"Заң жобасында мемлекеттік шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салу көзделген", - делінген сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің қорытындысында.
Сондай-ақ, заң жобасының негізгі түзетулері жер ресурстары саласындағы мынадай нормаларды көздейді: ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру жағдайларын шектеу; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуына бақылау жасау тетігін жетілдіру; ауыз су сапасындағы жерасты суларын пайдалануға рұқсат беру талаптарын нақтылау. Сондай-ақ, жануарлар мен өсімдіктер әлемі саласындағы браконьерлік мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық заңнамалардың нормалары қатаңдатылды. Заң жобасында көзделіп отырған өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіре отырып, еңбек өнімділігін еселеуге, сондай-ақ өңделген өнім экспортын ұлғайту арқылы агроөнеркәсіп кешені саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолайлы мүмкіндіктер қалыптастырмақ. Сенат депутаттары заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, қабылдады.