Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Кореяның Сыртқы істер министрін қабылдады

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Кореяның Сыртқы істер министрін қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумның 12-отырысына қатысуға келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Гён Хваны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.  Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасы, сондай-ақ, жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асу барысы жайында пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-инвестициялық және технологиялық қарым-қатынастардың, сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқыны жоғары екенін атап өтті. – Президент Мун Чжэ Иннің сәуір айындағы сапары өте жемісті болды. Сапар барысында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санаймыз. Біз экономика және бизнес салалары бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыра беруге ниеттіміз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде оңтүстік кореялық дипломат өз елінің Президенті Мун Чжэ Иннің сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен серіктестікті екіжақты, сондай-ақ, өңірлік негізде де әрі қарай дамытуға дайын екендерін растады. – Келесі жылы біздің елімізге жасайтын сапарыңызды асыға күтеміз. Біздің Президентіміздің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижесі өте жемісті болды. Осы сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың нақты бағыттарын айқындады. Оны екі мемлекеттің тиісті органдары сәтті іске асырып жатыр. Барлық мәселе өз жолымен дамуда. Сіздің Оңтүстік Кореяға жасайтын сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз және ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз,– деді Кан Гён Хва.