Қазақ тілінің ендігі дамуын латын графикасындағы жаңа әліпби белгілейді

Қазақ тілінің ендігі дамуын латын графикасындағы жаңа әліпби белгілейді

Қазақ тілінің ендігі дамуын латын графикасындағы жаңа әліпби белгілейді
ашық дереккөзі
Соңғы кездері заманауи өзгерістерге байланысты қазақ тілін дамытудың жаңа деңгейіне көшу мәселесі көтеріліп, оның бір тетігі ретінде латын негізді жаңа қазақ әліпбиін жасау көздел­ген-ді. Мемлекет тарапынан тіл­ді дамытудың бұл шара­сы­на назар аударып, маңызды ше­шімдер қабылданды. Соның бастысы – «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығы еді. Содан бері латын гра­фи­ка­сын­дағы қазақ әліпбиінің бір­неше жобасы жасалған-ды. Бі­рақ олардың кем-кетігі ел ара­сын­да біраз сөз болып, мамандар талқысына түсіп, ақыры латын графи­ка­сына негізделген Қазақ тілі әліпбиі жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 19.02.2018 № 637 Жар­лығымен бекітіліп, жа­рия­­лан­ған күнінен бастап қолда­ныс­қа енгізілді. Қазір осы әліп­биді түсін­ді­ру, үйрету жұ­мыстары жүр­гізілуде. Осыған байланысты Қа­зақстан Республикасы Мәде­ниет жә­не спорт ми­нис­трлігі Тіл сая­­саты комитеті жанынан құ­рылған «Til-qazyna» ұлттық ғы­лыми-прак­тикалық орталығы жер-жерде БАҚ және баспа өкіл­дерімен кездесу өткізіп, жаңа әліпбиді үйренгенде қандай өзге­шеліктерге назар аудару керек екенін түсіндіру мақсатында се­минарлар ұйым­дас­тырып жатыр. Соның бірі – ал­дың­ғы аптада Алматы қаласында «Ал­маты» қонақүйінің мәжіліс за­лын­да өткен «Jańa emle: qurylymy men mazmuny» (Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны») атты респуб­ли­калық шара.  Шарада «Jańa álipbı di qabyl­daý­dyń negizgi alģysharttary» (Жаңа әліпбиді қабылдаудың негізгі алғы­шарт­тары) тақырыбында Шайсұлтан Шаях­мет­ов атындағы «Til-qazyna» ұлттық ғы­лы­ми-практикалық орталығының ат­қа­рушы директоры Ербол Тілешов, «Jańa álipbı di meńgerýdegi IT jobalar» (Жаңа әліпбиді меңгерудегі ІТ жобалар) тақы­ры­бында «Til-qazyna» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы Қоғаммен бай­ланыс басқармасының басшысы Мөлдір Ба­қытқызы, «Latyngrafı kaly jańa álipbı negizinde sapaly qazaqtildi kontent qalyp­tastyrý: máseleler men usynystar» (Латын­гра­фикалы жаңа әліпби негізінде сапалы қазақтілді контент қалыптастыру: мәсе­лелер мен ұсыныстар) тақырыбында «Til-qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филоло­гия ғылымдарының кандидаты Анар Фа­зыл­жанова, «Jańa emle: sózderdi bosa­ralyq­pen jáne bosaralyqsyz jazýdyń sebepteri, anyqtaý belgileri» (Жаңа емле: сөздерді бо­саралықпен және босаралықсыз жазу­дың себептері, анықтау белгілері) тақы­ры­бында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білі­мі институтының бас ғылыми қыз­мет­кері, филология ғылымдарының док­торы, профессор Құралай Күдеринова баяндама жасап, жаңа әліпбиге көшкен кез­де алдымыздан түрлі мәселелер жайын­да түсініктемелер берді. Шара барысында жиынға қатысып отырған БАҚ өкілдері, баспагерлер баян­да­машыларға сұрақтар қойып, қазақ тілі мен әліпбиіне қатысты өздерін толған­ды­рып жүрген мәселелердің жауабын алды. Сонымен, «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты семинарда не айтылды? Жалпы, әліпбиді өзгерту жай-жайдан болмайтын нәрсе. Қазақ халқы бір ға­сыр­дай уақыттың ішінде осымен төр­тінші рет өзгерткелі отыр. Қазақ тіл білімі ғылымы мен әдебиет­та­нуының негізін салған Ахмет Бай­тұр­сынұлы 1910 жылдан бастап араб гра­фи­касы негізінде қазақ әліпбиін жасады да, оны 1912 жылы толық қолданысқа ен­гізді. «Төте жазу» атанған бұл қазақ әліп­биі 1917 жылға дейін қолданылып келді де, 1929 жылы қазақ әліпбиі латын гра­фи­касына көшіріліп, ол 1940 жылға дейін қолданыста болды. Одан соң кирил әліп­б­иіне көшкен қазақ тілі осы әліпбимен 80 жылға жуық тыныстады. Енді осыдан екі жыл бұрын мемлекет тарапынан қа­был­данған жарлық бойынша латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі қолданылатын болады. Шын мәнінде, бұрын әліпби өзгер­туге саяси сипат берілмейтін. Ал бүгінгі жағ­­дайда ол елдің саяси-экономикалық да­муы­на игі әсерін тигізетіні мәлім болып отыр. Әлемде жинақталған білім қоры, негізінен, латын графикасында жасалған. Оның үстінде Кеңестік кезең­дегі орыс­тан­дыру саясатының кесірі қа­зақ тіліне орасан зор зиянын тигізді. Орыс тіліндегі сөздерді дұрыс жазып, айту үшін тілімізге сол тілден енген басы артық дыбыс­тар­дың әлі күнге де­йін түспей келе жатқаны да тілдік экс­пан­сия екені белгілі. Латын­не­гізді жаңа қазақ әліпбиінде осы жағ­дайлар ес­керілген. Қазіргі әліпбиде 32 таңба бар. Бірақ дыбыстардың саны мен таңбалану әлі де жетілдірілу үстінде. Жаңа әліпбиді жасап, қабылдап қой­ғанмен өз-өзінен қолданысқа еніп ке­те бермейтіні түсінікті. Бұл жағынан алғанда, «Til-qazyna» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының ақпараттық технологиялық бөлімі жаңа әліпбидің халыққа түсінікті болып, сіңісіп кетуі үшін тер төгіп жатыр. Олар жасаған жаңа әліпбиге қатысты түрлі қосымшалар qazlatyn.kz сайтына орналастырылған. Онда жаңа әліпбидегі таңбаларды көріп, дыбысталуын ести аласыз. Сонымен бірге кирилл әліпбиіндегі мәтіндерді жаңа ла­тын графикасындағы мәтінге аударып бе­ретін конвертерді пайдалана аласыз. Сондай-ақ қазақ тіліндегі сайттардың бүкіл мәтінін және google.com секілді іздеу сайттарын жаңа әліпбимен оқуға мүмкіндік беретін плагиндер жасап шығарған. Оның бәрін интернеттен тегін көшіріп алып, пай­да­лана беруге болады. Ал сөздердің ма­ғы­насы, дұрыс жазылуы, құжаттар мен терминге, т.б. қатысты білгісі келгендер qazlatyn.kz сайтының ішінде тұрған sozdikqor.kz, atau.kz,       qujat.kz, termincom.kz, emle.kz сайт­та­ры­нан білуіне болады. Жаңа әліпбиге қатысты қазақ тілінде сапалы контент (ақпарат, құжаттар, мағ­лұ­мат, информация, аудио және бейне файлдар) қалыптастыру ісі. Ол, әрине, көп уақыт пен еңбектенуді қажет ететін нәрсе. Дегенмен контент жасалмаса, тілде даму болмайды. Өйткені қайсы тіл болса да сапалы контент мол болып, іздеген нәрсеңді таба алсаң ғана тілді пайдала­на­сың. Сондықтан контент жа­сау ісіне аса сауаттылық пен ыжда­һат­тылық керек. Өйт­пеген күнде жасалған нәрсенің сапа­сыз­дығының кесірі тілдің қолданылуына кесірін тигізеді. Осындай кемшіліктің алдын алу үшін не істеу керек? Қазақ тілінің Ұлттық корпусы жасалуы қажет! Корпус дегеніміз – мәтіндерді элек­трон­ды түрде жинауға негізделген ақпа­рат­тық-анықтамалық жүйе болып саналады. Егер қазақ тілінің ұлттық кор­пу­сы жасалса, кез келген адам қазақ тілін­дегі кез келген сөз туралы жан-жақты мәлі­мет (сөздің түбірі, тура және ауыс­па­лы мағынасы, тұлғасы, оған жалғанатын қо­сымшалардың түрлері, т.б. деректер) ала алады. Әлемде қазір, ретімен айтсақ, ағыл­шын тілінің (қолданысқа бейім­дел­ген 2 млрд сөзді қамтиды), жапон тілінің, фин тілінің, орыс тілінің ұлттық кор­пус­тары жасалған. Демек, ол тілдегі кез кел­ген сөз туралы толық мәлімет алуға мүм­кін­дік бар деген сөз. Өйткені, Ұлттық тіл кор­пусы – тіл мамандары тарапынан ға­сырлар бойы жасалған сөздіктер мен грамматикалардың мүмкіндігінен де жо­ғары тұратын анықтама. Шынына кел­генде, қазақ тілі жайындағы айтыс-тар­тыс­тың толастамай келе жатқанының, яғни, термин жасау, сөздерді айту мен жазудағы түрлі келіспеушіліктің туындай беруі қазақ тілінің ұлттық корпусының жоқтығының салдары. Қазақ тіліндегі сөздердің жазылуында қандай принциптер бар? Расында, сөз­дер­дің арасын ашып жазу, тыныс белгілерін тиіс­ті орнынан қоюдың үлкен маңызы бар. Егер сөздердің бәрі қосылып жазылса, онда бүкіл мәтінді тоқтамай оқуға тура келер еді, сондай-ақ оның ішіндегі атау сөздер мен басқа сөздердің айырмасы болмай, сол сияқты сөздерді жазудан оқып отырып, оның қандай мәнде қол­да­нылып, қандай көңіл-күйде айтыл­ға­нын білу мүмкін болмас еді. Міне, осы қа­жет­тіліктер сөздерді бір-бірінен айыр­ып жазуға алып келген. Бірақ тілдегі қол­да­нысы мен ма­ғы­насына қарай сөздер бөлек те, қосылып та, аралары дефиспен біріктіріліп, сызық­ша­мен, үтірмен айры­лып жазылады. Мұ­ның бәрі жаңа латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшпес бұрын бір ретке келтіріп алатын нәрсе. Және ол БАҚ-тарда, баспа сала­сында бір­ың­ғай қолданылуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін сауатты қолдану мен дамытуға жол ашылады. Міне, осы жайлардың бәрі семинарда сөз болып, көптеген таласты мәселеге ай­на­лып жүрген жайларға түсініктеме бе­рілді. Баяндамашылар семинарға қа­тыс­қан БАҚ және баспа өкілдерінің сұрақ­та­рына жауап бере отырып, қандай мәселе бол­са да, тіл ғылымымен түбегейлі ай­на­лысып ғалымдардың пікірімен са­на­суға, солардың ғылыми еңбектерінен үйренуге шақырды. Шын мәнінде, қазақ тіл білімі саласы бүгінде әбден жетілген ғылым. Бір ға­сыр­дан аса уақыт жүздеген ғалымдар қазақ тілін сала-салаға бөліп, жан-жақты зерт­теп, тиянақты тұжырымдар жасаған. Тілі­міз жаңа графикаға көшу барысында жо­ғарыдағы айтылған тіл білімінің жетіс­тіктерін игере алсақ, қазақ тілі дамудың жаңа сатысына көтеріліп, ұлтымыз сауат­ты, білімді ұлтқа айналмақ.