Жаңалықтар

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӨЛІМІ

ашық дереккөзі

ӘБДІРАХМАННЫҢ ӨЛІМІ

Әбдірахман! Ақын әкенің сүйікті ұлы – Әбіш еді. Ерте есейген, оқы­ған-тоқыған аз қазақтың бірі еді. Егер, сол аяулы Әбіштің өмір гүлі ерте солмағанда, ол сөзсіз 1905 жылы Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бас­таған өзі қатарлас, тұғырластарының қасынан табылып, Алаш ұлт-азаттық жолында көш бастар еді ғой... Әбдірахман Абайұлы Өс­кен­баев 1868 – 1895 жылдары өмір сүрген. Абайдың бәйбішесі Ділдә анадан туған. Семей қаласындағы уездік мектепте сауат ашып, Том қаласындағы Александров реалды училищесін бітірген (1889). Сосын оқуға ынтық жан Санкт-Петер­бор­дағы Михайлов атындағы артиллерия училищесінде оқып, үздік тәмамдаған (1892). 1890 жылы унтер-офицер, 1892 жылы подпоручик әскери атағын алған. Оқуын бітірген соң, Ташкенттегі артиллерия гарни­зо­нында қызмет істеген. Ғұмыр шырағы ерте сөнген қайран Әбіш… Біздің елде бір аңызға айналған әңгіме бар. Біздің жақ деп отырғаным – Қапал, Арасан өңірі. Жетісудың бір шұрайлы жері. Осы Қапалдың көне­көз қарияларынан жеткен әңгіме. Әбіш 1895 жылғы 15 қарашада ұзаққа созылған аурудың кесірінен өмірден өткен. Алматы мен Ақшоқы қыстауы­ның арасы шалғай, жол ұзақ. Сосын Абай жұрты Әбіштің сүйегін аманатқа қалдыруды өтініп, Алматыдағы мұ­сыл­­ман зиратына уақытша жерле­ген екен. Жазғытұрым шығып, жер көр­песі сөгіліп, көк өскенде қаралы жұрт­­тың азаматтары Алматыға келіп, ама­натқа қалған Әбіштей ердің сүйе­гін қазып алып, арулап ақ матаға орап, киізбен қаптап, мәйіттің денесі ауыр да, алыс жолға шыдайтын әрі иіс шығармайтын иірмен, жалбыз сияқты шөптерді үгітіп, сеуіпті. Сөй­тіп, пар ат жегілген арбаға аяулы Әбіш марқұмның сүйегін салып, жолға шыққан екен. Жол ұзақ. Қыраттан бел, белден асу, асудан кезең, кезең­нен өзен өтіп, Қапал қаласының ір­ге­сіндегі Есімбек қажының ауылына келіп, ат суытып, тоқтаған деседі. Бұл ауылдың аты шыққан адамы – Сара еді. Жетісудың бұлбұлы, алаштан шық­қан ақын Сара Тастанбекқызы. Қа­ралы кісілердің арасында Шәкәрім бар екен. Ол кезде Шәкәрім әлі қа­жылық сапарына бармаған, қы­рық­тың ішіндегі келісті азамат екен. Сара қара жамылған қайғысы бар кісілерді күттіріп, қонақ қылыпты. Жөн сұрас­қан соң, мән-жай­ды біліпті. Шәке, Шә­кәрім Абай­дың ұлына арнаған жоқ­тау жырларын айтып, алты қанат үйде­­гілердің қабырғасын қайыс­ты­рып, өксітіпті. Жас өлімді естіген Сараның жаны сыздап, жүрегі езіліпті дейді. Сонда керегедегі домбыраны алып, былай деп жырлапты: Ал, Шәке-ай, қабырғамды кетті-ау тіліп, Айтқаны Ыбекемнің қадір біліп. Қажыған қайғы басып аға-екеме, Тілеймін ұзақ жылдар ғұмыр-тілек.   Мен неге толғанбаймын, толғанса ол, Ұлына сәлем еттім қусырып қол. Мәйіттен мен қалайша аяп қалам, Халқымның қонақ күткен  ықыласы мол.   Санасын Ыбырай аға мені өзіндей, Баласын күтіп алдым өз көзіндей. Мен де ортақ қайғысына  жүрек жалын, Әбішке айтқан оның зар сөзіндей.   Қонағым тірісіндей Әбіш бүгін, Көтерем артсаңыздар нардың жүгін. Тай сойдым, құрметіне қысыр емген Бал тамған қазысынан тартса түгін.   Төгілтіп бал-бауырсақ  дастарханға, Ақ ниет, адал жүрек –  тұрмын алда. Даярмын шырақ қойып күзетуге, Әбіштің аруағын ұзақ таңға.   Төрімде ол да отырсын  сіздердей боп, Жас өмірі жайнағандай  алқызыл шоқ. Риза боп ойнап-күліп аттаныңыз, Арқаның балғындары – аяулы топ.   Жасымнан танушы едім  жақсы сырын, Жақсы үшін құрбандық ед  ән мен жырым. Ыбырайдың аяулы ұлы қонақ болса, Емес пе бұл мен үшін жақсы ырым.   Бұл сенің ғана емес, бүкіл елге, Қадірін білмес мұның  қандай пенде? Күйзелді найман елі түгел дерсіз, Көкірегі қайғылы – жасы елге.   Көп сәлем Ыбекеме дұғай-дұғай, Көңілін шат,  ғұмырын ұзақ қылсын Құдай. Көп жерге ере шығып қарындасың, Қош айтып қалды дерсіз  қолын бұлғай... Біздің заманға жеткен Сараның қайғылы сезімге толы жоқтау өлеңі осы. Мұны естіген, сол оқиғаның куә­гері Мәкей Еркінбеков деген азамат еді. Мәкей аға – Маман балалары ашқан «Мамания» мектебінде оқыған, кейіннен сол мектепте ұстаздық ет­кен, совет заманы орнағанда әр түрлі ағартушылық қызметте болған адам еді. Мәкей Қапал атырабындағы Ма­тай еліне сіңген төре тұқымынан бо­ла­тын. Ол кезде Мәкей 12-13 жастағы естияр бала екен. Қаралы топ бірер күн аялдап, со­сын қайыра жолға шығыпты. Әбіштің сүйегін қайтадан арбаға салғанда, ақын Сара алтын зермен әшекей­лен­ген жайнамаз тәріздес жұқа кілемді киіздің бетіне жауыпты. Ал, осы ауылдың бәйбішесі Қамқа ана арбаға бір боз биені байлап, оның үстіне қара бұлдан кежім жапқан екен. Мәкейдің әңгімесін естіген көнекөз ақсақал, жазушы-драматург Тәңірбер­ген Қали­ла­ханов бұл ескі әңгімені хи­каятқа айналдырып жазған да еді. Міне, біздің ел жақта Абайдың аяулысы туралы осындай бір аңызға бергісіз әңгіме бар.

Елдос ТОҚТАРБАЙ