Байлауға көнбейтін баға
Байлауға көнбейтін баға
Еліміздің барлық өңірлерінде ай сайын баға шарықтап, қарапайым халықтың қалтасын жұқарта түсуде. Базардағы бағаның бағамына қарап, зәрезап болған жұрт мұндай қымбатшылыққа да амалсыз бой үйрете бастаған.
Баға, қайда барасың?
Қазіргі бағаның тұрақсыздығын әркім әртүрлі саралайды. Бірі бағаның өсуін саудагерлердің қолынан жасалатын жайт деп бағаласа, енді бірі мұның себебін азық-түлік қорының аздығынан іздейді. Үшінші топ жалақы, зейнетақы, жәрдемақының көбеюі бағаның да шарықтауына әсер етеді деп санайды. Ал саудагерлер бәрін экономикалық жағдайға доллардың көтеріліп, теңгенің құлдырауына сілтейді. Теңгенің құнсыздануы азық-түлік бағасының өсуіне әсер етіп, қаржылық қиындықтар қыспаққа алғанда, қарапайым халық шарасыз күйге түскендей болған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректері бойынша, 2019 жылғы тамыз айындағы азық-түлік тауарларының бағасы 2018 жылдың тамызындағы көрсеткішпен салыстырғанда 9 пайызға өсті. Ресми дерекке сүйенсек, нан өнімдері мен жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май мен тоңмай, көкөністер, қант, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады. Жарма өнімдері тобында бағаның әр бағытта өзгеруі белгіленді. 2019 жылғы тамызда күріштің орташа бағасы 374 теңге, ал қарақұмық жармасы 241 теңгені құрады. Құмшекердің орташа бағасы 2019 жылғы тамызда килограмына 233 теңге, 2018 жылғы тамызда 223 теңге болды. Ет және ет өнімдерінен сиыр етінің жауырын-төс бөлігінің орташа бағасы 1 килограмы 1713 теңге (2018 жылғы тамызда – 1506 теңге), сүйегі бар қой еті – 1648 теңге (1433 теңге), сүйегі бар жылқы еті – 1933 теңге (1695 теңге), шошқа етінің жауырын бөлігі – 1416 теңге (1281 теңге), шала ысталған шұжық – 2109 теңге (1928 теңге), тауықтың сан еті – 812 теңге (663 теңге) болды. Ал күз мезгілі басталғалы бері азық-түлік бағасы тағы да шарықтай түсті. Яғни, уақыт өткен сайын бағаның өсуі байқалуда. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы базарларындағы баға ырыққа көнер емес. Нұр-Сұлтан қаласында баға бірден 15,1 пайызға өсті. Жезқазғанда 11,8 пайызға, ал Талдықорған қаласында тауарлар 10,4 пайызға қымбаттаған. Алматы жұртшылығы болса, азық-түлік құнының шарықтағанын әр маусым сайын байқайды. Дегенмен, қалалық әкімдік бұл жағдайды реттеуге барын салуда. Алматы әкімдігі биылғы жылдың тамыз айына дейін негізсіз баға көтерген 115 жағдайды дер кезінде тоқтатқан. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді дейді мамандар. Қаладағы 29 сауда нысанына тұрақты түрде мониторинг жасалады. Сондай-ақ, Алматыда құрылған тұрақтандыру қоры төмен бағаға кепілдік береді. Соңғы 2 жылда оның резерві шамамен 6 тонна тауармен толыққан. Олар дүкендерде нарықтағы бағадан арзан етіп сатылады. Осылайша, азық-түлік құнының шарықтап кетпей, тұрақты болуы қатаң бақылануда. Елордадағы бағаның қымбат екенін ел Президенті де Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі отырыста растаған болатын. «Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат екенін айту керек. Бұл белгілі мәселе. Мысалы, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайызға, сүзбе 17 пайызға, пияз 14,5 пайызға, күнбағыс майы 9,6, сиыр еті 6,7 пайызға жоғары. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым және азық-түлік белдеуі орнықпаған деген сөз. Сауда орындары тапшы. Ұйымдастырушылар көбіне белгілі бір саудагерлерге ғана мүмкіндік береді. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасындағы байланыс өз деңгейінде емес», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал мамандар «Өндірушінің бағасы мен нарықтағы сату бағасының айырмашылығы жер мен көктей» дейді. Мәселен, бағбан баудағы сәбізін 67 теңгеге сатса, дүкен сөрелеріне жеткенде 1 келі сәбіздің құны 151 теңге болады. Делдалдар үстінен 84 теңге қосып сатып жатыр. Бағаны өсірмеу үшін Ұлттық экономика министрлігі кешенді шараларды қолға алмақ. Соның ішінде тауарды жеткізушілерден сауда орындарында қосымша ақы алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігі ырыққа көнбейтін бағаны бақылауда ұстау мүмкіндігін халықтың қолына бермек. Ол үшін арнайы платформа құрылады. Сол арқылы Үкімет әлеумметтік маңызы бар тауарларды қадағалап отырмақ.Негізгі себеп неде?
Шын мәнінде, азық-түлік бағасының қымбаттауына негізгі себепті қайдан іздеу керек? Үкімет мүшелері еліміздегі баға тұрақсыздығын әлемдегі азық-түлік бағасының жаппай өсуімен байланыстырады. Қарапайым халықтың азық-түлік бағасының қымбаттауына наразылығынан хабардар болған түрлі деңгейдегі билік өкілдері бағаны ырыққа көндіру үшін барын салған. Тіпті, әкімдердің базар аралап, бағаны негізсіз көтергендерге қарсы түрлі шараларды қолға алғанының да тиімділігі бола қоймады. Бір жылдары елімізде сауда қызметін реттеуге бағытталған заң қабылданып, сол арқылы азық-түлік бағасын ауыздықтауға күш салынған. Алайда бүгінгі күні халықтың сол заңның игілігін көріп отырғаны шамалы. Әсіресе, жыл басында жағадан алатын қымбатшылықпен күрес те елімізде қаңтар айынан басталған. Содан бері азық-түлік бағасының күрт өсуі мен оны тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үкімет қымбатшылықтың алдын алуға және нарықтағы бағаны қадағалап отыруға тырысқанымен, қараша халық оның нәтижесін көре алар емес. Бағаның өсуіне ең алдымен сол бағаны реттейтін мемлекеттік институттардың дәрменсіздігі әсер ететін сияқты. Сонымен қатар, бағаның шарықтауына өндіріс көлемінің қысқарып, импорт үлесінің ұлғаюы, ұлттық есеп жүргізудің жетілмеуі, көлеңкелі экономиканың әсерлері, агроөнімдер нарығында бәсекелестіктің өте төмен болуы да өз ықпалын тигізеді дейді мамандар. Бағаның ретсіз өсімімен күресуге кедергі келтіретін осындай техникалық сипаттағы қателіктер қалай түзелмек? Сол қателіктердің шешімін тапқанда ғана, бағаның шектен тыс өсуіне кедергі келтіруге болады. Елімізде баға өсімін бақылайтын арнайы мекемелер бар. Олар қанша қадағаласа да, бағаның өсуіне тоқтау сала алмайтынына қоғам әбден көндіккен. Тағы бір кілтипан – кәсіпкерлерде. Орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар өздері қалаған бағаны қоятыны бесенеден белгілі. Олардың айтар уәжі де бар. Кәсіпкерлер коммуналдық тарифтердің өскенін айтып ақталады. Сонымен қатар, тауардың сатылымдағы бағасына жемқорлық әрекеттері де өз әсерін тигізетіні айдан анық. Кедендегі, жолдағы тексерушілердің, заңсыз алым-салықтардың көптігінен де кәсіпкерлер тауарлар құнын шарықтатып жібереді. Өйткені тексеру көп болған сайын кәсіпкердің қалтасындағы тиын-тебен азая түсетіні жазылмаған заңдылыққа айналған. АҚШ доллары құнының қымбаттауы еліміздегі барлық азық-түлік түрлерінің бағасына әсер етті деу ақылға қонымсыз. Өйткені қазіргі уақытта отандық нарықта өз өнімдеріміздің алар үлесі де айтарлықтай. Ендеше, саудагерлер доллардың бағамына неге байланады? Тұрғындардың түсінбейтіні – отандық өнімдердің бағасы өзгелерден неге қымбат? Сырттан келген өнімдердің бағасы біршама арзан, алайда ондай бағаға қазақстандық тауарларды таба алмайсыз. Мәселен, Өзбекстаннан келетін бау-бақша өнімдері еліміздегі жылыжайларда өсірілген өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Мұндай жайт сүт өнімдеріне де қатысты. Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасынан келетін сүт өнімдерінің бағасы отандық өнімдерге қарағанда төмен. Мыңдаған шақырым қашықтықтан жеткізілетін өнімдер бағасынан өз жерімізде өндірілген тауарлар қалай қымбат болуы мүмкін? Бұған кім кінәлі? Мамандар мұндай жағдай тауар өндірушілердің ірі сауда желілеріне тікелей тәуелділігінен туындап отырғандығын алға тартады. Яғни, олардың келісімшарттары көбіне екі тарапқа бірдей тиімді болмайды екен. Ал тауар өндірушілер сауда желілерінің отандық өнімдердің бағасын өз қалауларынша қымбаттатып сататындығын айтады. Қош, бағаны реттеп отырған мекемелер, басқармалар мен департаменттер бар. Олар қадағалауын қадағалайды, алайда сәт санап өскен бағаға тоқтау сала алмайды. Сондықтан нарықтағы бағаны ырыққа көндірудің нақты жолын табу керек.