Білім берудегі парадокс: дипломды маман көп, кадр тапшы

Білім берудегі парадокс: дипломды маман көп, кадр тапшы

Білім берудегі парадокс:  дипломды маман көп, кадр тапшы
ашық дереккөзі
Жыл сайын жалпы саны 100 мыңнан астам мектеп түлегі студент атанады екен. Мысалы, биыл 53 785 түлек грант иегері болды. Ал қал­ғаны ақылы бөлімге түскендер. Былай қарасаңыз, бұл Қа­зақ­станның болашағына құйылған инвестиция. Осы түлектер төрт жыл білім алып, еліміздің еңбек нарығын жас мамандармен толықтырады. Елімізде 130-ға жуық ЖОО бар, оның 85-і университет мәртебесін алған. Жоғары білім алып жүрген жалпы студенттердің саны 500 мыңдай. Сонда бір оқу орнына шамамен 3800 студенттен келеді екен. Көріп отырғанымыздай, біз­дің елімізде ЖОО саны көп. Бірақ саны көп болғанына қарамастан, білімнің са­пасы жоғары дей алмаймыз. Оған әр түрлі се­беп бар. Ең басты мәселе, біздің елімізде еңбек нарығында қандай мамандардың қажет екендігі анықталмаған. Ал универси­тет­тер­дегі мамандықтардың 60 пайызы бі­рін-бірі қайталайды екен. Оқу бітіргеннен кейін олардың бәріне бірдей  жұмыс та­был­мауы да әбден мүмкін. Өйткені кей ма­­ман­дықтарды тым көп даярлаймыз. Нарыққа қажет емес мыңдаған маман­дар­ды ата-аналар ақылы оқытып, ақшаны көз­­­дегендердің қалтасын қампайтып отыр­­ған жайы бар. Елімізде әлі күнге дейін белгілі бір салаларға келгенде, ма­ман­дар тапшы. Инженерлер, IT ма­ман­дары, теле­ком­муникация, банк, инвес­ти­ция, лизинг, машина жасау, тамақ өнді­рісі, электроника, био­технология, жар­нама, маркетинг, ло­гис­тика, радио­тех­ни­ка, металлургия сын­ды салаларға ма­ман­дар көптеп керек еке­нін уақыттың өзі дә­лелдеуде. Осы мәсе­ленің түйіні де, тиім­ді тұсы да біреу. Ол – ең­бек нарығын зерттеп, қажетті маман­дық­тарға грант санын арттыру болып отыр. Бұл турасында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында: «Өз түлектерін жұ­мыс­пен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 па­йыз­­дық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сон­дықтан олардың санын қысқарту мәсе­ле­сін қарау керек», – деп атап өткен болатын. Ендігі мәселе, жеке оқу орындары ту­ралы. ҰБТ нәтижесі төмен болған тү­лек­тер беделді ЖОО-ға оқуға түсе алмаған соң, олар жеке оқу орындарын жағалай­ты­ны түсінікті. Білім беру ақша табудың көзіне айналып кеткелі қашан. Егер бе­рілген білім нақты әрі жан-жақты болса, құ­ба-құп. Ал құр дипломы бар, бірақ бі­лім-білігі төмен маманды қаптата бер­ген­нен не ұтамыз? Осы ретте оқу орын­да­ры­ның арасында талапқа сай келмейтін бі­лім беретін оқу орындарын қысқарту дұ­рыс шешім. Десе де, бір оқу орны жа­былса, соңынан бірнешеуінің ашылып жат­қанын көріп жүрміз. Жоғары оқу орнын ашуға тиісті талаптарды қатаң­дат­пайын­ша, жеке оқу орындарының білім сапасы осы күйінде қала береді. Жоғары оқу орындарының басты мін­деті – білім беру ғана емес, бәсекеге қа­бі­летті мамандар даярлау, яғни жұ­мыс табуына жағдай жасау болуы тиіс. Біздегі көп оқу  орындары түлектер диплом қор­ғап жатқанда «жұмыс іс­теймін» деген бір тілім анықтама қаға­зын алып келуді сұрайды. Студент әлі жұ­мысқа орналас­паса да әлгі анық­таманы өткізуі керек. Бұл – оқу ор­нының түлектері сұранысқа ие, жұ­мыс­пен толық қамтамасыз етілген деген имидж қалыптастыру үшін қажет. Өз мамандығы бойынша жұмыс тап­па­ған түлек амалсыз өзге салада еңбек­те­нуге мәжбүр. Осылайша, бойындағы бар білімін қажет салаға жұмсай алмайды және өзге саланың жұмысын игеріп кете алмайды, оған уақыт қажет. Бұл өз кезе­гінде жалпы жұмыстың сапасына әсер ететіні заңды. Елімізде жоғары білім беру процесіне өте жоғары мән беріліп отырғаны да жа­сырын емес. Ал кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында білім алып жат­қан студенттердің үлесі небәрі 17 пайыз екен. Қоғам санаға сіңіретін «жоғары білімді маман болу» қағидаты көп жас­тар­ды кәсіптік және техникалық сала маманы болуға кедергі болып отыр. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрмыстық қыз­мет көрсету саласына оқуға көп жастар­дың барғысы жоқ. Ал шынында, олардың табысы жоғары білімді мамандардан да жоғары екенін көріп жүрміз. Жоғары білімді маман болуға бәрінің құқығы бар, оны шектей алмаймыз, бірақ бүгінде осы техникалық бағыттағы колледждер на­рық­қа қажетті мамандар даярлап отыр. Еңбек ресурстарын дамыту орталы­ғы­ның зерттеуі бойынша, қазіргі жұмыс беру нарығы 30 пайыз жоғары білімді маманды, ал 70 пайыз колледж бітіру­ші­лер­ді қалайды екен. Біздің еңбек нары­ғы­ның неден ұтылып жатқанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Елімізде 2021 жылдан бастап әр уни­вер­ситет өз үлгісіндегі диплом беретін бо­лады. Осыған дейін түлектердің дип­ло­мына мемлекет кепілдік беріп келсе, ендігі жерде университет диплом үшін жауапкершілік алады. Жұмыс берушілер де ЖОО білім сапасы мен студенттің кәсіби білім деңгейіне қарап жұмысқа қабылдайтын болады. Қазақстанның 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мем­ле­кеттік бағдарламасы алға қойған маңыз­ды міндеттерінің бірі – әлемдік рейтинг қа­тарына кемінде қазақстандық 2 уни­вер­ситетті енгізу болатын. Бүгінде қазақ­стандық ЖОО-лар әлемдік рейтингтерге бел­сенді қатысып, QS рейтингі бойынша жақсы нәтижелерге ие болып жүр. Мысалы, Quacquarelli Symonds (QS) жаһандық талдау агенттігі нұсқасы бойынша үздік университеттер рейтин­гі­сінде 2019 жылы қазақстандық 10 уни­верситет анықталды. Ұзын-сонар 1000 университет ішінен ең үздік оқу орны –  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 220, Вар­шава университетімен қатар Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ 394 орында, Қ.Сәтпаев атын­дағы ҚазҰТУ 464 орында. Ал еліміз бойынша Білім берудің сапа­сын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігі (IQAA-Ranking) 2008 жылдан бастап Қазақ­стандағы жоғары оқу орындарының рейтингін ұсынып келеді. Жоғары оқу орындарын халықаралық талаптарға сай саралайтын агенттік биылғы жылы он бірінші рет үздік университеттер тізімін жасады. Акаде­мия­лық статистикалық көрсет­кіш­тер, са­рапшылар бағасы мен жұмыс беру­шілердің сауалнамасы  про­фес­сорлық-оқытушылық құрам қызметі­нің сапасын, студенттер құрамы мен олар­дың оқуы­ның нәтижесін, ЖОО-ның ғылыми және инновациялық қызметі, халықаралық әріптестік, сонымен қатар универ­си­теттің сайтына баға береді. Аталған талаптарға толықтай жауап беретін университеттер осы жетістік­тері­мен тоқтап қалмай, жан-жақты дамудың жолына түскен. Бұл – жеке және аймақ­тар­дағы жоғары оқу орындарына үлгі боларлық қадам. Өйткені жаһандану заманы бүгінгі мамандардан тіл білуді, білімді ғылыми тұрғыда үйлестіруді, жаңаша ойлауды, қашықтықта отырып жұмыс істей білуді талап етіп отыр.  

Арайлым Жолдасбекқызы