Шәмшидинова жақтаған жүйені Аймағамбетов өзгертпек
Шәмшидинова жақтаған жүйені Аймағамбетов өзгертпек
«Túrkistan» газеті еліміздің білім беру саласына енген Болон жүйесінің ыңғайлылығы мен қиындық тудырар жақтары туралы бірнеше рет мәселе көтеріп, жұртшылық назарына ұсынған-ды. Соның бірі – «Túrkistan» газетінің 2019 жылғы №13 (1287), 4 сәуірдегі санында «Болонның берері не, қиындығы қандай?» деген тақырыппен жарияланған газет тілшісі Ахмет Өмірзақтың мақаласы болатын.
Мақала газетте жарияланған соң мақаланың мәтіні сол тұстағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға жолданып, аталған мәселеге орай бірнеше сауалға жауап беруі сұралған еді. Газет сауалдарына берілген Білім және ғылым министрінің жауабы газетімізде «Болонның талабы орынды» деген тақырыппен жарияланды («Túrkistan» газеті, 23 мамыр, 2019 (№20).
Министрліктен келген жауапта бізді ғана емес, Болон жүйесі бойынша РҺD докторантура бағдарламасы бойынша оқып, гуманитарлық және әлеуметтік ғылым салаларынан докторлық қорғау жолында жүрген жас ғалымдарды қызықтырған бір мәселе жөнінде былай делінген болатын:
«2011 жылы Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңында философия докторы РҺD дәрежесі ғылыми дәреже ретінде бекітілді. Сондықтан философия докторы РҺD дәрежесін алу үшін қойылатын талаптар Ғылыми дәрежелер беру ережесінде (ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығы) бекітілді. Докторантура бағдарламасын меңгеретін докторанттар жарияланымдарына қойылатын талаптардың бірі ретінде – халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда мақала жариялау осы кезден бері енгізілген.
... философия докторы (РҺD), бейіні бойынша доктор дәрежелеріне үміткерлер үшін ұсынушылардың халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабының болуын орынды деп санаймыз».
Газетімізде жарияланған мақалада («Болонның берері не, қиындығы қандай?») гуманитарлық салада РҺD дәрежесін алу үшін докторанттардың шетелдік импакт-факторлы журналдарда материалдар жариялауында түрлі кедергілердің болатындығын, сондықтан бұл талаптың қазақ гуманитарлық сала ғылымдары үшін тиімсіз болып отырғаны сыналған-ды. Бірақ жоғарыдағы министрліктен келген жауапта гуманитарлық салада РҺD докторы дәрежесін алуға байланысты талаптың өзгертілмейтіні анық айтылып, мәселенің сол күйінде қалатыны көрсетілген еді.
Дегенмен, Болон жүйесіне көшкен қазақ ғылымына кедергі келтірер кейбір талаптардың қиындығы ескерілген болса керек, жақында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баспасөз өкілдерімен кездесу кезінде осы мәселеге арнайы тоқталып, оларды алда болар жағымды жаңалықтан хабардар етті.
«PhD студенттері үшін біз екі жаңалық енгізейік деп отырмыз.
Біріншіден, докторанттар диссертацияларын қорғаудың алдында міндетті түрде халықаралық базадан антиплагиаттан өтетін болады. Докторанттар қазір тек Қазақстан базасы бойынша антиплагиаттан өтуде. Енді диссертация қорғайтын PhD студенттерді халықаралық деңгейде плагиатқа тексеру туралы талап қойылады
Екіншіден, PhD студенттерге мысалы, гуманитарлық ғылымдар, қазақ тілі, Қазақстан тарихы саласында мақала жариялау бойынша біраз өзгеріс дайындадық. Бұл өзгерістер докторанттарға қойылатын талаптарды азайтуға бағытталған. Шын мәнінде, гуманитарлық білім беру бағыттары бойынша жазған мақалаларын жариялауда біраз қиындық туындауда. Сол себепті көптеген адам диссертацияларын қорғай алмауда. Біз қазір осыған қатысты мәселелерді талқылап жатырмыз. Жылдың соңына дейін тиісті шешім қабылдап, заңнамаға енгіземіз. Нақты шешім қабылданған кезде толығырақ ақпарат береміз», – деді министр.
Бұл – PhD докторлық диссертациясын қорғау үшін «Scopus» тәрізді мәліметтер базасына енетін шетелдік импакт-факторлы басылымдарға мақала жариялау міндеттелген еліміздегі гуманитарлық сала докторанттары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз. Өйткені ұлттық мәні бар ғылымдарға арналған мақалалардың халықаралық мәнге ие ғылым жетістіктерін жариялап отыратын «Scopus», «Thomson Reuters» секілді ірі деректер базасына енетін импакт-факторлы ғылыми журналдарға жариялануы қиын болатын. Соның себебінен зерттеген тақырыбына байланысты жазған еңбектерін уақытысында қорғай алмай, көптеген жас докторанттардың тауы шағылатын. Енді Білім және ғылым министрінің айтқан жаңалығы олардың үмітін оятып, алға қойған мақсаттарын орындауға жігерлендіретіні сөзсіз.