Жаңалықтар

Гүлназ Жоланова: Өзімнің ойымнан шығатын рөлді әлі сомдаған жоқпын

ашық дереккөзі

Гүлназ Жоланова: Өзімнің ойымнан шығатын рөлді әлі сомдаған жоқпын

Оның үлкен өнерге алғашқы тәй-тәйі «Қазақ аруы» байқауынан басталды. Қазақ қызына тән ибасы, ақылы мен көркі үйлескен бойжеткен сол байқаудағы жеңісінен кейін кино өнерінің табалдырығын аттады. Бүгінде ол ұлттық кинонарықта сұранысқа ие актрисалардың бірі. Қоржынында көрерменнің жоғары бағасын алған 10-ға тарта сапалы рөл бар. Көпшілікті талантымен ғана емес, «жұлдызбын» деп кеуде кермейтін қарапайымдылығымен де баураған Гүлназ Жоланова «Тúrkistan» оқырмандарымен шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісті.    – Өткен аптадан бастап көптен күткен «Томирис» прокатқа шықты. Фильм­ді көріп үлгерген боларсың. Көңі­ліңнен шықты ма? – Иә, тұсаукесерге арнайы барып, әріптестеріммен бірге көрдім. Фильм көңілімнен шықты. Ауқымы кең, сапасы жоғары. Актерлік құрам өте сәтті жасақталған. Кос­тюмдер, локациялар, музыка – барлығы сауатты таңдалған, шебер үйлестірілген. Екі жарым сағат бойы көрерменді жалықтырмай, экранға телмірту оңай шаруа емес. Көпірме сөзге емес, экшнға көбірек көңіл бөлгені ұнады. Ақан Сатаевтың жұмысынан көрермен дәл осындай деңгей күтті деп ойлаймын. – Әріптесің Альмираның ойынын қалай бағалайсың? Томиристің түр-тұлғасы дәл сондай болғанына сендіре алды ма? – Сендірді, сендім. Альмира өзінің фактурасымен, түр-тұлғасымен ғана емес, шы­найы ойынымен де баурады. Кино әлеміндегі дебюті болса да кәсіби актерлерден артық ойнамаса, кем түскен жоқ. Тыңғылықты дайындалғаны, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарағаны көрініп тұр. Қазақ киносында жүрген басқа актрисалардың ешқайсысын Томиристің рөлінде елестете алмаймын. Режиссердің басты бейнені дөп табуы – өзінің ғана емес, күллі қазақ киносының жеңісі деуге болатын шығар. –  Өзіңді тарихи фильмдерден қашан көреміз? – Осыдан екі-үш жыл бұрын Шоқан Уәлиханов туралы «Қашқарға саяхат» атты ауқымды  фильмге түскем. Өкінішке қарай, түсірілім аяқталмай қалды. Алдағы уақытта жақсы бір тарихи киноға түсу бұйырар деп ойлаймын.  Ең үлкен армандарымның бірі осы. –  Тарихта аты қалған қазақ қыздарынан кімнің образын сомдағың келеді? – Әлия Молдағұлованың рөлін сомдауды армандаймын. Егер қазақтың даңқты батыр қызы туралы фильм түсірілер болса, міндетті түрде кастингке қатысып, барынша дайындалып, өтуге тырысам. –  Жақында Инстаграмнан «Кішкентай рөл болмайды» деген жазбаңды көзіміз шалды. Жалпы, қандай да бір түсірілімге шақырту алғанда келісім бермес бұрын қандай талаптарға баса көңіл бөлесің?  –  Ең әуелі сценарийді мұқият оқып шы­ғамын. Ол басы мен аяғы, шарықтау шегі, драматургиясы бар дүние болуы керек. Екіншіден, режиссердің кім екеніне, талғамы мен көзқарасы қандай екеніне көңіл бөлемін. Үшіншіден, жобаны түсіретін продакшнның бұрын түсірген туындыларына назар аударамын. Көрермен көңілінен шыққан, сұранысқа ие фильмдер түсіріп жүрген топпен жұмыс істеуге тырысам. Төртіншіден, гонорарға қараймын. Егер төленетін ақы жұмыстың ауқымына сай болса, еш қарсылықсыз келісім берем. – Көбіне романтикалық комедия, мелодрама жанрларындағы киноларға түстің. Бір сарыннан жалыққан жоқсың ба? Қай жанрда бақ сынап көргің келеді? – Комедиядан жалықтым деп айта алмаймын. Әр фильм – бір тәжірибе. Әр түрлі ортада, түрлі адамдармен жұмыс істейсің. Әрқайсынан бір сабақ аласың. Сондықтан комедияға тағы шақырса, бас тартпаймын. Алдағы уақытта өзімді авторлық фильмде және тарихи туындыларда сынап көргім келеді. Фильмографиямда осы жанрлардағы кинолар көбірек болса деймін. – Өнерде кәсіби/кәсіби емес деген бөлінушілік барын аңғарамыз. Әсіресе, әншілер дипломсыз ән айтып жүрген әріптестерін шеттетіп жатады. Актерлер арасында да бар ма осындай жік? – Бар, әрине. Меніңше, мұндай жік барлық салада бар, бола береді де. Алайда кастинг директорлар актерлерді іріктеу кезінде білімің жоқ, дипломың жоқ деп біреуді шеттеткенін көрген емеспін. Түр-тұлғасы мен таланты рөлді алып шығатын деңгейде болса, кеудесінен неге итереді? Әркімнің өз бағы, бұйырған рөлі бар. – Отандық киноөндірістің негізгі тауары – комедия. Көрерменнің сұранысы сол дейді режиссерлер. Ал халық арзан күлкіден шаршағанын айтады. Режиссерлер эксперимент жасаудан қорқа ма? Әлде бәрі ақшаға келіп тіреле ме? – Режиссерлер эксперимент жасап жүр. Комедия ғана емес, триллер, драма жанрларында түсірілген фильмдер бар. Алайда жарнамасы әлсіз болды ма, әлде актерлік құрам аса танымал болмағандықтан ба, көп касса жинай алмады. Танымал, қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлердің көбі комедия түсіретіні жасырын емес. Олар түсірген кинолардың жарнамасы айқайлап тұрады. Сондықтан комедияның көрермені көп болуы заңдылық. Алдыңғы жылы Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп түсірген «Көкпар» спорттық драмасына түстік. Ұлттық ойынымыз туралы мазмұнды фильм. Жарнамасы да жаман болмаған сияқты. Өкінішке қарай, фильмге көп адам келмеді. Бірақ касса жинай алмады деп жеңілмеу керек деп ойлаймын. Тәжірибе жасап, түрлі бағыттта, түрлі жанрда түсіре берсек, санмен бірге біртіндеп сапа пайда болады. Көрермен сапалы мен сапасызды айырып, талғам қалыптасады.