Жаңалықтар

Мәди Егембердиев: Отандық туризм нарығы әлі де бос жатыр

ашық дереккөзі

Мәди Егембердиев: Отандық туризм нарығы әлі де бос жатыр

 Елімізде кәсіп ашып, жеке шаруашылығын көркейтемін деген адамға мүмкіндік көп. Оған дәлел ретінде тілге тиек етерлік кейіпкерлер де жетерлік. Соның бірі – Мәди Сайлауұлы Егембердиев. Ол бір жыл бұрын тәуекелге бел буып, оңтүстіктен – шығысқа көш түзегенде барлық қиындыққа дайын болды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының жергілікті тұрғыны атанған Мәди Сайлауұлы өңірдің туризмін дамытуға күш салуда. Табысқа жетелеген кәсіптің нәсібі де жаман емес. Тақыр жерден кәсіп бастап, айтарлықтай жетістікке жеткен кәсіпкердің өзін әңгімеге тарттық. – Мәди мырза, әдетте кәсіп бастау оңай емес екені белгілі. Әрі қалтаңда қомақты қаржы болмаса, істің алға жүріп кетуі де екіталай.  Кәсіп ашу үшін қор болу керек шығар. Сіздің әңгімеңізге қарасам, бәрін тақыр жерден бастаған екенсіз... – Өзім Қызылорда облысы, Жаңа­қор­ған қаласында туып-өстім. Отбасымызда үш ұл болдық. Әке-шешем кішкен­тай­­дан еңбекке баулып өсірді. Ес біліп, қолы­мыз аузымызға жеткелі жұмыс істеуге бейімделдік. «Анау керек, мынау қажет» де­сек, «керек пе, өзің істеп ал» дегенді құ­лаққа сіңірді. Қысқасы, «дайын асқа – тік қасық» деген масылдық болған жоқ. Ауыл­да 8 жасымда пресс-шөп сатып, сау­да жасауды үйрене бастадым. Ақшаның дәмін сезген соң, жатамын ба?! Қашан да бірдеңе алып, оны қайта сатуға құлшынып тұра­мын. Ол кезде жұрттың баласы арман қуып Алматыға жол тартса, мен Шым­кент­ке келдім. Бұл қала кез келген адамды кә­сіп­ке баулып алады ғой. Студент боп жүріп, ақша таптым. Бірге оқитын жол­дасым екеуміз қырғыз базарынан көтерме бағаға қаппен картоп сатып алып, келілеп саттық. Тіпті, кейін бір КамАЗ-ды бір-ақ са­тып алып, пайда тауып, бірте-бірте өр­лей бердік.  Жоғары оқу орнын бітір­ген­нен  кейін де оң жамбасыма келген кәсіп­тің біраз түрімен айналыстым. Өзіңіз бі­ле­сіз, оңтүстіктің халқы еңбекке, кәсіп­ке өте жақын. Не ашайын десең де, бәсе­ке­­лестер жол бермейді. 2008 жылдары Елордаға барып, бес күн «Sulpak» дүке­нін­де жұмыс істеп, екі күн тақтай базарда ағаш саттым. – Сөйтіп, шығысқа жол тартып кеттіңіз бе? Мұнда келгендегі әуелгі мақсатыңыз не еді?  – Шынымды айтсам, бұрын сол оң­түс­тіктің маңайынан алысқа шығамын деп ойламаппын. Бірақ бәсекелестер көп жерде ісің алға баса бермейтіні тағы бар. Бұған дейін оңтүстікке Шығыс Қазақстан облысынан мамандар бірнеше рет келіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген еді. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірін қа­за­қыландыру саясатына байланысты қол­ға алған шара талай адамға жұмыс, бас­па­на берді. Бір жағы осыны да ескеріп, қал­тама 200 мың теңге салып алдым да, өз көлігіммен шығыс өңірін бетке алдым. Не танысым, не туысым жоқ. Әлгі ақшам тәулігіне төлеп тұратын пәтер мен ас-ауқатыма ғана жетті. Содан Өскеменде так­­сист болып жүріп, күніне 12-15 мың тең­­ге таптым. Арасында базардан бір киім алып, ақша қосып, қайта сатып кү­нелт­­тім. Біреуден алып, оны басқа біреуге сат­саң да кәсіп бастай аласың.  Бірақ мем­ле­кеттік қызметке емес, сол өңірдің тау-та­сы, өзен-көліне қызықтым. Табиғаттың ке­реметтей көрікті жерлері «мен мұн­далап» тұр. Алай­да, қолда барды бағала­май жатқаны­мыз өкі­нішті. Өңірдің біраз жерін аралап көр­дім. «Қайда, не істесе бо­лады?» деген сауалыма жауап іздеуге ты­рыстым. Ұлан ауданының әкімі Нұрым­бет Аманұлына жолығып, өзімнің туризм­ді дамытуға үлес қосқым келетінін айтып ем, қуана құп­тады. «Туризм нарығы бос жатыр. Істей­мін де­сеңіз, қай жағынан да көмек беруге әзір­мін» дегенде іштей демеу сезіндім. Сөйт­тім де, демалушылар ара­сын­дағы танымал Окунь­ки көліне тоқтап, үш үй алып, келу­шілерге жалға берумен айналыса бастадым. Бір күндік автобусты да жүргіздік. Та­мақ­танатын ас­хана ашып, тіпті жаз кезінде далаға қон­ғысы келе­тін­дерге шатыр үй ұсындық, қайық бер­дік. Байқасам, мұнда туризм біршама тұ­ра­лап қалған екен. Келушілер көп, бірақ жағдай жасалмаған. Бұл көлдің құдырет­ті­лігі сонша, адам ден­сау­лығына өте пай­далы екен. Германиядан 16 жыл бойы үз­діксіз келіп жүрген неміс­пен сөй­лестім. Бұ­рын аяғы ауырып, жүре ал­май­тын қал­де болған көрінеді. Көлдегі сары және қара батпақ­тың арқасында ат­тай шауып кетіпті. Енді ол жүре алмайтын мүг­ед­ек­тер­ді ертіп келіп, сауапты іс жасау­ға ты­ры­­суда. Әу баста екі адам боп келсе, қазір делегация­мен жүр. Міне, осындай адам­зат­қа пайдасы мол көлдің маңайында ту­ризмді дамытуды қолға алып, алғашқы маусымды өткердік. Табыс жаман емес. Біраз нәрсе үйрендім, әлі де үй­ренетін тұс­­тар жетерлік. Қазіргі заман­да Алматы мен Шымкенттен басқа кез келген жерде кәсіп ашуға болады. Себебі мұнда биз­нес­тің барлық түрі бар. Қазақ­станда өндіріс жоқ. Қандай да бір өнім өндіремін деген адамға мүмкіндік бар. Неге? Нарық бос жатыр. – Қазір шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамытуға арналған түрлі бағ­дар­лама бар. «Бизнестің жол картасы – 2020»,  одан бөлек Мемлекет бас­шы­сы Қ.Тоқаев та Жолдауында кәсіп­кер­лік­ті дамыту үшін 250  млрд теңге бө­лі­неді деді. Яғни, мемлекет тара­пынан беріліп жатқан көмекті пай­да­ланбадыңыз ба? –  Меніңше, кәсіпкерді қолдау қажет емес. Ол не үшін кәсіпкер? Ол қиын­шы­лық­ты көрмесе, маңдайын тасқа ұрмаса, одан ештеңе шықпайды. Әкем: «Алдыңнан үлкен тас шықса, кері қайтпа, соны жа­рып өт» дейтін. Кәсіпкер де сондай болу керек. Адам судан да, оттан да, темірден де мықты. Ал жылап жүретіндер өздері істемейді, не істей алмайды. Мемлекет жұмыс істеймін деген адамды қолдауға әркез дайын. Бастысы – нәтиже шығарса болғаны. Негізі кәсіпті өзің бастаған жақсы. Ал қолдауды мемлекеттен, жергі­лікті әкімдіктен күтуге болады. Мәселен, туризм дамып жатқан аймаққа баратын жол мәселесін түбегейлі шешіп берсе, со­ның өзі үлкен қолдау.   Әзірге ешқандай көмек алған жоқпын. Алдыма қойған жос­пар көп. Бәлкім, болашақта жүгінетін шы­ғармын. Ендігі жылы Бесқарағай ауда­нындағы құнары мол, минералға бай Шош­қалыкөл деген жерден демалыс ор­нын ашсам деген ойым бар. – Жалпы, кәсіп бастаймын деген адамға еш кедергі жоқ қой... – Расында, жұмыс істеймін деген адам­ға мүмкіндік көп. Бір өкініштісі, біз­де әлі күнге қағазбастылық уақыт алады. Салыстырмалы түрде айтсам, оңтүстік өңірге қарағанда, шығыста әлдеқайда қиынырақ. Әрі-бері сандалта береді. Ол аз десеңіз, сіздің оңтүстіктен келгеніңізді білсе, тіксіне қарайды. Қызмет көрсе­те­тін­дердің көбі – орыстілді. Іс қағаздарын қазақша жазсам, орысша жазуымды талап етеді. Табандап тұрып, қазақ тілінде тол­ты­рамын. Өздері жинала қалып аударып, әуреге түседі. Енді ғана бойлары үйренді. Қазір арнайы бағдарламамен оңтүс­тік­тен шығысқа келіп, қоныстанып, жұ­мыс істеп жатқандар көп. Оларға мем­ле­кет тарапынан әжептәуір қолдау бар. Со­ларды жұмысқа тартып, кәсіптің қыр-сы­­рын үйретуге бар күшімді салып жүр­мін. – Отандық туризмнен басқа тағы қандай кәсіп көздерін аштыңыз? Қа­зір қанша адамды жұмыспен қам­та­масыз еттіңіз?  – Шын мәнінде, шығыс өңірінің хал­қы жайбарақат, самарқау. Бәсеке бол­ма­ған ортада ілгері жүру жоқ. Содан ба екен, ми­мырт тіршілік кешіп жатыр. Арнайы курс оқу үшін облыс орталығына барады. Жер­гілікті ауданда кәсіптік мамандықты оқы­та­тын орталық жоқ. Бұл олқылықты тү­зе­ту керек деген оймен ауданнан оқу ор­та­лығын ашып, шаштараз, қыз-келін­шек­тер­ді әрлейтін кәсіп түрін, көлік жүр­гізуді үй­рете бастадық. Бұдан бөлек кәсіби білік­ті­лікті арттыратын семинар-тре­нинг­­тер өт­кізу де кемшін екен. Мұны да қол­ға ал­дық. Тіпті болмаса, мобильді топ ашып, ап­тасына екі рет барып, оқыт­сақ деген жос­пар бар. Сол сияқты көлік жөндейтін ТЖО, көлік жуу бекетін ашып жатырмын. Оған оңтүстіктен келгендерді жұмысқа тар­тып, бар мүмкімдігімше көмек беру­де­мін. Қазір менің араласуым бойын­ша оң­түстік өңірден 40 шақты адам келіп, қо­ныс­танды. Жер алып, үй алу жағынан ақыл-кеңесімді аянып қалған емеспін. Бар­лығы 20 шақты адамға жұмыс беріп отыр­мын. Өзім де білімімді толықтыруды тоқ­тат­қан емеспін. Көбінесе «кәсіпті қалай жүр­гізу керек?» деген сауалға жауап із­дейтін көмекші құралдарды, психоло­гия­лық кітаптарды көп оқимын. Былтыр кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың курсына жазылып, Өскеменнен Алматыға келіп, марафонға қатыстым. Ол кісі туралы әркім әртүрлі пікір айтады, бірақ моти­ва­циясы өте керемет. Ол кәсіпкерлерді дамытып, кәсіп ашуға түрткі болуда. Қарап тұрсам, аяғы жоқ, қолы жоқ жігіт­тер тауға шығып жүр. Біз неге шыға ал­май­мыз? Адам намысқой ғой. 10 шақырым биіктікке шықтым. Сенсеңіз,  солардың ішінде кәсібін тақыр жерден бастаған жас жігіттер бар. Екі аптада 50-60 мың теңге тапқан жастармен сөйлестім. Қысқасы, өзімді жетілдіріп отырамын. Мен білмеген нәрсені басқа біреу біледі. Тіпті, жаным­дағы жастардан үйренетін дүние көп. «Бі­летінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демей ме? – Бұдан бөлек мал сатумен де ай­на­лысады екенсіз... – Бірде кәсіпкерлер ортасына тап болып, бір кісілермен танысып қалдым. Малы көп Зайсанның тумасы екен. Сол жерде-ақ «малды нешеден  бересіз?» деп бағасын нақтылап алдым. Кейін оңтүс­тік­тен мал алатын адам таптым. Сөйтіп, екеуінің арасындағы делдал боп үстінен ақша көрдім. Делдалдық та – кәсіп. Екеуі де әр малдан 5 мың теңгеден берді. Шы­ғыс­тың малы өте дәмді, күйлі боп келеді. Бұл жақтың шөбі де шүйгін. Сондықтан малға деген сұраныс көп. Қазір мал керек деп хабарласса, жинап қояды. Өздері келіп әкетеді. Үстіндегі пайдасы – менікі. – Соңғы жылдары туризмді да­мы­ту жөнінде биік мінберлерден жиі айтылып жүр. Осы салаға үлес қосып жатқан кәсіпкер ретінде сіздің пікі­ріңіз қандай? – Неге бізде отандық туризм кенжелеп қалды? Жеріміз қандай әдемі. Кез келген шетелдік тамсанатын тарихи шежіреге бай қасиетті мекендер көп. Туризмге сұ­ра­нып тұрған аймақтың өзіне келушілер сонша­лық­ты көп емес. Не себеп? Бірін­ші­ден, жол жаман. Діттеген жеріңе жете алмай, зәре­зап боласың. Демаламын деп ба­рып, шар­шап қайтасың. Ал жолы са­лын­ған демалыс орындарының бағасы удай. Одан да шет­елге барсаң арзанға түсе­ді. Бірақ халықтың қаржысы басқа ел­дің экономикасына құйылып жатыр. Егер инфрақұрылымды жақсартып, дем­алыс аймағын дамытып, интернет, теле­фон желісі ұстайтындай етіп, жағдай жа­­­сал­са, еліміздің қай өңірі­нің де таби­ға­­ты ешбір шетелден кем емес. Тағы бір ай­та кетерлігі, кейбір кәсіп аш­қан­дар аш­көзденіп, бәріне жоғары баға қоя­ды. Бұл дұрыс емес. Мәселен, бір пор­ция та­мақ­тың өзіндік құны – 500 теңге. Біз дем­алыс орнында осы бағаны ұстап тұрамыз. Тіп­ті, кейде демалыс күні бір қа­зан палау жасап, тегін таратамыз. Бұл бі­рін­шіден, жарнама. Екіншіден, бір ми­ну­сың – ол өзіңе құйған инвестиция. Одан пайда бол­маса, ұтылмайсың. Келушілер де кө­бейе­ді. Кәсіпкерлікте бір күнді ғана емес, бәрін әріден ойлау керек. Бәлкім, бізде ба­ға­ны қадағалап отыратын мекеме керек пе? Мүмкін, бәсекелестіктің жоқты­ғы­нан қымбат шығар, білмеймін. Қарап тұрсаңыз, кей кәсіпкер қаншама гектар жерді сатып алып, кәдеге асырмайды. Еш­кімге сатпайды да. Меніңше, сатып алды ма, бір іске жаратуы керек. Егер қо­лы­нан келмей ме, басқа біреу жүзеге асырсын. Екінші – дәретхана мәселесі. Бұл елі­міз­­д­ің бар өңірінде бар мәселе. Кейде шет­елдіктерден ұяласың. Біз де сырт ел­дерге шығып тұрамыз ғой. Бізде де сондай бол­са екен дейсің. Бірақ неге екені бел­гісіз, осы түйткіл сол күйінде тұр. Био­дәрет­хана сатып алу қымбатқа түседі. Оның үстіне біздің халықта қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеті төмен. – Кәсіпкер ретінде болашағы­ң­ызды қалай елестетесіз? Өзіңіз сияқ­­ты жас кәсіпкерлерге не айтасыз? – Қазір кәсіпкермін дейтіндер көп. Кә­сіп­кер – ашқан кәсібінің жемісін көруі керек. Қиындыққа төзбеген кәсіпкер – кәсіпкер емес. Бір рет банкрот болса, қай­та жоламай қояды. Керісінше, ол сабақ. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар емес пе?! Бар мақсатым – отандық туризмді да­мыту. Шығыс Қазақстан өңіріне та­баным тигелі бір жыл болды. Жерсініп те қалдым. Халқы ақкөңіл, ештеңемен ша­руа­сы жоқ. Бір-бірін қолдауға әзір. Салыс­ты­рып қа­ра­сам, екі жақтың тәрбиесі де, мента­литеті де басқа. Бізде еңбекке үйретсе, шығыста ба­ланы өбек­теп тұрады.  Тағы бір өкініш­тісі, маман аз, жастардың көбі Ресейде бі­лім алып, қа­лып қояды екен. Меніңше, жас­тарды жібермей, елде қалдыру үшін бір амал іс­теу керек. Тегін оқытып, жұмыс бе­ру қа­жет. Оның үстіне кейбір аудан хал­қы­ның 65-70 пайызы – орыстар. Қазақ от­басы балаларын кәсіпке үй­ретіп жатыр­мыз. Қазірдің өзінде кәсіп­ке икемі бар, біз қолдап жүрген 20 шақты бала бар. Нөлден бастағандарға 2 айдың ішінде 100 мың теңге табу керек деп талап қойдым. Ба­сын­да кейбірі көшеге шығып, жұмыс істеуге ұялды. Содан өзім көшеге шығып, тоқтап тұрған көліктің терезесін жуып, бір сағат­та 100 теңгеден 1000 теңге тап­тым. Менің сол жұмысты намыс­танбай-ақ істе­ге­німді көріп, бірден ақша табуға кірісіп кетті. Біреуі машина жуды, біреуі гүл сатты. Олар да бір сағатта 1000 теңге тапты. – Сіздің Ұлан ауданының тұрмысы төмен отбасыларына қолұшын со­зып, көмек беріп тұратыныңызды да естіп едік... – Адам тойдым, болдым демеу керек. Қашан да айналамдағы көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлағанды жақсы көремін. 2016 жылы Қырғызстаннан Қы­зыл­ордаға 10 мың дана мектеп фор­ма­сын тасығаным бар еді. Сол киімнің бі­разы қалған. Жаңа оқу жылы алдында бір­талай отбасыға таратып бердім. Тұ­рақ­ты түрде қаржылай көмек беретін екі отбасы бар. Бірде дүкенге су алуға кірсем, қа­рияның тәтті нан алуға ақшасы жет­пей тұр екен. Сатушы да «ақшаңыз жет­пейді» деп бер­мейді. Соны көре сала 3-4 келісін сатып беріп, дүкеншіге 5 мың теңге қалдырып, «Мына атаға керекті азық-түлігін беріңіз­ші» дедім. Кейін дүкеннің қожайынын та­у­ып алып, екі отбасыға қажетті ас-ау­қат­ты беріп тұ­руын өтініп, ақшасын өзім төлейтінімді ескерттім. Қайырымдылық жасау – мақ­тан емес. Тіпті, асып-тасып ба­ра жат­қаным да жоқ. Бір-бірімізге мейі­рімді, қайырымды болсақ, қоғам да да­ми­ды, гүлденеді. Бар арман-мұратым осы. – Әңгімеңізге рахмет! Кәсібіңіз өрге домалай берсін!  

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы