Миллиондап табыс тапқан кино ұлтқа не береді?
Миллиондап табыс тапқан кино ұлтқа не береді?
Өткен аптада «Томирис» фильмін тамашалаудың сәті түсті. Көп күткен кино үдеден шықты. Сыншы көзілдірігімен қарағандағы кем-кетікке көз жұмғанда, Ақан Сатаев көрермен көңілі тоярлықтай-ақ дүние жасапты. Бас-аяғы жұп-жұмыр. 2,5 сағатқа созылған фильм жалықтырған жоқ, бір деммен көріп шықтық. 2,5 жылда жұмсалған 2,5 млрд теңгенің ақталарына сендік. Киноны да тауар десек, нарық заманында өндірушіге өнімінің өтімді болғанынан маңызды мүдде бар ма?
Жасыратын несі бар, бүгінде отандық фильмдердің сапасын прокаттан түскен табысымен таразылайтын сыңаржақ көзқарас қалыптасқан. Кассалық түсімі қомақты болса, фильмнің көрермені көп болғаны даусыз. Алайда залдың лық толы болғаны киноның деңгейіне анықтауыш бола алмайтыны ескеріле бермейді. Мәселен, өткен жылы қазақ киносының қоржыны кез келген жұртқа ұялмай көрсететін бірнеше тұғырлы туындымен толықты. Арасында көпке ой салары да, фестивальдарда жүлде алғандары да, жас актерлердің жұлдызын жаққандары да баршылық. Тек пайда табуды көздеген арзанқол дүниелер де жоқ емес. Алайда жыл соңында бәрін сарапқа салып, көрермен көңілінен шыққандарын екшегенде, топжарғандардың қатарынан шын үздіктерді көре алмай дал болдық. Өйткені төрелікті кино көргендер емес, билет сатқандар айтты.
«Тикетон» онлайн билеттер сервисінің деректері негізінде жасалған рейтингте отандық прокаттан 573 883 750 теңге жинаған «Африкадағы қазақша бизнес» фильмі көш бастады. 390 617 555 теңге табыс тапқан «Құдалар» фильмі екінші орыннан көрінсе, кассалық түсімі 195 559 200 теңгені құраған «Бизнесмендер» үшінші орынға жайғасты. Үздік ондыққа «Ұлы дала комедиясы», «Мен – күйеумін», «Гудбай, мой бай», «Таиландтағы каникул», «Сиситай» «Әміре», «Свадьба.kz» фильмдері кірді. Аталған 10 фильмнің жетеуі – комедия. Жеңіл сценарий, арзан күлкіні айналшықтаған бұл комедиялардың барлығы дерлік әуесқойлардың жұмысы. Арасында әншісі бар, әзілкеші бар – атағы мен ақшасы барлардың өнімі өтімді болып тұрғаны жасырын емес. Жарнамасы жер жарып тұрса, көрерменнің көзі мен құлағы ғана емес, уақыт өте келе талғамы да арбалатыны өкінішті. Әйтпесе, көп қаралған фильмдер көшін кино сыншылары «қазақ киносындағы төңкеріс» ретінде жоғары бағаланған «Талан» неге бастамады? Қазақтың қаракөздері «Тар заманға» неге таласа билет алмады? «Алтыншы постқа» неге асығып бармады?
Біздіңше, өткен жылы отандық прокатқа шыққан фильмдердің көш басында қазақтың кинонарығына соны сүрлеуімен енген «Талан» психологиялық драмасы тұруы керек. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Қалымбетовтің төл туындысы жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» хикаятының желісі бойынша түсірілген. «Талан» – кешегі кеңестік отарлау саясатының кесірінен тұс-тұсына тұрымтайдай тентіреп кеткен, ашық аспан астында сүйектері шашылып қалған қазақтың қасіретті тарихының тағдырлы картинасы. Режиссер 30-жылдардың аштығын бастан кешіп, ата-аналарынан айырылған Тағай мен Керім атты екі баланың тауқыметі мол жеке тағдырлары арқылы ұлт басына төнген қасіретті терең оймен астарлай жеткізуді жөн көрген. Басты рөлдерде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Оңдасын Бесікбасов, Асан Мәжітов және Ержан Нұрымбет ойнады. Өкініштісі, тағылымдық мәні зор киноға кіру үшін кезек күткен жастарды көре алмағанбыз.
Көп касса жинай алмаса да, көрерменнің жан-жүрегін тебіренте алған тағы бір фильм – «Алтыншы пост». Шынайы оқиғаға негізделген туынды Ербол Отарбаев есімді сарбаздың әскерде борышын өтеп жүргендегі ерлігі туралы. 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу колониясынан 21 жазасын өтеуші қашпақ болады. Сонда оларға жалғыз өзі тосқауыл қоя білген Ербол осы ерлігі үшін ол Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Осы оқиғаны негізге алған кинода бүгінгі күннің күйіп тұрған, ең өзекті тақырыбы – діни экстремизм мәселесі қаузалған. Дінді желеу етіп, тіпті сылтау етіп деп айтайықшы, арам пиғылын іске асырып жүргендердің іс-әрекеті, образы ашық көрсетілген.
Киноның көтерген тақырыбы ғана емес, актерлік құрамы, олардың ойнау шеберлігі де көптің көңілінен шыққан-ды. Басты рөлдерді сомдаған Ғани Құлжанов, Саят Исембаев, Санұржан Сүлейменовтердің ойыны көпке дейін жұрт аузында жүрді. Туындының тағы бір ұтымды тұсы – соңы шынайы өмірдегі кадрмен жалғасып кетеді. Бұл да көрерменге ерекше әсер сыйлады. Оны көрген қаншама адам көз жасын тыя алмағанын, фильмнің эмоционалды әсері күшті екенін айтып, ерлік жасауға, Отанға қызмет етуге жігерленіп шыққандарын әлеуметтік желілерде әсерлене жазған еді. Бірақ қанша жерден әсерлі болса да, фильмнің прокаттан жинаған табысы небары 5,6 млн теңгеден асқан жоқ. Есесіне, өзгенің қалтасын қалыңдаттық. Әлемдік прокатты дүр сілкіндірген «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» («Мстители война бесконечности») фильміне таласа билет алып, онсыз да көл-көсір табысын 832 305 443 теңгеге арттырдық.
Отандық тұғырлы туындылардың, ұлттық киностудиямыз қомақты қаржыға түсірген ауқымды фильмдердің көп көрермен жинай алмауының сырын режиссер Елзат Ескендір түсіндірді. Оның айтуынша, «Қазақфильм» көптің сұранысын қанағаттандыру бағытында емес, көрерменді рухани тәрбиелеуге жұмыс істейді.
«Қазақфильмнің» мақсаты – кассалық фильм түсіру емес. Негізгі бағыт – идеологиялық, тарихи, авторлық-интеллектуалдық фильмдер. Түсірген фильмдер не себепті коммерциялық жетістікке жетпейді деп кінә тағуды сауатсыздықтан деп айтар едім. Өйткені кассаны қуатын болса, «Қазақфильм» көрерменнің деңгейіне түседі. Мемлекет ақша бөліп отырғаннан кейін, мақсат – ақша табу емес, халықтың рухани-мәдени деңгейінің өсуі» – дейді режиссер.
Мемлекет барлық шығынды өз мойнына алып отырған соң, киностудия кинотеатрлардың кассасын аңдымайтыны түсінікті. Десе де, атқарылған еңбектің қаншалықты ақталғанын, кинодағы айтылған ойдың қанша көрерменге жеткенін білу үшін де прокаттың нәтижесіне телміретініміз ақиқат. Сондықтан отандық фильмдердің қомақты табыс таппауының себебі неде деген сауалды айналып өте алмаймыз.
«Қазақфильм» түсірген туындылардың көп көрермен жинай алмауының бірінші себебі – олардың көркемдік бағытына байланысты. Ұлттық киностудияда көбіне авторлық-интеллектуалдық бағыттағы фильмдер түсіріледі. Олар ұлттық прокатта ұзақ уақыт жүре қоймайды. Фестивальдарға қатысып, жүлделі орын алып келіпті дегенді естіп, марқаятынымыз болмаса, кейбірі тіпті жалпақ жұртқа көрсетілмейді де.
«Авторлық фильмдер кинотеатрдан көрсетілсе, пайда әкеледі дей алмаймыз. Себебі ол фильмдердің көрермені – кинотеатрға көп бармайтын аудитория. Бірақ біздің мәдени-рухани кеңістігіміздегі бос қуысты толтыратын аса қажет дүниелер бөлек қой. Мәселен, биыл көктемде прокатқа «Айка» фильмі шыққанда, әлеуметтік желілерден залда 5-6 адам ғана отырдық деген жазбалар оқыдым. Бірақ бұған қарап «Айканың» деңгейін «Брат или брак» фильмімен салыстыруға болмайды ғой. «Айка» – авторлық бағыттағы туынды. Көрерменді өзінің деңгейіне шақырады. Қоғамда біз білетін, білмейтін қандай адамдар тіршілік етеді және қалай өмір сүреді деген сұрақты қояды, сол арқылы адамның санасына ой салып, жүрегін қозғайды. Ал айтып отырған комедияның мақсаты көрерменнің деңгейіне түсіп, сол арқылы ақша табу. Екеуінің бағыты екі түрлі болған соң салыстыруға мүлде келмейді», – дейді режиссер Елзат Ескендір.
Ұлттық киноөндірістің табысын ортайтатын тағы бір түйткіл – еліміздің халық тығыз қоныстанған, мәдени шаралар жиі өтетін үш-төрт қаласынан өзге өңірлерде киноға бару мәдениетінің кенже дамуы. Ауылдардың көпшілігінде кинотеатр жоқтың қасы. Қазақстанда 60-70 кинотеатр болса, Америкада 6000, Ресей аумағында 4000-ға жуық кинотеатр бар. Осыған қарап-ақ, отандық киноиндустрия неліктен қарыштап дами алмай отырғанын ұғуға болатындай.
«Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Қазақ киносының саны жылдан-жылға артып келе жатқаны көңілге медеу. Сан артқан сайын бәсеке күшейеді. Бәсеке бар жерде сапа болады. Ал сапа – биік талғам мен мол табыстың кепілі.
2018 жылы прокаттан ең көп табыс тапқан отандық фильмдер
Фильмнің атауы Табысы Африкадағы қазақша бизнес (Бизнес по-казахски в Африке) 573 883 750 теңге Құдалар 390 617 555 теңге Бизнесмендер (Бизнесмены) 195 559 200 теңге Ұлы дала комедиясы 183 463 410 теңге Мен – күйеумін! (Я – жених) 161 742 400 теңге Гудбай, мой бай! 146 089 950 теңге Таиландтағы каникул (Каникулы в Таиланде) 127 101 927 теңге Сиситай 99 408 465 теңге Әміре 74 803 200 теңге Свадьба.kz 73 028 323 теңге