнесі» заң жо­басына толықтырулар мен өзгерістер ен­гізу жөнінде ұсынысқа бас­тамашы бол­ды. Қазір бұл жоба Пар­ламент мәжілісінде жа­тыр. Заң жобасы адам­дардың құмар ойындарына деген тәуел­діліктен ары­луына бағыт­тал­ған. Мұнда букмекерлік кеңселер мен тотализа­тор­лардың тек спорт оқиғасы кезінде ғана бәс қабылдау нормасы мен шарты қарас­тырылған. Себебі, заңға сәйкес, бұған дейін кез кел­ген спорттық сайысқа қанша бәс тігу керектігін өздері шешіп келді. Бұл қара­пайым халықтың құмар ойындарына деген қызығу­шы­лы­ғын одан әрі арттырып отыр. Сондықтан жаңа заң жобасы бук­мекерлік кеңселердің белгілі спорт түр­леріне ғана бәс ақшасын қа­был­дауын рет­теуді қолға алады. Сол сияқты заң жобасы аясында азаматтардың өзін құмар ойындарынан шектеу жағына аса мән берілмек. Яғни, кез келген азамат өзін бопсалаған букмекерлік кеңсенің үстінен арыз жазса, одан жарты немесе бір жыл бойында бәске ақша қабылдай алмайды» дегенді жеткізді. Сондай-ақ, министрлік өкілі бук­ме­керлік кеңселер жайында жарнаманың да шамадан тыс көбейіп кеткенін жасыр­май­ды. Әсіресе, интернетке кіргенде көз алдыңнан жылтыңдап шыға беретін жарнаманың өзі адамның психикасына кері әсер етпей қоймайтыны анық. «Заң жо­басы негізінде жарнаманы реттеу мәселесі де назарға алынды. Бұл интернет ресурс­тары, телеарна, көшелердегі айқай­лап тұр­ған жарнаманы шектеу деген сөз. Біз­дің ойымызша, заңға енгізіліп жатқан өзгерістер құмар ойындарына тәуелді азаматтарды сауықтыруға біршама үлес қосады. Біз бәс тігу есебі бойынша арнайы орталық құру керектігін бекер сөз еткен жоқпыз. Бұл не үшін керек? Айталық, бұл барлық тігілген бәстің есебін шығарып, олардың ашық болуын қамтамасыз етпек. Ең бастысы, букмекерлік кеңселердің айналымдағы көлеңкелі ақшасын анық­тау­ға мүмкіндік береді. Және де ойын­шы­лар­дың құқығын қорғап, бюджетке са­лық­тың дер кезінде төленуін міндеттейді. Қазіргі кезде бұл механизм Белоруссия елінде жемісін беруде. Нәтижесі жаман емес», – деді  Мәдениет және спорт ми­нис­­тр­лігінің өкілі Ермек Жусанов. Жангелді Шымшықов, экономист:

Букмекерлік кеңселерге тыйым салу керек

– Меніңше, букмекерлік кеңселердің көлең­келі бизнесіне тоқтау қою керек. Қазір студенттер, оқушылар осы орынды айналып өтпейді. Бұл – кесел. Онда мін­дет­ті түрде кем дегенде сыра ішіледі. Жас­тар спорт ойындарының нәтижесіне кә­дім­гідей қызығып, бәс тігеді. Егер ұтса, әжептәуір ақша алады. Көбінесе ұтылып жа­тады. Айналып келгенде, пайда бук­мекерлік кеңсенің қоржынына құйылады. Олар бәрін құшақ жайып қарсы алып, көңілінен шығуға тырысады. Мысалы, ойын автоматтары да жастарды құртып ба­рады. Бұл құмар ойынына әкелетін бас­палдақ. Әрине, оларды біржола жауып тас­тауға болмас. Бұл адам құқығына қол сұғу­мен бірдей. Екіншіден, экономикада ар­тық табыс арнасы болу керек дейтіндер көп. Бұл жерде қайдағы артық табыс? Оған соңғы тиынын салатындар бар, ата-ана­сынан ұрлаған ақшасын тігіп жібе­ре­тіндер көп. Құмар ойындарын Қапшағай мен Щучинскіге көшірген сияқты, бук­ме­кер­лік кеңселерді де адамдардың көз алдынан та­са ету керек. Қаланың ішінде болған соң мектеп оқушыларына да, жо­ға­ры оқу орны студенттеріне де залалы көп.

Ермек Нұрым, психолог:

 Құмарлық дерті дендесе, қылмысқа апарады

– Құмарлық ойынға деген тәуел­ді­лік­тен құтылу оңай емес. Біріншіден, бұл тәр­биеге байланысты. Мүмкін құмар ойы­ны­на әуес баланың әкесі сондай шы­ғар. Со­сын көп жайт баланың араласатын ор­тасына да қатысты. Әртүрлі себеп әсер етуі мүмкін. Егер бала психологиялық тұр­ғы­дан әлсіз болса, өзін ұстай алмай, тез еріп кетеді. Негізі мұндай баламен ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ойынға де­ген тәуелділік – аурудың бір түрі. Оны психолог емес, психотерапевт емдейді. Бә­ріне әлеуметтік жағдай әсер етеді. Қа­рап тұрсаңыз, ойын автоматтарын кө­бі­несе ақшадан тарыққан адамдар ой­на­май­ды. Өйткені, олардың сана-сезімінде «тез байысам» деген ой тұ­рады. Оның оңай жолы – ойын авто­мат­та­рынан қо­мақты ақша ұтып алу деп тү­сінеді. Бірақ ал­ғаннан салғаны көп болады. Оны мойындағысы келмейді. 1 мың теңге салсам, 2 мың теңге шығарып аламын дейді. Сөйтеді де, барынан ай­рылады. Тәуел­ділік деген де ауру. Бұл дерт дендеп кет­се, адамды қылмысқа, тонауға, боп­салауға итермелейді.   P.S. Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір даныш­панға барыпты. Даныш­пан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дей­ді. Ол қиналмай-ақ суы­рып алады. Енді одан жуа­нын суыруын тап­сы­рады. Ол досын көмекке ша­қырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда даныш­пан: «Көрдің бе? – депті, – жаман дағдыдан бас­тап­қы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзің­нің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен. ...Соңғы кезде өмірін құмар ойынына арнап, соның құрбанына айналған әлгі көршім көрінбей кетті. Естуім­ше, баспанасынан да ай­рылып, кәдімгі көше кезбесі  боп шыға ке­ліп­ті. «Әттең, дерті ас­қын­бай тұрғанда дұрыс жол­ға түскенде ғой» деген ойды сандырақтап айта беріппін еріксіз...